11.03.2021, 15:42
Қараулар: 94
Ахмет мұрасы зерттелуде

Ахмет мұрасы зерттелуде

  “ХХІ ғасыр — білім мен біліктің дәуірі” деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында айтып өткендей, бүгінгі таңда сапалы білім -ең басты қару болып табылады. Жастардың білім алып, өз ісінің майталманы атанып, білікті маман болып шығуына ықпал ететін,әрине, бұл жоғары оқу орындары болып табылады.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті -еліміздің ең үздік жоғары оқу орны қатарында, жетекші университет болып табылады. ҚазҰУ QS “World University Rankings” халықаралық рейтингісінде топ-165 қатарына кірген. Ескере кететін жайт, ҚазҰУ Орталық Азия университеттерінің ішінде жалғыз болып бұл қатарға енген. ҚазҰУ әлемдегі үздік 200 экологиялық және ең озық технологиялық университеттердің үздік 50 тобына кіреді. Бүгінгі таңда университет 180-нен астам мамандық даярлайды, ҚазҰУ әлемдегі 400-ден аса ірі халықаралық ЖОО-мен әріптестік байланыс орнатқан. Сонымен қатар,мемлекеттік оқу гранттары бойынша көшбасшы болып келеді.

Бүгінгі таңда мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінде білім алудамын. Біздің факультетімізде алты кафедра бар және факультет студенттерге сапалы білім беріп, ғылыми зерттеу және өндірістік тәжірибе аясында үш бағытты негізге алып келеді. Филология факультетінде қазақ тіл білімі саласында елеулі еңбек етіп, ғылыми зерттеу жұмыстарымен танылған ғалым-ұстаздар өте көп. Солардың қатарында өзім дәріс алған Рақыш Әмір, Берікбай Сағындықұлы,Гүлдархан Смағұлова, Анар Салқынбай, Дина Әлкебаева есімдерін атап өтпеске болмас.

Әлемді шарпыған пандемия біздің елімізді де айналып өтпегені бәрімізге мәлім. Сол себепті 4-курс студенттері толықтай өтетін мемлекеттік тәжірибе онлайн форматқа ауысты. Бұл орайда біздің факультетіміз «Ахмет Байтұрсынов «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығымен” келісімшартқа отырып, бізге үлкен мүмкіншілік жасады. Өндірістік тәжірибе студенттерге жаңа тыныс бергендей. Себебі, оқудан бөлек біздер зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа тың мәліметтермен жұмыс жасаудамыз. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының поэзиялық шығармаларын, прозалық туындыларын мерзімді басылым беттерінен жинастырып, түрлі конференция материалдарын қарастырып, бұрын-соңды кездестірмеген жаңа мәліметтерді топтастырып жатырмыз. Бұл тапсырмаларды орындау арқылы біз өзімізге керемет тәжірибе алдық. Ғылыми зерттеу жұмыстарын өткізу барысында факультетімізден бөлінген Имаханбет Райхан, Шортанбаев Шоқан, Есентаева Айжан, Мекебаева Ләйлә сынды аға-оқытушыларымыз бізге түрлі көмек беріп, бағыт-бағдар көрсетіп тұрады.

Ахмет Байтұрсынұлының артынан қалдырған мол мұрасы кейінгі ұрпақ есінде болары хақ. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым бұл салада қажырлы еңбек етіп, көлемді еңбектерін жарыққа шығарды. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны жөнінде көптеген еңбектер жазылды. Мысалы, Райхан Имаханбеттің “Ғасыр саңлағы:Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны” және Амантай Ахметовтың “Рух әміршісі” секілді кітаптарды атап өтуімізге болады. Болашақта да Ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығы жайлы жаңа деректер табылып,көпшілік назарына ұсыныларына сенемін.

Индира МАСАБАЕВА

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

филология және әлем тілдері

 факультетінің  4-курс студенті

Райхан ИМАХАНБЕТ

ф.ғ.к., аға оқытушы