14.06.2021, 17:40
Қараулар: 26
Белогор негізгі орта білім беретін мектебіне 40 жыл

Белогор негізгі орта білім беретін мектебіне 40 жыл

Биыл 2021 жылы Белогор негізгі орта білім беретін мектебінің 40-шы соңғы қоңырауы соғылып отыр. 40 жыл бойы оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәрбие мекені болып келе жатқан білім ордасының бұрынғы түлектері мектебінің айтулы күніне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында құттықтап, арнайы сыйларын табыстады.

Түлектердің есінде мәңгі сақталатын естен кетпес ерекше шаралардың бірі – соңғы қоңырау. Биылғы соңғы қоңырау шарасы ерекше өткізілді. Себебі, айтулы дата аясында мектеп түлектердің видео-құттықтаулары көрсетілді, сыйлар берілді.

Игі істердің бастамасы ретінде Белогор негізгі орта білім беретін мектебінің 10 жылдық түлектері мектепке музыкалық аппаратура сыйға тартты. 30 жылдық түлектер де мектебінің мерейлі күнімен құттықтай отыра,  шөп шабатын шөп шапқыш сыйлады.

40 жыл бойы қоңырауы сыңғырлап, оқушыларды біліммен нәрлендірген орда түлектерінің саны лайым өсе бергей. Белогор негізгі орта білім беретін мектебінің директоры Боранбаев Азамат: «Мектебіміздің мерекесіне орай келіп жатқан құттықтауларға алғысымыз шексіз! Әр түрлі салада жүрсе де, туған жеріне, мектебіне аз да болсын пайдам тисін деген ниетпен келіп жатқан түлектерге ұжым атынан, ауыл тұрғындары атынан ризашылығымыз мол. Осындай игі істер жалғасын тауып жатса өте қуаныштымыз» деп өз ойын білдірді. Біз де өз кезегімізде мектеп ұжымына, мектеп оқушыларына сәттілік тілеп, осындай игі істер жалғасын тапсын деген тілегімізді айтамыз.

Айбарша АЙМЫРЗАҚЫЗЫ,

Шыңғырлау ауданы