9.02.2021, 10:20
Қараулар: 185
Робот дәрігердің қолын ұзартпақ

Робот дәрігердің қолын ұзартпақ

Әлемді коронавирус дерті жайлағалы бері ғылымның қай саласында болсын осы жұқпалы ауруды жан-жақты зерттеу жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Бірі жұқпалы дертке шипа іздеп, дәрі-дәрмек ойлап тапса, екіншісі вирустан қорғаныш бұйымдарын жасауда. Енді бірі осы вирусқа қарсы күнделікті тұрмыста қолдануға ыңғайластырылған жаңа жобалар ойлауда. Осындай әлемдік үрдістен шыңғырлаулық оқушылар да тыс қалмай, жаңа жобаларды ойлап табу арқылы ауруды ауыздықтауға өз үлестерін қоспақ.

Атап айтқанда, Л.Қылышев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің  8 сынып оқушысы Рамазан Айсиев әлемдегі пандемия жағдайын ескере отырып, медицина мамандарына көмек көрсету мақсатында адамның өкпе өзгерісін, дене қызуы, қан қысымын өлшеп және бөлмені кварц арқылы залалсыздандыратын жаңа робот ойлап тауыпты. Роботтың салмағы небәрі 1 келі, ал көлемі 40*50 шаршы сантиметр шағын қондырғыға EV3 роботы орнатылған.  «MEDICAL BOX» деп аталатын робот онлаин өткен облыстық байқауда жүлделі бірінші орынға ие болыпты.

— «MEDICAL BOX» — біздің тілімізге аударғанда «медициналық қорап» деген мағынаны білдіреді. Роботтың басты мақсаты адамға қауіп төндіретін вирусты аймақта қызмет ету. Яғни, автоматты түрде адамның дене қызуын өлшей отырып, өкпе өзгерісін анықтап және қан қысымын өлшей алады. Өкпе зақымын тікелей графика арқылы есептейді Сонымен қатар, робот бетперде мен антисептик құралдарын автоматты түрде тарата алады. Автоматтандырылған робот өзіне күн энергиясынан қуат алады. Болашақта кез келген мекеме бұл автоматты роботтандырылған құрылғымен қамтамасыз етілсе деймін. Сондықтан бұл жобамды әлі де жетілдіремін, — дейді Рамазан. Жас өнерпаздың ендігі арманы алдағы уақытта «MEDICAL BOX» жобасы медицина саласында кеңінен қолдау тауып, барша адамзатқа пайдасы тисе дейді.

Осы жобаның басы-қасында жүрген робототехника үйірмесінің жетекшісі Марат Жұмағалиев оқушылардың дайындағын робототехника саласындағы жобалары облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болғанын жеткізді.

«Айта кетсек, бұл оқушылардың медициналық бағытта жасаған алғашқы жобалары емес. Осының алдында  «AzimoMed» роботын құрастырдық. Аталмыш робот сенсор арқылы қан қысымы мен дене қызуын өлшеп, нәтижесіне сай дәрі ұсынады. Сонымен қатар, туған өлкемізге қажет болар деген мақсатта «Fish lave» роботы жасалды. Бұл робот арқылы өткен жылы қыс мезгілінде Қонақай көліндегі балықтарға ауа мен қорек жіберілді.  Келесі бірі аудандық саябақтың ішін келген қонақтарға таныстыру мақсатында жасақталған «Ротогид» роботы. Ал күрделі жобаларымыздың бірі физика және робототехника үйірмелерімен бірлесіп жасақталған жанармайсыз әрі өте жылдам жүретін «Вакуум пойызы». Бұл біздің бастамамыз ғана. Алдымызға қойған мақсатымыз бен жоспарларымыз көп. Кей оқушылар өздерінің болашағын да осы робототехника саласымен байланыстыруды жоспарлап отыр, — дейді үйірме жетекшісі Марат Жалғасбайұлы.

Иә, бос уақытын осындай ізденіске жұмсаған оқушылардың бастамасы көпке үлгі. Сырт көзге оңай көрінетін робот жасақтауда аса қажетті физика, математика, химия секілді пәндерді игеріп, оны іс жүзінде қолдана білу, мыңдаған ұсақ тетіктерді құрастыруда аса төзімділікті талап ететін өнер кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан жас өнертапқыштарға жаңа идея мен шабыт тілейміз.

Аман ІЗМҰХАН,

Шыңғырлау ауданы