9.08.2021, 14:54
Қараулар: 97
Шәкірттері үмітін ақтауда

Шәкірттері үмітін ақтауда

Бүгінгі таңдағы маңызды мамандықтың бірі-құрылысшы. Қоғамның айнымас бөлшегі де, экономиканың негізгі тірегі де осы кәсіп иелері.  Қолы шебер жандардың қоғамға қосар үлесі көп. Өйткені кез келген экономиканың іргетасын осы құрылысшылардың алтын қолынан шыққан нысандар құрайды. Ал, осы салаға тәрбиелейтін білім ошақтары елімізде жетерлік.

Әр баланың есейе келе қолын жеткізгісі келетін арманы болады. Соған үйреніп, оқып, өмірден өз орнымды тапсам дегендерді баулып келе жатқан оқу орнының бірі-Шыңғырлау колледжі. Бұл білім ошағы көптеген мамандықтармен бірге құрылысшылар мен сылақшыларды да даярлайды. Ыждағатттылықты талап ететін, жоғары кәсібилік және шығармашылық ізденіске жетелейтін бұл мамандық түрін меңгеріп, бүгінде қолы алтын, құрыш білекті құрылысшы атанған жандар қаншама. Қазіргі таңда колледж қабырғасындағы тас қалаушы және сылақшы мамандығына баулып келе жатқан білікті маманның бірі- Орынғали Асқаров. 2016 жылы  Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «Кәсіптік оқыту» мамандығының  «Құрылыс» саласы бойынша аяқтаған ол еңбек жолын Шыңғырлау колледжінде бастап, тас қалаушы тобына өндірістік оқыту шебері болып бекітілген еді.

Бүгінгі қоғамда құрылысшы еңбегінің зор екендігін, кәсіби шеберлік мен терең білім бірінші орында тұру керектігін терең ұғындыруды өзіне берілген студенттер тобымен жұмыс бастаған алғашқы күннен басты мақсат етіп қоя білді. Теориялық алған біліміңді іс жүзінде көрсете білу, бұл саланың да өзіне тән қыр-сырын жетік меңгеру, кей кезде шапшаңдық, кей сәтте салмақты тұжырымды талап ететін мамандықтың өзіне тән болмысын ашуға тырысты. Орынғали Қажмұратұлы 2016-2020 оқу жылдары аралығында алғашқы құрылыс саласына керекті тас қалаушы мамандығы бойынша  15  студент және сылақшы мамандығы бойынша  25 студент даярлап шығарды. Дуалды оқыту жүйесі бойынша студенттердің практикалық шеберлігін шыңдау мақсатында  аудандағы құрылыс саласының ұйымдарымен әріптестік байланыс орнатып, шәкірттерінің салынып жатқан нысандарда алған білімдерін бекіте түсуіне күш салды. Атап айтсақ, орталықтағы «Арман» шағын ауданы, аудан көшелерінің тротуар жолдары және тағы басқа құрылыс нысандарының салынуы колледждегі осы топ студентерінің күшімен орындалды. Тас қалаушы мамандығы бойынша жыл сайынғы өткізілетін «Worldskills Kazakhstan» чемпионатында Орынғали Асқаровтың:  Айдар Орынбай, Кәрім Алдаберген, Мирас Нұрланов, Дима Сокавых, Вадим Чеснаков сынды шәкірттері  I орын жүлдегерлері атанды. Ал, Орын Айдар — 2017 және 2018 жылғы Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық чемпионатта «Үздік маман» аталымының иегері болса, Мирас Нұрланов атты студенті 2019 жылғы Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық чемпионатта II орыннан көрініп, оқу орнының да, ұстазының да мерейін асқақтатып қайтты.

О.Асқаровтың түлектерінің басым көпшілігі бұл күнде түрлі құрылыс ұйымдарында жұмыс жасап, еліміздің өркендеуіне ат салысып жүр.

— Құрылыс-еліміздің экономикасын өркендететін басты бағыттың бірі болса, құрылысшылар сол саланы алға апарушылар. Жыл сайынғы бой көтеріп жатқан түрлі ғимараттар мен заманауи нысандар еліміздегі құрылысшылардың еңбегімен салынуда. Соңғы жылдары елімізде құрылыс қарқынды даму үстінде, соған орай осы салаға қажетті мамандық иелеріне деген сұраныс арта түсуде. Білікті мамандар жетіспеушілігінен түрлі қиындықтар туындап жатқаны да шындық. Сол себепті де, жұмыс қолына үнемі зәрулік байқалатын, әрі екі қолға бір күрек міндетті түрде табылатын кәсіп иелерін көптеп даярлау бағытын ұстану қажет деп ойлаймын. Екінші жағынан, бүгінгі таңда маңызын жоғалта бастаған қайсыбір мамандық түрлерін таңдағанша жастарымыз жұмыссыз қалмайтын салаға мойын бұрса,-дейді аз ғана уақыт ішінде зейінді шәкірттер тәрбиелеп, еңбегі жана білген жас  маман.

Заманына қарай -адамы. Қазір әркім өз дәулетіне қарай өмір сүргісі келеді. Сырты заманауи сипат алған, түрлі соңғы үрдістегі материалдармен жабдықталған сәнді нысандар мен тұрғын үйлердің қатары көбеюде. Соған сәйкес құрылысшы мамандығының беделі өсуде, сұраныс та жоғары. Мұның бәрі жастардың осы салаға деген қызығушылығын оятып, болашақта мәртебелі мамандық иелері ретінде танылуларына септігін тигізері анық. Біз де шыңғырлаулық жастардың болашақта шебер құрылысшы атанып, мақтаныш етер күндер алыс емес деп ойлаймыз.

Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ,

Шыңғырлау ауданы