8.07.2021, 9:03
Қараулар: 22
Бағаға тұсау бар ма?

Бағаға тұсау бар ма?

Бүгінде баспасөз құралдарының қандай түрін пайдалансақ та ең алдымен елдегі эпидемилогиялық жағдай, корновирустың бәсеңдеу және өршу көрсеткіштерімен үнемі құлағдар болып отырамыз. Оған қоса азық-түлік бағасы айтылатын жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды қалт жібермеуге тырысамыз. Азық-түлік туралы хабарламалар кейде еліміздің басты жаңалықтарына айналып шыға келеді. Демек адамзаттың өмір сүрудегі ең басты қажеттілігінің бірі азық-түлік мәселесі бүгінгі таңда өзекті болып саналады.

Үлкенді-кішілі сауда нүктелерімен сауда орындарының барлығында нан өнімдері, шағу майы, ет, жұмыртқа, сүт, жармалар жеткілікті. Кезекке тұру немесе тауар дефициті деген бізде жоқ. Ассортименті де тым тәуір, сан-алуан. Әйтсе де  соңғы уақыттарда тағам түрлерінің бағалары айлап емес, апта сайын өзгеретінін байқадық.

Иә, жасыратыны жоқ, сауда-саттықта тұрақты баға болмайды. Ол — заңдылық, экономикалық өсу мен құлдырау шегі де бағаға тікелей байланысты. Десек те, жылдар бойы аз-мұз ғана өзгерістер болып тұратын бағалардың өлшемі, соңғы екі жылда шарықтап, «айды аспанға бір-ақ шығарды» емес пе?!

Мақаланы жазар алдындағы екі аптада бірнеше сауда орындарын аралап, көрдік. Бағалар әр түрлі. Тұтынушылармен сұхбаттастық. Сауда орындарындағы ауыс-түйісті бақылайтын мамандармен, тауар сатып алушылармен де тілдестік. Түсінгеніміз: тұрғындарымыз азық-түлік бағасының, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар тағам түрлерінің қымбаттауына қамығып қарайды. Көздері үйренбей, көңілдеріне алдағы уақытта қалай болмақ дегендей кірбің де туғаны рас. Әкім-қаралармен көрісіп қалса, осы бағаны бір ретке келтіруге болмас па деген сұрақтарын алға тартады. Алдағы күнге үмітпен қараса да, қазіргі таңда елімізді және бүкіл әлемде де белең алған қымбатшылықтың тез арада жойылмас па деген күмәндерін айтады.

Енді бағаның неліктен қымбаттауын қарапайым тілмен түсіндіріп көрсек.

Мамандармен тілдесіп, әлеуметтік желілер бойынша жазылған талдауларды іріктей келе және оған қоса өз пайымдауымызды қоссақ. Білгеніміз мынадай. Көкөністер туралы айтпағанда, жемістер, күнбағыс майы, қант, қарақұмық, тауық еті мен жұмыртқа бағасы жыл басынан бері қымбаттады. Әйтсе де жергілікті тауар өндірушілердің көмегі арқасында сатылымға біршама тауар түрі түсіп, баға соншалықты көтерілмеген. Әп-сәтте өзгерген  бағаны  бақылаушы органдар уақытылы реттеп отырды. Бірақ, нарық заманының заңдылығы сондай, саудада тек арзан бағамен саттық жасаймын деп пайымдау еш мүмкін емес. Ал, шындығына келсек, азық-түлік бағасының  жоғарылауының объективті себептері бар екені де айдан анық. Нақтырақ айтсақ, жұмыртқа мен құс етінің қымбаттауына өндіруші облыстар бойынша фермалардағы құс тұмауынан тауықтардың қырылуы,  оған қоса берілетін субсидиялардың қысқаруы да басты себеп. Сондай-ақ өнім өндіруші үшін жем-шөптің, шикізаттың қымбаттауы үлкен соққы болып тигені де рас. Ал су, газ, электр жарығынсыз кәсіп еш дамымақ емес. Бұлардың да бағасы күрт көтерілді емес пе? Оның  республика бойынша бірнеше күре жолдардың ақылы түрге ауыса бастауы. Бұл дегеніміз тауар тасушыға үлкен шығын. Әр кәсіпкер үшін бензин, газдың бағасына тікелей тәуелділік туындады. Тіпті коммуналдық қызметтердің қымбаттауы да кері әсерін беріп отыр. Ал нан өнімдерінің қымбатшылығына егіс алқаптарының қысқаруы себеп.

Айта кету жөн, биылғы жылы сәбіз бен картоптың бағасы еліміздің түкпір-түкпірінде  барлық рекордты бұзды десек болады. Әрине оған құрғақшылық, ауа райының қолайсыздығы, шаруаға берілетін субсидияның жетімсіздігі, оған қоса әлемдік бағаның өсуі және көкөніс қоймаларының жетіспеушілігі тағы бар. Жоғарыда аталған себеп-салдарға тағы қоссақ, бұл картоп өнімдерін бұған дейін басқа елдерге арзан бағамен экспорттау да себеп болғандай. Өкінішке орай, әрі арзан әрі мол мөлшермен оңтүстік өңірінен келетін өнім түрі орасан зор шығынға шыққан.

Біздің елімізде шикізат өнімі болғанымен оны өңдеу механизмдері әлі дұрыс жетілмеген. Оған қоса көптеген кәсіпорындар мен зауыт, фабрика, өндіріс орындары пандемия жағдайында қатты зардап шекті. Ал шекаралардан шектеулі түрде ғана тауар өтіп, оның өзі бізге келгенше айлап жолда тұратын болды. Оның үстіне кеден салығы, жол шығыны, арадағы делдалдың ақысын қосқанда тауардың құны еселеп өсіп, қарапайым халыққа жеткенше «әкесінің құнын» сұрайтын шамаға жетті.

Енді өзіміздің ауданымыздағы жағдайға тоқталсақ, баға бағамы азды-көпті өскені байқалды. Жасыратыны жоқ, бағаның өзгерісі тұрғындарды едәуір әбіржітіп жібергені де рас. Нақты мысалдар келтірсек, ең алдымен әлеуметтік маңызы бар деген 19 азық-түліктің ішінде ең алдымен картоп пен сәбіз бағасы көтерілді. Картоп 320 теңгеден 370 теңге аралығында өсті. Ал сәбіздің құны 520-550 теңге аралығында. «Бұған дейін тіпті египеттік картоп та сатқанбыз, келісі 300 теңгеден  қойғанбыз. Ал қазір әрібір әкелінген тауарлардың бағасы әрбір әкелінген сайын құбылып келеді. Біздің тауарға қосар құнымыз тіптен төмен. Себебі халықта ақша жоқ, қалталары көтермейді. Ал біз үшін тауардың уақытымен өтіп кеткені керек қой, сондықтан үстеме бағамыз өте мардымсыз. Бізге дейін қосылған құны көп», — дейді жергілікті кәсіпкерлер. Біле отырғаныңыз жөн, «Мусин.А.» жеке кәсіпкердің  дүкенінде бұл өнім түрі 120 теңгеден, бірақ  бұл көтерме сауда бағасы. Облыс орталығынан тасымалданатын  көкөністің бағасымен келіспегендер осы жерден алып, үстіне өз құнын қосып сатқандары да бар.

Аудан халқын мазалаған сұрақтың бірі картоп бағасы болғандықтан, мәліметтерді де ұсынбақпыз. Тарқатып айтсақ, ауданымызда бақша салушылар көп болмағанымен биылғы көктемде  Шыңғырлау аумағында 90 гектар жер танабына картоп отырғызылыпты. 60 гектарға көкөніс, оның ішінде қияр қызанақ, бұрыш егілген. Ал бақша өнімдері 80 гектарды құрайды. Әрине, бұл  аз да болса көңілге демеу. Әрі алыстан емес, өз жеріңде өскен картоптың  құны да сапасы да нашар болмасы анық.

Ауданды жыл сайын кияр, картоппен қамтып отырған кәсіпкердің бірі «Гефест» шаруа қожалығының иесі Александр Рудь. «Биылғы жылы да қияр мен картопты мейлінше мол отырғыздық. Себебі жыл сайын халық өсіміне орай, сұраныс та көбейері белгілі. Әрі ауылдық жерде өскен табиғи өнімді тұтынғанға не жетсін. Жағдайыма қарай ең алдымен өз жерлестерімді картоппен қамту ойымда бар. Бағасын қазіргі таңда айту қиын. Себебі тұрақты баға енді болмайтыны белгілі ғой. Қиындығы мол жұмыс. Таңнан кешке дейінгі уақытың жұмсалады, жұмысшылардың еңбекақысын төлеу керек, әрі жанар-жағу майың бар. Сол себепті қандай өнім де бұрынғы бағамен сатылмасы анық»-дейді кәсіпкер.

Ал облыстағы қалалықтар болса қымбатшылық турасындағы мәселені өздерінше шешуде. Басшылығы халықтың сұрауы бойынша демалыс күндері ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырып, тығырықтан осылай шығып отырған жәйлері бар. Екі жексенбі қатарынан өткен жәрмеңкеде тағам, өнімнің сатылым бағалары 13-15 пайызға төмендетілген. Азық-түлік түрлері тонналап сатылған. Себебі, салық алынбайды, орындарды жалдау құны жоқ, әрі арадағы делдалсыз. Кәсіпкерлер мен жеке тұрғындар өздері келіп саудасын жүргізген. Дейтұрғанымен, бұның өзі «амалсыздың күніндей» екендігі белгілі. Бағаның өсуін әр демалыс сайын жәрмеңкемен ұстап тұру мүмкін емес. Десек те сабыр түбі сары алтын деген бар. Мүмкін алдағы күз айы молынан өнім берер, өндірістер көптеп іске қосылар. Сөйтіп, баға бастапқы бағамына келер ме, шіркін! Әйтсе де, қазақстандық нарықтың импортқа тәуелділігі айқын бола бастағандай. Сондықтан егіс алқаптарын ұлғайту, ауылдардағы АӨК үшін субсидияны ұлғайту, шикізаттармызды өңдеуді қолға алу қажеттілігі мықтап туындамақ.

Иә, мақалада мәселені обьективті түрде, әрі оқырманға қарапайым тілмен жеткізуді мақсат еттік. Сол үшін сатушы мен тұтынушы деген екі тараптың да пікірлеріне құлақ түрдік. Зерделедік. Көпшіліктің ойлары бірдейлігін білдік «Әрине, өндірістер ашу, шикізат өндіру, жеке аула шарасын кеңейту. Сонымен қатар, халықтың мардымсыз табысын молайту қажет. Сонда ғана баға неге қымбат деп қынжылар адам болмас»-дейді шыңғырлаулық тұрғын Лилия Волошина. Бұл көпшіліктің бізге берген жауабынан шыққан түйін, ал сіз не дейсіз ағайын?

А.АРЫСТАНОВА

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар