16.09.2021, 16:47
Қараулар: 22
Жолдаудың әр жолы маңызды

Жолдаудың әр жолы маңызды

Қыркүйек айының 1 күні Президентіміз Қ.Тоқаевтың кезекті Жолдауы Қазақстан халқына жол тартқаны белгілі.  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталған жыл құжатында  елімізде бүгінгі таңда өзгерістер мен нақты шешімдер қажет кезеңде ең алдымен Қазақстанды мекен еткен ұлт пен ұлыстың арасындағы тығыз қарым-қатынас, пікірлердің тоғысуы алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретіні айтылған-тұғын.

Президент Жолдауын талқыға салып, оны жұртшылыққа кеңінен жеткізу мақсатын көздеген жиын аудан әкімдігінде өтіп, оған мекеме-ұйым басшылары, аға буын өкілдері қатысты. Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жаңа Жолдау қалың бұқараны ортақ мақсатқа жұмылдырып, Президент алып қойып отырған, күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелерге көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге шақырып отырғанын тілге тиек етті. Аудан басшысы елімізде бірлік пен тұрақтылық берік орнап отырғанда шешуші сәттерде ештеңе тосқауыл бола алмайды деген пікірімен бөлісті.

Жиын барысында Шыңғырлау колледжінің директоры С.Жұмағұлов, аудандық соттың аға сот приставы Г.Болатжанова және «Марычка» украин мәдени орталығының жетекшісі Н.Алиева өз ойларымен бөліскен баяндамаларын жұртшылық назарына ұсынды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Самиев те жиналғандарға Президенттің тіл мәселесі төңірегіндегі айтқан сөздеріне байланысты пікірін ортаға салды. «Жолдауда Президент мемлекеттік тілдің конституциялық деңгейдегі мәртебесін және ұлт бірлігі үшін маңызды рөлін айта келіп, өзге тілдер мен ұлт өкілдерінің сыйлау арқылы елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға шақырғанын өте маңызды деп білемін»,- дей келе аға буын өкілдерін бар білімі мен тәжірибесін еліміз бен ауылымыздың игілігіне жұмсауға шақырды.

Жолдауды талқылаған жиын соңында оны іске асыру, халыққа кеңінен жеткізу, тиісті шаралар ұйымдастыру туралы тиісінше қарар қабылданды.

                                                                                                          Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар