15.09.2021, 11:15
Қараулар: 30
   Жолдау-стратегиялық құжат

   Жолдау-стратегиялық құжат

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев халыққа кезекті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялады. Жыл сайынғы Жолдау еліміздің өркендеп дамуымен қатар халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ықпал етері  сөзсіз. Биылғы жолдаудың ерекшелігі – ел тәуелсіздігінің  мерейлі 30 жыл толу қарсаңында жариялануы. Аталған стратегиялық құжатта еліміздегі әлеуметтік түйінді мәселелерді шешудің, экономиканы өркендету тәсілдері, ауылшаруашылық  саласын әрі қарай дамыту, денсаулық сақтау және білім-ғылым  салаларын  заманның жаңа талаптарына бейімдеу сияқты ірі мәселелерге басымдық беріп отыр. Жолдаудан туындайтын мәселелерге байланысты Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдардың алдына нақты міндеттер қойылып, тиянақты тапсырмалар берілді.

Тәуелсіздігіміздің тұғырлы тірегі, мемлекеттік саясаттың басым бағыты еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы зиялы қауымның орны ерекше екенін баса айтты. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керек.

Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Коронавирустық инфекция денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Бүгінгі таңда еліміз індетпен күресу шараларын дереу қолға алып отыр. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі де бар. Көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отырғандығы жасырын емес. Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар осындай келеңсіз іс- әрекеттерімен өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан, екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпей, саулық сақтықта екенін ескеру қажет. Біз адамзат көптеген індетті бастан өткергенін де білеміз. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек.

Елімізде саяси реформалар қарқынды жүзеге асырыла береді.

Сонымен қатар Жолдаудағы қуантарлық жаңалық – ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін көтергендігі жөнінде шешімнің қабылдануы. Аталған тапсырма 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске аспақ. Жолдауда елдің әлеуметтік–экономикалық дамуының басымдықтары айқындалды. Мемлекет басшысы «…біздің дамуымыздың шешуші кезеңі  басталды және мемлекеттік аппарат бірыңғай тетік ретінде  жұмыс істеуге міндетті. Тек осындай жағдайда ғана біз алға қойған мақсаттарымызға жетуді қамтамасыз етеміз»,-деп тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымызды атап өтті.

Дәстүрлі Жолдау алдымызға нақты міндеттер мен тапсырмалар жүктеп отыр. “Ынтымағы жарасқан елге бақ тұрар”дегендей біз бірігіп, Жолдаудан туындайтын мәселелерді назарда ұстап, шешуге кірісуіміз керек. Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде, ұйымдасқан ұтады. Біздің күш-қуатымыз татулығымыз бен берекелі бірлікте! Ендеше, бірлігімізді бекемдеп, еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етуге шақырамын.

С.БАЙТЕНОВА,

Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі