22.12.2020, 17:56
Қараулар: 443
Жылдар белесінде сыналған достық

Жылдар белесінде сыналған достық

Мына өмірдің ең бақытты шағы жаныңа жақын адал доспен өткен көңілді күндер дер едім. Себебі, қайғыңа ортақтасып, қуанышыңды бөлісетін, жаныңды ұғып, жаңылғанда жолға салатын, мұңайғанда көңіліңді табатын ары таза адал досқа не жетсін, шіркін. Мен де бүгінгі мақаламда жүрегі нәзік, көңілі кіршіксіз таза, пейілі дархан жан, бала кезден жұбымыз жазылмай қатар келе жатырған досым, бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп, бейнетінің зейнетін көргелі отырған құрбым Ұлжан Исбулаева туралы айтпақпын.
Біздің достығымыз сонау бала кезден басталды. Екеуміз ол кезде Ақбұлақ ауылының Жіңішке деп аталатын бөлімшесінде тұратынбыз. Ата-анамыз жақын араласатын. Біз де ақыл кіре келе бір үйдің балаларындай тату болып кеттік. Мектепке де қатар бардық. Егіз қозыдай бірге өсіп келе жатырған бізді мұғалімдер де бөлуге қимады білем, екеумізді 1-сыныптан бастап бір партаға отырғызды. Кейін бастауыш сыныпты Жіңішкеден аяқтап, жоғары сыныпты екеуміз Тасмола ауылынан бітірдік. Мектепте оқып жүрген кезімізде болашақта кім болатынымызды армандайтынбыз. Ұлжанның жауапкершілігі, оқуға деген ынтасы бөлек болатын. Берілген тапсырманы уақытында, зор орындайтын. Сол кездерде заң саласына қызмет етсем деп армандайтын. Ал, мен дәрігер болуды қаладым. Содан екеуміз мектепті аяқтай сала оқуға түсеміз деп Оралға бардық. Ол кезде студент болу оңай шаруа емес қой. Қаншама емтихан тапсыруың керек: ауызшасы бар, жазбашасы бар. Одан бөлек біз секілді алақандай ауылдан үлкен қалаға келіп тұрған бойжеткендерге қалада оқу бір түрлі «қорқынышты» көрінетін. Содан да болар мен Ұлжан құрбымнан мүлдем айрылғым келмеді. Ақыры өтініп жүріп көндірдім. Екеуміз де медициналық училищеге түсетін болып келістік. Қол ұстасып жүріп бірталай емтиханнан өттік. Ақырғы аяғында менің балым жетпей, оқуға түсе алмай қалдым. Ал Ұлжан өзінің зеректігінің арқасында медучилищеге түсіп кетті. 1987-93 жылдар аралығында Ақтөбе медициналық университетін аяқтап келіп, еңбек жолын аудан орталығындағы ауруханадан бастаған болатын. Құрбымның оқуға түскенін естігенде тап бір өзім оқуға түскендей риясыз көңілмен шынайы қуандым. Кейін мен мамандығымды бухгалтерлікпен байланыстырамын деп шешіп, сол саланың оқуын оқып алдым. Бірақ тағдырдың жазуымен 2009 жылы мен аудандық орталықтандырылған ауруханаға санитарлық қызметке орналасып, бала кезгі арманыма бір табан жақындағандай болдым.
Достарымызбен бас қоса қалсақ Ұлжан Кеңесқызы «Менің дәрігер болуыма себепкер болған Баян» деп үнемі айтып жүреді. Бүгінде Ұлжан бар ғұмырын абыройлы іске арнап, халық алғысын арқалаған дәрігер. Арада қанша уақыт өтсе де арамыздан қыл өтпес дос болып, өмірдің ыстық — суығын қатар көріп келеміз. Сырымыз да, мұңымыз да бір. Жастайынан өжет болып өскен құрбым жанындағыларға қамқорлық танытудан бір сәт шаршаған емес. Үйдің тұңғышы болғасын ба Ұлжан өзінен кейінгі бауырларына, қолындағы егде тартқан анасына бар махаббатын арнап, хәл-қадірі жеткенше көмектесіп отырады. Көзінің ағы мен қарасындай қадірлі жалғыз қызы бүгінде жоғары оқу орнын аяқтап, өз бетімен еңбек етіп, анасының сүйенішіне айналды. Талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, бар жан-тәнін қызметіне арнаған жан құрбым бүгінде абыройлы зейнет жасына жетіп отыр.
Өмір көшіне қол ұстасып, қатар ілескен жан құрбыма отбасың аман, қашан да бауырың бүтін болғай. Жаратқан өзіңе екі дүниенің абыройын берсін деген ақжарма тілегімді арнаймын құрбыма!
Құрбысы Баянсұлу ШАРАПОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар