13.09.2021, 17:10
Қараулар: 103
    Күзгі сенбіліктер басталды

    Күзгі сенбіліктер басталды

Табиғаттың қай мезгілінде болмасын тұрғылықты жеріміздің айнадай таза болғанына не жетсін. Әсіресе, үш ай жаз бен күздің алғашқы айларында сенбіліктер көптеп ұйымдастырылуы дұрыс та. Өйткені, бой бермей қаулап өсетін арамшөптер мен улы амброзия өсімдігі тұрғындардың денсаулығына әсер еткені өз алдына, көшенің көркін кетіріп тұратыны шындық. Қыркүйек айы басталысымен Шыңғырлау ауылдық округі бекіткен кестеге сәйкес алғашқы күзгі сенбіліктер басталып кетті. Қолдарына шапқыш, тырма, күрек ұстаған мекеме қызметкерлері А.Құнанбаев, Л.Қылышев, С.Датов, М.Қуантаев көшелерінің бойындағы арамшөптерді жұлып-шауып, сынған, кесілген ағаш бұтақтарын жинап, көңіл бірлеткен еңбек үлгісін көрсетті. Жиналған шөптер мен қоқыс қалдықтарын қоғамдық жұмысқа бекітілген арнаулы көлік тиеп әкетті.

-Жаз бойы жүргізіліп келе жтақан сенбіліктерге атсалысып келе жатқан аудандық мәдиент үйі мен мәдени демалыс орталығын, спорт мектебін, аудандық кітапхана мен барлық балабақшалар ұжымын ерекше атап өтуге болады. Олар әрқашан өздеріне бекітілген көшелерге уақытымен шығып, ауылымыздың таза да талапқа сай болуына үлестерін қосып келеді. Ал, сенбіліктерге селқос қарайтын да мекемелердің барлығын жасыруға болмайды. Бір ауылда тұрып, еңбек етіп отырған ортаңның тазалығына үлес қосу азаматтық борышымыз болып қалуы тиіс деп ойлаймын. Осы орайда көпшілікке үйінің айналасын мұнтаздай таза ұстап, көшеге түрлі гүлдер егіп, уақытымен суарып, сүйсіндірген тірлік істеп отырған Л.Қылышев көшесінің тұрғыны  Нұрлан Қуанаевты үлгі еткім келеді. Оның қолынан жазда тырмасы, қыста күрегі түспейді. Кейде тіпті өз үйінің төңірегін былай қойып, көшеде жиналып қалған суларға арық жасап, қыста қалың қарды жүргіншілерге ыңғайлы болсын деп тазартып жүргеніне де куәміз. Бәріміз де туған жерімізге осындай жанашыр көзқараспен қарайтын болсақ ауамыз таза, суымыз мөлдір боларына сөз жоқ,-дейді Шыңғырлау ауылдық округінің бас маманы Нұрлыбек Таужанов.

Күзгі сенбіліктер қара суық түскенше жалғасын таппақ. Ендеше, ортақ іске жұмылғандар қарасы көбейіп, ауылымыз көңілге кірбің түсірер көріксіз көріністерден ада боларына сенеміз.

                                                                               Г.ИБРАГИМҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар