8.07.2021, 11:39
Қараулар: 18
Шырайлы Шыңғырлауда жалғасын тапқан фестиваль

Шырайлы Шыңғырлауда жалғасын тапқан фестиваль

Ауданымызда ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай «Қазақстан КВН Одағы»  БҚО филиалының, «ҚазИИТУ» ғылыми білім кешені ұйымдастыруымен «Мен ауылдың баласы» атты КТК фестивалі өткізілді. «КТК» сайыстарын жандандыру мақсатында бастау алған жоба барлық аудандар бойынша өткізіліп келеді. Жоба ұйымдастырушылары маусым айының 26-27 жұлдыздары ат басын Шыңғырлау ауданына тіреді. Ойынға қатысушылар мен мамандар қонақтарды жылы күтіп алып, ауданның тыныс-тіршілігімен, жастарымен таныстырды. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жоба жетекшілерін қабылдап, аталмыш шара жақсы өткізіліп, болашақта да жақсы табыстарға жетуін тіледі. Аудан әкімдігінен шыққан қонақтар кейін аудандық  тарихи-өлкетану мұражайында қонақта болып, ауданымыздың тарихымен танысты.

Арнайы келген қонақтар жастармен кездесіп шеберлік курсы мен тәжірибе алмасу семинарын да өткізіп үлгерді. Кездесу барысында «Назар аудар» командасының мүшесі әрі жоба жетекшісі Самат Қабдиев, Жайдармен Республикалық жоғары және премьер лига ойындарының редакторы, автор, ардагер жайдарманшы Қасиет Кәрім, КазИИТУ білім кешенінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Закир Хамзин жобаның мақсатын түсіндіріп өтті. Қонақтардың Шыңғырлаудағы алғашқы күні спорттық орталық алаңда кешкі футбол ойынымен қорытындыланды.

Ауыл жастары арасында талантты ұл-қыздарды танытып, талабын ұштауды көздейтін іс-шараға Шыңғырлау ауданының әкімдігі және аудандық Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы қолдау көрсетті.

Сахнада әр түрлі мекеме мен еркін құрамадан жиналған 4 команда өнер көрсетті. Таласы мен тарытысы мол додаға аудан әкімінің орынбасары Азамат Тәңірбергенұлы, «ҚазИИТУ» ҒБК-нің проректоры Закир Хамзин, «Жайдарман» республикалық жоғары лига сайыстарының редакторы Қасиет Кәрім, Шыңғырлау аудандық мәслихатының депутаты Гүлім Құрманбаева, ҚазИИТУ ақпараттық орталығының директоры, режиссер Офицеров Сергей қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша аудан жастарынан құралған «Айналайын» командасы үшінші орынды иеленсе, көрермен ықыласына ерекше бөленген  еркін құрама «Чикаго» командасы екінші орынды қанжығасына байлады. Өздерінің сапалы және ұтымды  әзілдерімен Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкерлерінен құралған  «Әріптестер» командасы жүлделі бірінші орынға ие болып, шараның облыстық деңгейіне жолдама алды. Сахнадағы шеберлігімен, ойнау ерекшелігімен көзге түскен Саркенжиев Азат «Үздік ойыншы» аталымын иеленді.  Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Кеш соңында келген қонақтарға аудан әкімінің орынбасары Азамат Тәңірбергенұлы аудан әкімі атынан алғыс хат пен аудан тарихынан сыр шертетін құнды кітапты сыйға тартты.

Айбарша ЛЕКЕРОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар