8.07.2021, 15:06
Қараулар: 28
Қорымдағы қазба жұмыстары аяқталды

Қорымдағы қазба жұмыстары аяқталды

Маусым-шілде айларында өткізіліп, үш аптаға созылған Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты Ұрысай елді мекеніндегі қазба жұмыстары өз мәресіне жетті. Осыған орай аудандық тарихи-өлкетану музейінде экспедиция жетекшісі, өлкетану мұражайының археологиялық отрядының ғылыми жетекшісі Я.Лұқпанова аталмыш қазба жұмыстары жайындағы жұмыс есебі өткізілді. Жұмыс нәтижесі бойынша б.з.д. 2500 жыл өмір сүрген тайпа көсемдеріне арналған апаттық сипаттағы 3 қорым ашылды. Сонымен қатар сол заманда өмір сүрген тайпалардың тұрмыстық наным-сенімдерінен туған түрлі бұйымдар табылды. «Ал адамдарды көму рәсімдеріне байланысты жаңа пайымдар мен әдістердің қыры ашылғандығы осыған дейінгі өткізілген зерттеу жұмыстарына жаңа сипат береді деген сенімдеміз, оның үстіне бұл қазба жұмыстары нәтижесінде қазақстандық, тіпті, әлемдік сарматология ғылымына қосылатын тың деректер мен жаңалықтардың болатынына үміттеміз»,- дейді экспедиция мүшелері. Осы орайда сөз алған аудан әкімі Әлия Биғазықызы қазба жұмыстарын жүргізген экспедиция мүшелеріне алғыс айтып, осындай игі істердің жалғасуын тіледі.

Сонымен қатар, өз есебінде Яна Амангелдіқызы жасалған жұмыстар легін айқындап, жоспарланған және атқарылған жұмыс есебімен бөлісті. Экспедиция жетекшісі өз баяндамасында табылған құнды жәдігерлердің қай ғасырға тиесілі екендіктерін және құндылығын атап өтті. «Әр жәдігер, әр сүйек арнайы мамандар мен антропологтардың қарауынан өткізілуі тиіс. Содан кейін ғана нақты әрі анық ақпарат бере аламыз» дейді.

Қазба жұмыстарына қатысқан жұмысшылар, суретшілер мен мамандар жұмыстың қызу әрі қызықты өткенін және көңілдерінен шыққанын жеткізді.

Аталмыш археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, нәтижелі жүруіне өз үлесін қосқан Шыңғырлау ауданының әкімі Ә.Мұханбетжановаға, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Ерсаевқа, музейдің тарих және археология орталығының бөлім меңгерушісі Т.Жүсіпқалиевке, аға ғылыми қызметкер Я.Лұқпановаға, Шыңғырлау аудандық мәслихатының депутаты А.Талдыбаевқа ел тарихын дәріптеуге қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз.

Айбарша ЛЕКЕРОВА