25.09.2021, 10:01
Қараулар: 46
         Әкелер  абыройын  асқақтатты  

         Әкелер  абыройын  асқақтатты  

Жақында «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестінің  жұмыс жоспарына сәйкес «Абыройы асқақ әкелер» аудандық форумы оздырылды. Форумның  мақсаты -аудан көлеміндегі еселі еңбектерімен елініп жүрген және тату, өнегелі отбасындағы  әкелердің ролін айшықтай отырып, өскелең ұрпаққа үлгі ету, насихаттау болатын. Әр салада еңбек етуші ер-азаматтардың, әкелер жолын қуған, үш буын өкілдері және қызметін баласы жалғастырған әулеттербас қосқан шарада еңбек жолындағы толағай табыстар мен жетістіктер,  аудан мерейін көтерген өнеріне ел тәнті отбасылары да марапатқа ие болды.

Карантин жағдайына байланысты ықшамдалған форматтағы форумның ашылу салтанаты «Менің әкем» әнімен басталып, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова құттықтау сөз сөйлейді.

Әкелердің қоғамдағы рөлі туралы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мұрат Бекжанов, аудандық аналар кеңесінің мүшесі, зейнеткер-ұстаз Қалима Еслямованың «Отбасының беріктігі-мейірім мен сыйластықта» тақырыбында баяндамасы тыңдалды. Форум мінберінде отбасындағы мәселелер, оның алдын алу және ерлі-зайыптылардың құқықтары туралы полиция бөлімінің әйелдер істері және жасөспірімдер жөніндегі инспекторы Мейрамгүл Османғалиеваның «Қиын отбасларымен атқарған шаралары туралы» ақпараты ортаға салынды.

Аталған шарада әкелер форумына арнайы жолданған бейне-құттықтаулар да тамашаланды. Атап айтсақ, «Самұрық — Қазына» Ұлттық компаниясының президенті Мұхтар Манкеевтың және Орал қаласынан  «Әжелер сәлемі» фольклорлық ансамбль өнерпаздарының ыстық сәлемдері көңіл тербетті.Бейнебаяндарда өнегелі, еңбегімен еленген ер-азаматтардың отбасы, қызметтегі және күнделікті өмірлерінен үзінділер алынып, ұрпақ тәрбиесі мен ата -баба кәсібін мирас етуші жерлестеріміздің өмір жолдары, жанұя жарастықтары  жұртшылыққа паш етілді.

Ауданымыздың дамуына өз еңбектерімен үлес қосқан, ұрпақ тәрбиесін қатар алып жүрген,үлгілі үздік жанұялар, өнер, білім және спорт саласында балаларын баулыған ер-азаматтары қашанда қоғамда қолдау тауып, мәртебелері биік болмақ. Ән мен жырмен көмкерілген форум жұмысы мараппаттау сәтімен жалғасып, аудан әкімі Әлия  Биғазықызы  жылдар бойы ауданымыздың дамуына үлес қосып келе жатқан бірнеше отбасына  «Өнегелі отбасы» және «Өнегелі әке» аталымын салтанатпен табыс етті. Сахна төріне ең алдымен ауыл шаруашылық саласына еңбегі сіңген, егін және мал шаруашылығында үлкен жетістіктерге жетіп, ауданымыз бен облыстық экономикаға зор үлес қосушы Тасмағамбетовтар, құқық қорғау саласының майталмандары, сүйікті мамандығын әкеден балаға мирас еткен үш буын өкілдері  Гайнутдиновтар, жылдар бойы дала төсінде егін салып, астық жинап, қажырлы еңбегімен ерлеген механизатор,диқаншы үш буын өкілдері Төлеуішовтер, жүрек қалаумен таңдаған мамандықтары-темір жол саласында үздік еңбек еткен,бұл сала қызметін әкеден балаға мирас қылған Кужиевтер«Өнегелі отбасы» аталымына ие болды.

Еңбек жолын ішкі істер қызметімен байланыстырған әке жолын қуып, осы қызметтің қыр-сырына қаныққан, табысты еңбек еткен Есқалиевтер және он саусағынан өнері тамған, сүйікті ісін ұлттық қолөнерден тапқан әкелі-балалы Кенжетаевтар, Алмаз ауылдық округінде өз балалармен қоса патронат сәбилерді өсіп өндірген Кенжебаевтар  «Өнегелі әке» аталымы және аудан әкімінің алғыс хатын алды. Аудан әкімінің қолынан «Өнегелі әке» аталымын алған зейнеткер, Мұхтардай ұл өсірген әке-Наурызбай Манкеев: «Қалада тұрсам да ауылды аңсап, әрбір жетістіктеріне, жаңалығына  қанық болып отырамын. Ұлым Мұхтардың Шыңғырлауда әкелер форумы өтпек,  онлайн қатыспақпын деген сөзінен кейін, арнайы жолға шығып, әкелерді ұлықтаған форумды көруді және қатысуды ойладым. Жүзі жарқын жерлестерімді, өзім еңбек етіп, талай жүріп өткен жолдарды тағы бір еске алдым. Ауданның көркейген келбетіне риза болдым. Әрі осындай тағылымы мол, маңыздылығы зор, әке абыройын асқақтататын форумға келіп, жүрегім қуанды. Ауданымызда осындай мақтауға тұрарлық, елім, жерім деген еңбекқор ер-азаматтар көп болсын дегім келеді. Әсіресе үш буыннан құралған  әулеттің бір салада қызмет ету, ауданға еңбек сіңіруі өте қадірлі іс деп санаймын. Әке жолын қуған ұлдарымыз, немерелеріміз көп болсын!»,-дейді.

Форумға қатысушылар шара соңында алған әсерлерімен  бөлісіп, естелікке суретке түсті. Әке абыройы биік болса, отбасы берік, балалар бақытты болмақ,-дейді  бұл күнгі шараға қатысушы отбасылар.

 А.МУСА

 

 

 

 

 

 

1