25.11.2020, 14:54
Қараулар: 237
Жырлары жылдарға азық

Жырлары жылдарға азық

Биыл қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толды. «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» … исі қазақтың афоризміне, ұлттың ұранына айналған сөз тіркесі. Қазақтың болмысын, мінезін, бәрін өлеңмен өрген ақын, ұлт жанашыры, қайраткер Жұбан Молдағалиев пен нағыз қазақ есімі егіз іспетті.

 Жұбан Молдағалиев – қазақтың жыр дүлділінің бірі, қазақ поэзиясында өз дауысы, өз мәнері, өлеңдегі өз бағыты қалған ірі дарын. «Мен – қазақпын. Өз хал­қым­ды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қым­бат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат» деп өткен қазақтың  ақыны, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығына орай ақын шығармашылығын насихаттауға бағытталған шаралар жыл бойы жалғасуда.

Осы орайда кітапханамыздың оқырмандар залында «Қазақтың қайсар Жұбаны» атты   тұрақты кітап көрмесі жыл бойы  кітапхана пайдаланушыларға насихатталса,  әлеуметтік желідегі кітапханамыздың пайдаланушылары назарына тамыз айында «Жұбан жыры жадымызда» атты виртуалды кітап көрмесі ұсынылды.

Маусым айында ақынның шығармаларын кеңінен өз оқырмандарымыз арасында насихаттау барысында «Жайықтың жыр  алыбы» поэтикалық марафоны ұйымдастырылса, Жұбанның жыр жақұты» атты онлайн  поэтикалық марафон тамыз айында кітапханамыздың  кітапхана оқырмандары арасында ұйымдастырылып, кітапханамыздың «Фейсбук», «Инстаграмм» әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланды.

Ақын шығармашылығына арналған «Қазақтың қайсар Жұбаны» атты кітап көрмесіне шолуымен   оқырмандар аудандық саз мектебі алаңында  танысты.

Қыркүйек айында кітапханамыздың тұрақты оқырманы А.Лекерова халықаралық ХХ «Жұбан оқулары» онлайн байқауына  қатысты.

Аудандық  Шыңғырлау ОКЖ  кітапханашылары арасында өткізілген «Жыры-інжу, рухы биік Жұбан ақын» атты  библиомарафонға кітапханашы   Г.Айжарықова  қатысып, ақынның «Күз» өлеңін жатқа мәнерлеп оқыды.

Ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекттік сыйлықтың иегері Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойына орай БҚО мәдениет басқармасының қолдауымен БҚО зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Мен қазақпын» онлайн байқауы ұйымдастырылған болатын. Байқауға еліміздің түпкір түкпірінен көптеген үміткерлер қатысты.

Солардың арасынан Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасының оқырманы Бибінұр Ғұмарова ақынның «Ар-ұят туралы»  өлеңін оқып, жүзден жүйрік атанып, жүлделі І-орынға ие болды.

Жеңімпаз жүлдесін байқау ұйымдастырушылары атынан аудандық орталық кітапхананың мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс бойынша кітапханашысы Жанаргүл  Молдағалиеваға табыс етті.   Кітапханамыздағы 2020 жылы Жұбан Молдағалиевтың шығармашылығына арналған шаралар  осындай жетістіктермен қорытындыланды.

«Жұбан мұрасы – келешекте де жұртшылық кәдесіне аса беретін аса құнды мұра. Ол жылдар озған сайын бүкіл бітім-болмысымен, мәнімен де, нәрімен де жарқырай түсетін асыл қазына», — деп жерлес ақын Сағынғали  Сейітов айтқандай,  Жұбанның асыл қазынасы ұрпақтан ұрпаққа жете бермек.

Б.ХАМИТОВА,

аудандық орталық кітапхананың ОҚКБ жетекшісі