19.02.2021, 18:33
Қараулар: 78
«Инста келін-2021» байқауы өтті

«Инста келін-2021» байқауы өтті

Аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен  «Инста келін-2021» онлаин  байқауы өтті.    Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында халқымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттау мақсатында өткен бұл сайысқа Шыңғырлау өңіріне қарасты ауылдық округтерден және аудан орталығынан барлығы 9 жас келін қатысып,  өз өнерлерін ортаға салды. 

Қатысушылар «Таныстыру», «Келіннің бір күндік өмірі», «Отбасылық дәстүрлі тағам», «Өз өнері»  бойынша  төрт кезеңнен тұратын  сайыста өздерінің қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ізеттілік, ісмерлік пен тапқырлықтарын ортаға салып, қазақтың салт-дәстүрінен көрініс көрсетіп, ұлттық тағам түрлерін дайындады.

Шараға аудандық мәдениет үйінің директоры Г.Жұмағазиева, мәдениет үйінің әдіскері Қ.Жұбаниязова, «Елім-ай»  халықтық әжелер  ансамблінің мүшесі Қалима Ислямова қазылық етіп, сайысқа  қатысушылардың жасаған видеороликтің мазмұнына, идеясына және жиналған пікірлердің санына қарап жеңімпаздарды анықтады.

 Байқау нәтижесінде Алмаз ауылынан келген Гүлжайна Айтақ бәрінен басым түсіп бас жүлдені қанжығасына байлады, І орынға Қарағаш ауылынан Айдана Меңдібаева,  Шыңғырлау ауданынан Гүлім Болатжанова мен Аякөз Сейілханова лайық деп танылды, ІІ орынды Шыңғырлау ауданынан Әйгерім Дәулетова, Әйгерім Құмарова, Амангелді ауылынан Әсемгүл Разакова  иеленсе, ІІІ орынды Ақбұлақ ауылынан Мөлдір Бекенова, Ақшат ауылынан Әсем Оразова қанағат тұтты.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар табысталып, бағалы сый-сияпат ұсынылды.

«Қазақ әуелден «келіні жақсының керегесі алтын» деп босағадан аттаған жас жанның тәрбиесі мен көрген түйгеніне мән берген. Бүгінгі байқауға қатысқан қазақтың келіндері үлкенге де, кішіге де үлгі боларлық ибалылығымен, инабаттылығымен, ұлттық дәстүрді берік ұстануымен көптің  көңілінен шыға білді деп ойлаймын», -дейді аудандық мәдени-демалыс орталығы директорының орынбасары Айбек Абаков.

«Қызым-келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» демекші ұрпақ жалғастығына  берері мол осындай шаралар жалғасын таба берсін демекпіз.

Б.Баймағамбетова,

Шыңғырлау ауданы