21.05.2021, 16:28
Қараулар: 58
Мәдени құндылықтарды дәріптеуде

Мәдени құндылықтарды дәріптеуде

Тұғыш Президент Жарлығына сәйкес 2013 жылы 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні болып белгіленгенді. Бұл күн халқымыздың мәдени құндылықтарын, рухани мұрасын сақтап, дәріптеп жүрген, сонымен қатар көнеден келе жатқан фольклорымыз бен жаңа заманғы мәдениетті ұштастырып, еліміздің мәдениетіне өз үлесін қосып жүрген жандардың мейрамы. Бұл күн үнемі сахнадан көрініп жүрген талантты мамандарымыз ғана емес, сахна сыртында қызмет атқаратын мамандармен қатар, кітапханашылардың, аудандық саябақтың және т.б. мекемелердің мамандарының еңбегі еленіп, алғыс айтылатын күн.Осы орайда аудандық мәдени-демалыс орталығы «Өнер – өмір өрнегі» атты мәдениет және өнер қызметкерлері арасында мәдени шара ұйымдастырып, атап өтті.

Аталмыш күн мәдениет қызметкерлерінің арасында өткізілген эстафеталық ойындармен басталды. Шара Шыңғырлау аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткізілді. Жиналған мамандар араласып, жеребе тарту әдісі бойынша 6 командаға бөлінді. Әр команда өздеріне ат таңдап, ойындарға белсен атсалысуға тырысты. Командалар: «Қыран», «Сарқырама», «Бүркіт», «Алға», «Жалын», «Шыңғырлау жастары». Әр кезең өте қызықты әрі тартысты өтті. Атап өтер болсақ, командалар «Қызыл ту», «Арқан тартыс», «Шағын футбол» сынды түрлі кезеңдерде бақ сынасты. Спорттық шарадан соң түстен кейін қызметкерлер мәдениет үйінде арнайы дайындалған үстел басында жиналды. Сайыстың келесі кезеңі осы жерде жалғасын тапты. Командалар І кезеңде өздерінің спорттық деңгейлерін сынаса, келесі бөлімде командалық өнер көрсету бағыты бойынша бәсекеге түсті. Сайыстың екінші бөлімін бастамастан бұрын, аудан әкімінің орынбасары Азамат Тәңірбергенұлы барша қызметкерлерді мейрамдарымен құттықтап,  жылы лебізін білдірді. Командаларда өнер саласында жүрген қызметкерлерден бөлек, кітапханашылар мен мәдениет саласының қызметкерлері болғанын еске сала өтейік. Әр команда қызықты қойылымдар қойып, ерекшеленуге тырысты. Бірі командамен күй орындаса, бірі ән айтып, тағы бірі биледі. Командалар арасында замануи би билеп, көзге түскендер де бар.

Шара барысында еңбекқорлығымен және табанды қызметінің арқасында көзге түскен мәдениет және өнер қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хатымен, облыстық кәсіподақ ұйымының және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысының алғыс хаттарымен марапаталды. Сонымен қатар, жоғарыда айтылған шараларға белсене қатысып, жүлделі орын алған командалар да алғыс хаттармен марапатталды. Сайыс нәтижесі бойынша «Сарқырама» командасы «Жеңіске жігер», ал «Жалын» командасы  «Белсенді команда» аталымдарымен марапатталса, ІІІ орынды «Бүркіт» командасы иемденді. Тартысты ойын нәтижесінде қарсыластарынан кем түспеген «Алға» командасы ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал «Шыңғырлау жастары» командасы спорттық шарадағы белсенділігімен, командалық өнерімен көзге түсіп, І орынды иеленді.

Шара ұйымдастырушысы, аудандық мәдени-демалыс орталығы директорының орынбасары Айбек Абаков: «Шара өте қызықты әрі тартысты өтті. Мәдени құндылықтарымызды қастерлеп, елге дәріптеп жүрген, тағдырын талантымен ұштастырып, өнерін елге паш етіп жүрген, еңбегі көп көрінбесе де, тынбай еңбек етіп, елге адал қызмет атқарып жүрген қызметкерлерге, соынмен қатар бүгінгі шараға белсене атсалысып, ынтамен қатысқан қызметкерлерге алғысымызды білдіре отырып, шын жүректен мейраммен құттықтаймыз! Болашақта да осындай мәдени-спорттық шараларды жиі ұйымдастыратын боламыз», — деп өз ойымен бөлісті.

Айбарша АЙМЫРЗАҚЫЗЫ,

Шыңғырлау ауданы