3.12.2020, 12:07
Қараулар: 244
Туған жерге тағзым етті

Туған жерге тағзым етті

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, талантты композитор, продюссер, жерлесіміз Арман Дүйсенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты, эстрада әншісі Мұқасан Шахзадаев және Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының әншісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова ауданымызда қонақта болды.

Пандемияға байланысты үлкен аудитория жиналмаса да, көрермен кешті тікелей эфир арқылы бақылап, экранның ар жағынан өздерінің жылы лебіздерін білдіріп отырды. Бұған қарамастан кеш өте шырайлы әрі қызықты өтті. Өз кезегінде қонақтарымыз өмірдегі, өнердегі жолдары жайында сыр шертіп, жанды дауыста ән шырқады.

Залға жиналған қауым да әр әнге үн қосып, әншілермен қосылып ән шырқады. Еркін әрі ерекше атмосфера қалыптасқан кешті Жаңылсын ханым «Әбіш Кекілбаев ағамыз тек бір әнге ғана сөз жазған екен. Ол Арман Дүйсеновтың  сөзіне жазылған «Арман деген арғымақ» деген ән. Осы әнді рұқсат болса шырқап берсем» — деп әуезді, жан тебірентерлік әнді нақышына келтіре орындады. Жиналған жұрттың жүрегін елжіреткен Жаңылсын ханым кешті «Ағажан» әнімен жалғастырып, композитормен бірге ән шырқады. Әндері шырқалған Арман мырзаның қуанышы, сезімі баршамызға сезіліп тұрды. Осындай керемет нотада сөз алып, «Әкем де Шыңғырлаулық, анам да Шыңғырлаулық, мен де өзімді Шыңғырлаулықпын деп есептеймін» деп сөзін бастаған Арман Дүйсенов «алғашқы сапарды туған жерімнен бастағанды жөн көрдім» деді. Туған жерге деген ыстық сағынышын айта отырып, Шыңғырлауым деп ән шырқаған композитор туған жердің орны бөлек болатынын жеткізді. Сонымен қатар өз әндерінен попурри шырқап, ата-анасына деп арнап ән айтты. Сөз соңында өзін бағып-қаққан, тәрбиелеген әжесіне алғысын білдіріп, «жақындарыңызды бағалай біліңіздер» деп ізгі лебізін білдірді. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Азамат Тәңірбергенұлы келген қонақтарға ақ тілегін білдіріп,  аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті.

Айбарша Лекерова,

Шыңғырлау ауданы