13.10.2021, 15:40
Қараулар: 40
Қос ансамбльдің концерті

Қос ансамбльдің концерті

Өлке өнерінде өзіндік өрнегі бар, жылдар бойғы еңбегімен аудан мәдениетінің мәйегіне айналған қос ұжым Халықтық «Торыатбас әуендері» фольклорлық ансамблі мен «Елім-ай» әжелер ансамблінің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік толғауы» атты есептік концерті өтті. 1990 жылы «Елім-ай» әжелер тобы мен 2008 жылы құрылған «Торыатбас әуендері» фольклорлық ансамбльдің құрылу тарихына, жыл бойында құрамында өнер көрсеткен өнерпаздар туралы айтылып, ұжымның қалыптасуы жөнінде бейнебаян көрсетілді.

Есептік концертте қос ансамбльдің репетуарындағы әсем әндер шырқалып, көрермендерді өз өнерлерімен тәнті етті. Жалпы талай жылдай бойы әр түрлі деңгейдегі сахнада өнер көрсеткен екі ұжымның жеткен жетістіктері айтарлықтай. Халықтық «Елім-ай» әжелер ансамблінің облыстық «Қайран біздің әжелер арды ойлаған»атты байқауында ІІІ орын, Ақтөбе қаласында «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен өнер фестиваліне облыс атынан қатысып жүлделі 1 орын, Алматы қаласында ұйымдастырылған «Өнерлі елдің өресі биік» VIРеспубликалық ата-әжелер онлайн байқауының І орын иегері, ал Халықтық «Торыатбасы әуендері» фольклорлық ансамблінің «Ұлы дала сазы»  этнофольклорлық ансамблдер арасындағы аймақтық байқауда  ІІІ  дәрежелі орынға ие болып, облыстық «Ғасырлар үні» атты байқауының дипломанты атанғаны ерекше атап өтілді.

Концерт соңында аудан әкімі Ә.Мұханбетжанова әдемі көңіл күй сыйлаған өнер ұжымдарына өз тілегін білдіріп, алғыс хат табыс етті.

 

Аман ІЗМҰХАН