16.06.2021, 16:35
Қараулар: 27
Ұлттық дәстүрлеріміз дәріптелген күн

Ұлттық дәстүрлеріміз дәріптелген күн

16 маусым күні ауданымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бабалар мұрасы» атты аудандық байқау оздырылды. Шыңғырлау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткізілген шара аудан бойынша, яғни ауылдық округтер арасында өткізілді.  Еліміздің рухани-мәдени құндылықтарын сақтап, халық арасында жаңғыртуды, ұлттық құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа насихаттап, рухани бай ұрпақ қалыптастыруды мақсат еткен шарада командалар 5 кезең бойынша сайысқа түсті. Сайыс 2 бөлімнен тұрды. Алдыңғы 3 кезең онлайн түрде, видеоролик түсіру арқылы жіберілсе, қалған 2 кезең дәстүрлі форматта аудандық орталық саябақта өткізілді. І кезең командалық таныстыру сайысы болса, келесі кезең белгіленген уақытқа сиыр сауу, ал ІІІ кезең салт-дәстүрден көрініс көрсету болды.  Байқаудың келесі кезеңдері аудандық саябақта командалар арасында белгіленген уақытқа, атап айтсақ құрт жасау, қамшы өру және бауырсақ пісіру сайыстары өткізілді. Әр ауылдық округтен құрамында 5 адамы бар топ қатысты. Және ұйымдастырушы мәдениет қызметкерлері де команда құрамында өнер көрсетіп, қатысушыларға барынша қолдау көрсетті.

Әр салттың өзіндік мағынасы, құндылығы бар. Сонымен қатар әр әйел затының белгілі бір іске деген өзіне ыңғайлы жеке тәсілдері болады. Қазылар алқасы аталмыш сайыстарда шараға қатысушы арулардың сол іске деген бейімділігін, икемін байқап, дайындалған тағамдардың дәміне, түр-түсіне қарап әділ бағалауға тырысты.  Мұндай сайыстарда әділ қазы алқасы болу оңай шаруа емес. Дегенмен салт-дәстүрлерімізден хабары мол, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде алдына жан салмайтын Халықтық «Елім-ай» әжелер ансамблінің жетекшісі Талшын Тажекенова, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Қалима Еслямова, аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Сабыр Самиев және Шыңғырлау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Өмірбек Бекениязов қазылар алқасы атанып, барша қатысушыларға әділ бағаларын берді.

Шара соңында әділ қазы алқалары сөз сөйлеп, аталмыш шаралардың маңызы жөнінде айтып өтті. Қамшы өру, сиыр сауу сайыстары жөнінде, баланы бесікке бөлеу, беташар, тұсау кесу сынды салт-дәстүрлерді көрсету сайысы бойынша кем кеткен тұстарын түзеп жіберіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Барша сайыстарды бақылап, байқау нәтижесін шығарды.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген танымды әрі қызықты шараның қорытындысы бойынша Шыңғырлау округі және Шыңғырлау мәдениеті командалары белсене қатысқаны үшін арнайы дипломмен және сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі 3 орынға Ақшат, Ақбұлақ және Ардақ ауылдық округтері ие болды. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, елге үлгі етуді мақсат еткен байқауда өзгелерден суырылып шыққан Ащысай және Алмаз ауылдық округтері жүлделі 2 орынды қанжығаларына байлады. Өз кезегінде Ақтау ауылдық округінің командасы сәні мен салтанаты келіскен мерейлі шараның жеңімпаздары атанды. Жүлделі  1 орынды иеленген команданың әр сайыста көрсеткен өнерлері, видеороликтері команданы өзгелерден бір табан алға шығарды. Байқауға тыңғылықты дайындалған әр команда жеңіске әбден лайық. Ауылдық округтер келесіде бұдан да жақсы дайындықпен келеміз деп ниеттеніп отыр.

Ұлттық мұрамыз бен мәдениетімізді дәріптейтін осындай шаралар ел мерейін асқақтатып қана қоймай, болашақ ұрпақ санасында патриоттықты, туған жер мәдениетіне деген сүйіспеншілікті оятады. Шараның басы-қасында жүрген сәтте еліміздің дәстүрлеріне, ерекше салттарына деген қызығушылық оянып, бойыңды мақтаныш сезім кернейді. Сол себепті осындай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұруы – өте маңызды.

 

Айбарша ЛЕПЕС