26.02.2021, 12:05
Қараулар: 81
Өнерді өмірінің мәніне айналдырған

Өнерді өмірінің мәніне айналдырған

Ауданымызда мәдениет саласына өз үлесін қосып жүрген жандар көп. Солардың бірі отбасылық құндылықтарды насихаттау мен киелі өнерді қатар алып жүрген «Жұмағазиевтер» ансамблі. 1985 жылдан бастап Жұмағазиевтер әулеті мәртебелі «Халықтық» атағына қол жеткізеді. 35 жылдан аса халықты өздерінің әуезді әнімен тербеп келе жатқан ансамбльдің басты құндылығы – жанұя.

Жұмағазиевтер отбасы әулеттік ансамблінің тарихы Батыс Қазақстан облысы, Фурманов ауданы, Көктерек ауылында тұрған әулетбасы Жұмағазы қариядан басталады. Баласы Ғұмар және келіні Сара 10 бала тәрбиелеп өсірген. Жұмағазы қария немерелерін «Алғыркөк», «Жамалым» әндерімен әлдилеп, өнерге баулып өсірген. Ғұмар мырза да өнерді бағалаған адам болған: балаларына ән салмастан бұрын, алдымен әннің шығу тарихына тоқталып барып, орындап беретін болған. «Ондағысы бізді тек әуезді ән тындасың дегені емес, әннің мағынасын түсіне отырып, әннің тарихына үңіліп тындасың дегені шығар деп ойладық», — дейді ансамбль жетекшісі Гүлжамал Ғұмарқызы. Балаларға ән шырқап қана қоймай, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Еңлік-Кебек» жырларын, Құрманғазы, Динаның күйлерін күйтабақтан тыңдататын болған. Бала шағынан әуезді ән-жыр естіп жүрген балалардың бойындағы өнерге деген бейімділікті байқаған Ғұмар  балаларға домбыра, мандалин, балалайка, гитара, сырнай секілді аспаптардың түр-түрін әкелетін. Ансамбль мүшелері «Біздің өнерді өміріміздің мәні деп қабылдап, шыңын бағындыруға бойымыздағы икемділігімізді бағалап, жастайымыздан бізді қолдаған ата-анамыз ықпал етті десек артық болмас» — деп өз ойларымен бөлісті.

Жұмағазиевтер ансамблінің құрылғанына үстіміздегі жылы 34 жыл толмақ. Ансамбль құрамында 22 адам бар. Гүлжамал Ғұмарқызы осы ансамблдің жетекшісі, ал қызы Әселхан Мұханбетші көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарады. Ансамблге «Халықтық» атағы 2007 жылы берілген. Ансамбльдің 1987 жылдан бері жеткен жетістіктері өте көп. Атап айтсақ,  1987 жылы Бүкілодақтық, Халықаралық фестивальдің лауреаты, 2005 жылы облыстық жанұялық ансамбльдер арасындағы байқауда «Бас жүлде», І аймақтық ҚР Рәміздеріне 20 жыл және Ақтөбе қаласының құрылғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған байқауда ІІІ дәрежелі диплом тағы да басқа аудандық марапаттардан бөлек республикалық конкурстардан да дәрежелі орындар алып жүр. Сондай-ақ, «Мұрагер» балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен республикалық «Тәуелсіздік – жыр әнім» онлайн өнер байқауында үздіктер қатарынан көріне білгені үшін Жұмағазиевтер ансамблінің  жас буыны «Сарқырама» вокалдық тобының жетекшісі Әселхан Мұханбетші «Үздік жетекші» аталымына ие болды. «Халықтық», «Отбасылық» Жұмағазиевтер ансамблі осындай үлкен жетістіктермен биылғы жылды қарсылап, келер жылға үлкен мақсаттар қойып отыр.

«Келіңдер Шыңғырлауға» атты әнді естімеген шыңғырлаулық жоқ шығар, сірә. Нақышына келтіре орындалған әсем ән аудан тұрғындарының жүрегінен ерекше орын алды. Осындай әуезді әндерді концерт, жиындарда жиі орындап, халық алғысына бөленген ансамбль көбіне халық әндерін, қазақтың ұлы композиторларының әндерін шырқайды. Сонымен қатар ансамбль қорында ансамбльдің музыкалық жетекшісі Сәуле  Бисенғалиеваның  «Келіңдер Шыңғырлауға», «Айналайын Көктерек», «Жығылмасын көк туы ешқашанда Алаштың», «Белогор үміттің ізгі арманы» сынды әндер бар.

Ансамбль мүшелерінің әрбірі түрлі салаларда қызмет атқарады. Бірі мемлекеттік қызметкер болса, тағы бірі техникалық қауіпсіздік саласында. Барлығы әр түрлі салада қызмет атқарып жүрген жандар болғанымен, өздерінің отбасын құрып жан-жақта жүргенімен барлығының басын біріктіретін бір үлкен сезім, махаббат бар. Ол өнерге деген махаббат. «Жақындарым сахнада ән шырқап тұрғанда мен де болашақта осы ансамбль құрамында болсам деп армандайтынмын. Өсе келе арманым орындалып, қазіргі таңда ансамбль мүшесімін. Жанұямызбен өнерді дәріптеп, халыққа мәдени байлық сыйлап жүргенімізді мақтан тұтамын», — дейді ансамблдің жас мүшесі Алтынбек.

Өнерді сүйіп, өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған жанұя жуырда Алматы қаласында өткен  «Өнерлі елдің өресі биік» VI республикалық онлайн байқауының «ән салу» аталымы бойынша бас жүлдесін қанжығасына байлады.  Әлі де талай жылдар бойы өздерінің осындай жетістіктерімен «Халықтық» Жұмағазиевтер жанұялық ансамблі Шыңғырлау жұртын талайға танытып, өнерлерімен аудан халқын тәнті етіп жүре берсе дейміз.

Өнерді аса бағалайтын Жұмағазиевтер жанұясы жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, болашақта одан да биік асуларды бағындыратынына сенеді. Өнерді бағалап, халықтың махаббатына бөленіп жүрген ансамбльге болашақта табыс тілей отыра, өнер биігін бағындыруларына тілектеспіз.

 

Айбарша АЙМЫРЗАҚЫЗЫ,

Шыңғырлау ауданы