9.02.2021, 10:10
Қараулар: 184
Көкірегі қазына қария бар ауылда

Көкірегі қазына қария бар ауылда

Қазақ қариясын сыйлаған халық. Үлкеннің батасынсыз іс бастамайтын, алысқа сапарлап шықпайтын, бір ауыз уәжді сөзін аяқ асты етпейтін атам заманнан келе жатқан игі дәстүр бұл. Ауылымызда да кезінде маңдай терін сыпырып, адал еңбек етіп, бүгінде ұрпағының құрметіне, қамқорына бөленіп отырған сыйлы қарттар баршылық. Соның бірі өткен өмірі туралы айтқан әңгімесін тыңдап отырсаң ертегіге бергісіз Көбейсін Асқаров атты қария. 1937 жылы ауданымыздың Константиновка ауылының «Красный луч» колхозында дүниеге келген Көбейсінге бұл есімді көп жылдар бала күтіп, зарыққан әке-шешесі қойған екен. Артынан інісі дүниеге келгенде ырымдап қойған есіміміз үмітімізді ақтады-ау деп қатты қуаныпты. Сол бала Көбейсін өмірі мал бағып, шопан таяғын қолынан тастамаған ата-анасының қасынан бір елі ұзамай, бұл кәсіптің қыр-сырына әбден қанығып өседі. Сауат ашып, мектеп бітіргенімен жүрегінің дімкәстігіне байланысты әскер қатарына алынбайды. «Жасың келді қарағым, бізге немере сүйгіз» деген үлкендердің қыңқылы көбейген соң ол 1957 жылы жиырма жасында Жаңакүш ауылының тумасы Гүлшатпен бас қосады.  Ақыры кәсіп ету мақсат болғандықтан, әрі малсақ балаға ауылда басқа жұмыс көзі жоқ екені белгілі, совхоз берген мың қойды алдына салып, 1970 жылы сол кездегі Шілік совхозының 4 бөлімшесінде інісі екеуі малшылыққа бет бұрады.

Жаздың аптап ыстығы, қыстың қытымыр аязына төселіп өскен оларға қой бағу, ығайына қарай жаю, қыстық азығын қамдау қиындық тудырмайды. Көз ашқаннан қойдың жәй-күйін біліп өскендіктің көмегі тиеді. Осылайша өмір өз ағысымен жүріп жатқанды.

Сол 1970 жылдың қыркүйегінде таң ертемен малды далаға жібермекке сыртқа шыққан Көбейсін 20 шақты қойдың белгісіз себептен құлап, өліп жатқанын көреді. Келесі күні де бұл қайталанады. Ештеңеге түсінбей, есі шыққан ол қойларды алдына салып, ауылға әкеледі, сойғанын сояды. Ауылдағы басшылар да айран-асыр болып: «бұл не де болса топалаң ауруы болуы керек, кезінде қойлар бұл ауруға қарсы егілмей қалған. Ал мал жайылған жерде кезінде осы аурудың жұмыртқасы сақталып қалса керек» деген тұжырымға келеді. Осылай жүргенде 4-5 күннен соң Көбейсіннің оң қолы сұқ саусақтан бастап ісе бастайды, бірте-бірте қолтыққа қарай шабады. Жанұшырып сол кездегі Екатерина Михайловна деген дәрігерге жүгінеді, ол «малдан жұққан» деген қорытынды шығарып, аудандағы ауруханаға апару керек деп шешеді. Әке-шешеде зәре жоқ: «барма ауруханаға, сені дәрі егіп өлтіріп тастайды» деп зар жылайды. Жалпы ол кезде бұл емделмейтін әрі қауіпті ауру болғандықтан ауру адам аман қалмайды деген ұғым әуелден бар екен.

— Содан не басыңды ауыртайын,-дейді әңгімесін сабақтаған Көбейсін ата.- Бұған дейін де ауыл арасында осындай аурумен ауырғандарға укол салып өлтіріп тастады деген әңгіме жүретін, тіпті сол аурудан соң қайтыс болғандар да баршылық еді. Әке-шешемнің екі көзі бұлауда, жылағанда етектері жасқа толады. Бірақ, жан керек, әлдеқалай ем болар деп дәрігерге еріп мен кеттім. Сол кезде аудандағы төменгі жақтағы қызыл кірпіштен салынған бәлнестің дәлізіне апарып салды. Жататын жердің сиқы жоқ, берген тамақтарын ішем, ешкіммен сөйлестірмейді, ешкім кірмейді. Сол кезде Барбухин деген бас дәрігер бар, С. Даулетжанова екеуі жара жарылған соң дәрісін жағып, дәкемен орап тастап, өздері ақылдасуға кетті. Тамақ беретін тесікке келіп әйелім Гүлшат еңіреп жылап: «Сені алып кетеді деп жаңа Қуаныш Байдошев айтып кетті, облысқа звондаған, қазір самолет келу керек. Енді сені өлтіреді, неге келдің мұнда» деді. «Мен не істеймін енді, қамалып отырмын ғой» деп жыларман болып жабық тұрған есікті теуіп қалғаным сол еді, ол ашылып жүре берді. Не болса да бір өлім деп әйелім екеуіміз бәлнестен шығып Совет көшесімен қаша жөнелдік. Бір мезгілде төбемізден самолет ұшып өтті, сірә, мені іздеп жүрсе керек. Аспанда айналып жүрген самолетке жалтақ-жалтақ қарап қойып Комсомольск көшесіндегі тумалардың үйінде кешке дейін бас сауғаладық.. Менің қашып кеткен хабарым лезде тарап переезд, теміржол көпірі астына милициялар кезекшілікте тұрыпты. Содан Електің жағасын жағалап, Қонақайды сағалап, Ұрысайдан ұрланып өтіп, Жаңакүшті жанай жүріп, ауылға жақындап тума-туыс, ағайын, құда-жекжаттарды кезек паналадым. Әке-шешем менің өлі-тірімнен хабары жоқ, оларға айтпадық, үлкендер қысылғанда айтып қояр деп. Мені іздеп жақын-жуықтарды, таныстарды бірталай қыспаққа да алыпты, баяғы ауру жұқтырады деген қорқыныш қой. Содан жанашырларым көлден бақа әкеліп, қолымнан қолтығыма дейін таңа берді, таңа берді. Бірден бір емі сол екен, қолымның ісігі қайтып, іріңді сорған бақалар тырайып қатып жатты, ал қолым бұрынғы қалпына келді. Ешқандай аурудың ізі де қалмады, бірақ қорқыныш әлі де сейілмей көрсе ұстап әкете ме деп ешқайда шықпадым. Сол 4-ші, 5-ші бригада аралығында бас сауғалаған кезде жолда көрінген адам да, көлік те  мені ұстап әкелуге келе жатқандай көрінетін еді. Келер жылы әлі есімде, қазан айының 8-де ауыл шаруашылығы күні мейрамы болып, бүкіл ауыл соны тойлауға кетті. Әрі жатып, бері жатып не болса ол болсын деп мен де тығылған жерімнен шығып, тойлаушыларға тіке тарттым. Мені көріп қуған да, ұстаймыз деген де жан болмады, сөйтіп ауыр күндер артта қалып мамыражай тірлікке араласқан едім,-деп еске алады Көбейсін атай.

Қайтадан ата кәсіпке бет бұрған ол Шілік совхозының 4 бөлімшесінде алдына тағы да бір отар қой салып, 40 жыл осы ата кәсіппен айналысып, 1993 жылы зейнетке шығады. Әке-шешесінің тілеуі қабыл болып, зайыбымен өмірге үш ұл, жеті қыз әкеледі. «Қыздарымның көбісі алыста тұрады, әр қызым тұрмысқа шыққан сайын кемпірім: «жыраққа кетіп барады» деп жылайтын еді. Өзінің де сол алысқа кеткеніне бірнеше жыл болды, 1957 жылы отау көтеріп, 57 жыл бірге тұрып, ауыр дерттен кетті»,- деп күрсінді қария зайыбының төрде ілулі тұрған сүгіретіне қарап.

-Өмірде қиындық көрмедім деп айта алмаймын. Ол кезде бәрі де қолмен атқарылатын еді ғой, төрт өгізбен шөп шаптық. О заманда малдың азығын қыстақ басына жеткізіп, үйіп қою деген жоқ, сол ауылдан жырақ, далада шабылған жерінде маялап үйіп тастай беретінбіз. Қысты күні қалың қарды омбылап, боран соқса жол жабылған сәтте алға түсіп жол аршып, өгіздерді жетектеп шөп тасыған кездеріміз аз болған жоқ. Малды бағу, оның күтімі, көрінген төлді аман алып қалу –басты мақсат болатын. Әлі есімде, сол жылдары әр 100 қойдан 100 қозыдан алып, марапатқа  түрлі-түсті теледидар берген еді. Сол бір кездері қайсыбір шопандар егізден табатын қой түрін әкеліп, жоспарды екі еселеп орындау үшін де амал жасаған тұстар болды, бірақ мен адал еңбек етіп, көрінген төліме қанағат еттім. Талай мәрте марапатталып, селолық кеңестің депутаты да болдым. Нанымды адал еңбегіммен тапқаныма разымын,-дейді ол ағынан жарылып.

Қария әңгімеге шөлдеп қалған сияқты, әбден шешілді: -Қазір заман жақсы ғой, бар керегің алдыңда, мына телефонның да түр-түрі шықты, демде хабар алып отырасың, әр үйде қос-қостан көлік. Бірақ, қазақтың қазаққа деген мейірімділігі азйып бара жатыр, қазір көршімен көрші амандаспайды, араласпайды. Осы менің жаныма кәдімгідей  батады, бұл шіркіндер ұзақты күн үйлерінде не істейді екен деп ойланамын. Алла Тағала ана жаққа барғанда: «көршіңмен қалай болдың» деп сұрайды екен. Сонда не айтамыз екен?. Бұрынғыдай соғымға шақырып, көше-көше болып шұрқырасып жату да қалды, айттық шалатындар да аз, көрісе келетіндер де көп емес. Кемпірім қолы берекелі адам еді, үйімізден адам, дастарханымыздан дәм үзілмейтін. Оның үстіне жасым да ұлғайды, 84 келген менің құрдастарым да аз. Дей тұрғанмен қазақы дәстүрді ұстанып, соны жаңғыртайық, ұлттық ұстанымымызды ұмытпайық деп әңгіме айтатын жастардың жоқтығы қынжылтады. Мына желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпаққа нені аманаттап кетеміз деп ойланамын. Естір құлақ болса деп айтып жатқаным ғой, ең бастысы еліміз тыныш болса екен, немерелеріме баянды бақ берсін деген тілектің үстіндеміз ғой,- дейді Көбейсін қарт.

Иә, қарттың сөзінің жаны бар. Қайсыбір қариялар артымызға не із тастап кетеміз, ұрпағымызға қандай өнеге береміз, айтар өсиетімізді кім тыңдар екен деп алаңдайды. Қазір бұрынғыдай мектептерде де аға буын өмірін мансұқ ететін, тәлім-тәрбие беретін, өмір сабақтарын алдыңа тартатын арнаулы кездесулер де өтпейді. Айтулы мерекелерде ғана еске алынып жататыны жасырын емес. Қариялар алтын қазынамыз ғой, солардың көкейлерінде жатқан көп ойларын жүректеріне тоқып алар өскелең ұрпақ, бүгінгі жастар қым-қуат тірліктің соңында, өз бастарын сауғалап жүр. Ертеңгі күні ал, кәне кім бізге не айтар екен деп естерін жинап жан-жаққа қарар болса ше?

Өмір-өзен, ағысын тоқтата алмайсың. Күні кешегі қажырлы да қайратты жандар қарттыққа бой алдырып бүгінде сол өзеннің жағасында өз кемелерін күтіп жүр… Әрине, бұл өмір заңы дейміз ғой, десек те қолымызда барды дәл бүгін, ертең-ертеңге салмай, Көбейсіндей көкірегі шежіре қариялар ортамызда жүргенде бағалап, өнегелі өсиеттерін жадымызға түйіп қалайық.

                                                                                    Гүлшат БОТАНОВА,

Шыңғырлау ауданы