17.05.2021, 17:50
Қараулар: 65
Өнегелі отбасы

Өнегелі отбасы

Ел арасында тәрбиесімен, көпке көрсетіп жүрген өнегесімен үлгілі болып жүрген отбасылар аз емес. Солардың бірі – Айжарықовтар отбасы. Шыңғырлау ауданының тұрғындары Айжарықов Қайрат пен жары Гүлбаршын Бекежанқызының отасқандарына биыл 30 жыл толмақ. Талай жыл отасқан жұбайлар 3 бала тәрбиелеп өсірген.

«Үлкеніміз 2015 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын актер мамандығы бойынша тәмамдап, қазіргі таңда Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында қызмет атқарады. Ал қызым медицина колледжін медбике мамандығы бойынша тәмамдады. Қазіргі таңда тұрмыста. Кенжеміз биыл 6 сынып бітіреді»,-дейді Гүлбаршын ханым.

Қайрат Мыңбайұлы 30 жыл бойы балаларға дене шынықтыру пәнінен сабақ берсе, ал Гүлбаршын Бекежанқызы болса Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасында 18 жыл бойы қызмет атқарып келеді. Гүлбаршын ханым бұл мамандықтың өзінің армандап түскен сүйікті мамандығы екенін жеткізді.

«Адам өмірді отбасы арқылы таниды ғой. Осы орайда отбасы құндылықтары, үйдегі тәрбие, қарым-қатынас барлығы балаға өз әсерін тигізеді. Балаларға жақсы тәрбие беру ата-ананың ең алғашқы мақсаты ғой. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген жақсы сөз бар. Сол себепті балаларға үлгі болу үшін алдымен өзің дұрыс болуың қажет. Алғашында отбасы құрғанда жас болдық, қателіктер болмайды емес, болады. Осы орайда маған үйдегі апамның берген тәрбиесі көп көмегін тигізді. Қазір де апам үнемі бізді қолдап, батасын беріп отырады. Атамыз Айжарықов Мыңбай соғыс ардагері болған кісі. Осындай жандардың келіні болғанымды мақтан етемін»,- дейді шаңырақтың отанасы.

Жалпы, жерлестеріміз бұл отбасын салауатты өмір салтын ұстанатын, спорт пен өнерге жақын жандар ретінде де таниды. Аудан көлемінде отбасы құндылықтары, жанұя жарастығы, ұрпақ сабақтастығын паш ететін шараларға де белсене қатысып жүр. Айалық, Айжарықовтар жанұясы «Алтын ұя-2009» байқауына қатысып, жүлделі І орыннан көрінді. Үлкенді сыйлау, аға ұрпаққа құрмет көрсету, қолыңнан келсе-көмек бер деген қағиданы ұстанатын Айжарқовтар тәлім-тәрбие көп жетістіктің бастауы деп біледі.

Осы сынды өнегелі отбасыларды көпке үлгі ету – сауапты істердің бірі. Ошақтың отын сөндірмей отырған отаналар, шаңырақты шайқалтпай отырған отағасылар көбейе берсін. Әр отбасы шағын мемлекет деп жатады. Шағын мемлекеттеріңіздің  мейрамы құтты болсын, ағайын!

 

Айбарша ЛЕКЕРОВА,

Шыңғырлау ауданы