29.07.2021, 15:05
Қараулар: 84
Ащысайда жол салынуда

Ащысайда жол салынуда

Шыңғырлау ауданында жол мәселесі жылдан жылға оң шешімін тауып, жөнделген жолдарының саны артып келеді. Аудан орталығындағы көше мен ауыл арасындағы  жолдар күрделі жөндеуден өтіп, тақтайдай тегіс жолдың арқасында қатынас жеңілденгені сөзсіз. Өткен жылы аудан орталығынан бөлек Ақшат ауылының бас көшесі жөнделсе, енді міне, 600-ден астам тұрғыны бар Ащысай ауылының кіре беріс жолы мен Т.Райымқұлов  көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарды толғандыратын мәселе биыл шешімін тауып, республикалық бюджет есебінен тиісті қаражат бөлінген. Атап айтқанда, кіре беріс жолға 80645,0 мың, ал Т.Райымқұлов көшесіне 77699,0 теңге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын мердігер «ЕвразияЖолҚұрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. 14 маусым күні басталған жұмыстар 2022 жылдың басына дейін жүзеге аспақ. Жалпы ұзындығы 2,5 шақырым асфальтталған жол Ащысай ауылының кіре беріс жолы мен ауылдың бас көшесін қосып, тұрғындардың ауыл ішіндегі қарым-қатынасын едәуір жеңілдетпек. Тұрғындар да жолдың күрделі жөндеуден өтіп, ауылдың ажары кіретіне қуанышты.

Мердігер «ЕвразияЖолҚұрылыс» ЖШС-нің директоры Руслан Төлеуғалиев: «Жол құрылыс жұмыстарын талапқа сай берілген уақыт ішінде бітіреміз деген ойдамыз. Барлық техникаларымыз бен құрал-саймандарымыз дайын және заман талабына сай. Жұмысшылар да жеткілікті, қосымша Ащысай ауылының 6 тұрғыны жұмыспен қамтылды. Бұл жол салу  жұмысы жаңа технология әдісімен салынуда. Алыстан тасымай жергілікті өнімдерді пайдаланудың арқасында  бағасы арзанға шығады, бірақ сапасы өте жоғасы болмақ»,- дейді.

 

Аман ІЗМҰХАН

Шыңғырлау ауданы