18.09.2021, 11:26
Қараулар: 24
Ақын және Азамат

Ақын және Азамат

                                                                                          …Бар қазақ Жұбанына сенбеп пе еді,

Ақынын пайғамбардай көрмеп пе еді.

                                                                                   Есінен туған елдің шығар қалай,

Жырымен жас ұрпағын тербеткені….!

Ә.Тәжібаев

  Халқымыз ақынға да, азаматқа да ежелден кенде емес. Әр ақын мен азаматтың өз биігі бар десек, ұлт тарихында сондай бір асқар биіктен көрінген ақын — Жұбан Молдағалиев. Жұбан Молдағалиев (1920-1988) — ірі эпик ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы.

Алғаш 1939 жылы газет бетіне басылған өлеңінен бергі жылдар ішінде ақынның алпыстан астам кітабы жарық көрді. «Кісен ашқан», «Қыран дала», «Сел», «Мен – қазақпын» поэмалары үшін ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, монгол тілдеріне аударылған. Сан түрлі тақырыптағы лирикалық шығармаларында туған жер, Отан, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, қазақ тілі, оның тағдыры, ана, әйел, махаббат, соғыс және бейбітшілік, замандастар бейнесін арқау етті.

Ақын Жұбан Молдағалиев туралы сөз қозғала қалса, оған «Азамат» деген тіркесті қосақтай айту әдетке айналған сықылды. Бұл жай ғана тіркес емес, ақынның шығармашылық мұратын көрсететін мағыналы айқындауыш. Жарты ғасырға жуық шығармашылық жолында Жұбан осы бір «азамат» деген абыройлы атағына дақ түсірмей, қайта оны бар болмысымен жарқырата танытып кеткен талант. Ұлт тағдыры таразыға түскен 1986 жылдың желтоқсанындағы «Мен – қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат», — деп үлкен мінберден өзінің шынайы жүрек сөзін жалтармай жария еткен майталман азамат.
Азамат пен азаматтық — егіз ұғым. Халық азаттық үшін арпалысқан асыл ұлдарын азамат деп ардақ тұтқан. Ал, Жұбанның сондай азамат болып қалыптасуы да бір күннің немесе бір жылдың жемісі емес екендігі рас. Оның қиыры мен шиыры мол өмір жолы әрқашан да ақын бойынан қайсарлық пен жігерлілікті талап етіп қана қоймай, ойының да ұштала түсуіне, айналасына салиқалы салмақты оймен таразылай қарауға үйретті.
Ол жетімдіктің тақсіретін тартты, өмір мен өлімнің айқасында сыналды, ақындық өнерінде үлкен жетістікке жетіп, ел құрметіне де бөленді. Осынау күрделі өмір жолы оны өмірді сүюге, адамды сүюге, ұлтын қадірлеуге үйретті.»Қазақпын» деуге ұлтшыл атанудан қорқып, көбіміз жалтақтап жүрген заманда, 1963-64 жылдары-ақ:

Мен — қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген, —

деп өз ойын батыл айта алған азамат. Шынында да қай қазақ болмасын бұл поэманы тебіренбей, толқымай оқи алмасы сөзсіз.

«Мен –қазақпын» деп жырлап, өмірде де өз ұстанымдарынан тайынбаған абыройлы азамат сонау 86 жылы да «Желтоқсан көтерілісі» кезінде уақытша басшылардың дегенін құптамай ар алдында, ұлты алдында өзінің адалдығын паш етті. Осы қиын кезеңде Жұбан Молдағалиев Колбиннің алдында қыршыннан қиылған жастарды қорғап, өз ойын ашық айтты.

«Мен сондай ұят оқиғаға және артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім. Иә, мен кез келген қоғамға қарсы бой көтерулерді түбірінен қиып отыруды толық жақтаймын. Өйткені демократия – анархия емес. Солай болғанмен де, кінәлілерді де оған деген сенімнен айырмау керек. Біз олардың жасағанына емес, олардың азаматтық болашағы үшін жауаптымыз. Сіз бен біз балаларымызды төбелестіріп, ұрпағың қыздарымыздың шашынан сүйреуі үшін соғысқа бардық па? Осы Отанды сол үшін қорғадық па? Бұл жағынан сізді қолдай алмаймыз. Жақтас бола алмаймын», — деді Молдағалиев Колбиннің алдында.

Оның  ақындық келбеті де, азамат­тық ажары да  шығармаларынан айқын аңғарылып тұрады.

«Іздесе мені кімде-кім,
Шырағдан етсін жырымды.
Жырымның жайса өрмегін,
Табар да ұғар сырымды,-дейді Жұбан ақын. Ендеше, Жұбан Молдағалиевтің  рухты,  патриоттық туындыларын ұрпақтан ұрпаққа жеткізе берейік! Жұбан жыры мәңгі қазақ  жадында !

Мөлдір ЖАИМОВА,

аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы