11.10.2021, 11:00
Қараулар: 46
Береке ұялаған ауыл

Береке ұялаған ауыл

Бүгінде 524 тұрғыны, 132 ауласы бар Ақбұлақ ауылдық округінде 34 шаруа қожалық, 10 жеке кәсіпкерлік, 1 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі және биыл жаңадан «ErQanatGroup» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігі ашылып, жұмыс жасауда.Ауылдық округ әкімі лауазымына тағайындалғанына тек 4 ай ғана болған Светлана Бәйтенова ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажымен жете танысып, округ бойынша бірқатар жұмыстарды жүзеге асырып үлгеріпті.

Ақбұлақтықтар армандаған нысан

Ақбұлақ ауылдық округінде көгілдір отыны, ұялы байланысы ертеректе оң шешімін тапса, осыдан бірер жыл бұрын ауылға таза ауыз су кіргізілген болатын. Тұрғындарға екі қабатты мектеп, 2017 жылы күрдеулі жөндеуден өткен фельдшерлік-акушерлік пункт, балабақша секілді әлеуметтік маңызы бар нысандар қалтқысыз қызмет етуде.  Тек он жылға жуық уақыт бойы Ақбұлақ ауылында рухани орын – мәдениет үйінің болмауы тұрғындардың көңіліне кірбің түсіретін еді. Әйтсе де өткен жылы халықтың сұранысын жүзеге асыру мақсатында «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 210 млн теңге қаражат бөлініп, ауылда көптен күткен құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бүгінде сыртқы жұмыстарында тек жерге тас жол төсеу, аулаға ағаш отырғызып, абаттандыру, айналаны жинау жұмыстары қалса, ғимараттың ішінде де едәуір жұмыстар жасалыпты. Жалпы есік-терезелері орнатылып, сәні кіре бастаған болашақ мәдениет ошағының жылу қазандығы, электр жүйесі, жел айдау құрылғысы секілді күрделі жұмыстары да іске қосылыпты.

«Ауылда жаңа ғимараттың салынуы – халықтың болашаққа деген сенімін арттырады. Оның үстіне жылдар бойы шешімін таба алмай жүрген мәдениет үйі секілді үлкен ғимараттың құрылысы басталса, сенім одан бетер нығая түседі деп ойлаймын. Сондықтан, тұрғындардың он жылдық сұранысын қанағаттандырып, жүзеге асырып жатқан жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Естуімізше, жаңа рухани орында 150 орындық көрермен залы, кітапханасы, мұражайы мен үйірме бөлмелері, қызметкерлердің кабинеттерімен қоса, медициналық бөлмесі деболады екен, — дейді ауыл тұрғыны, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Аблезов.

Иә, округ көлемінде ауқымды шаралар атқарылуда. Жыл басында халықтың сұранысы ескеріліп, ауыл көшелеріне қосымша 25 жарық шамдары орнатылған. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен1 млн тенге бөлініп, жарық шамдарды орнату жұмыстарын «Бизнес Строй Проект»  компаниясы жүзеге асырыпты.

Кәсіпкерлерден көмек көп

Сүйініштісі сол, бұл ауылда үкіметке алақан жайып отырған отбасылар кем-кем. Көпшілігі мал ұстап, кәсіпкерлік ашып, түрлі қызметте өз напақасын тауып жүр.«Жазда шанаңды, қыста арбаңды сайла» демекші, жаз бойы мал азығын дайындап, қысқа қамдаған шаруа жандардың арқасында биыл Ақбұлақ ауылында шөп жоспардан артық 110 пайызға орындалыпты. Өз малынан ауысады дегенін Маңғыстау облысына көмекке жолдаған шаруа қожалық басшыларын да осы округтен кездестіруге болады. Жалпы Ақбұлақ ауылдық округі мал шаруашылығына өте қолайлы мекен. Сондықтан ауыл тұрғындары өз алдына бұнда өзге облыстардан, аудандардан инвесторлар арнайы келіп, мал басын көбейтуде.  Бүгінде округ бойынша мүйізді ірі қара 4693, ұсақ мал 349, ал жылқы саны 1322-ге жеткен.

Бір ерекшелігі шаруа қожалық басшылары тек өз қалталарын ойламай, ең алдымен қызметкерлерінің жағдайын жасауды алға қойған. Мәселен, өткен жылы «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының басшысы Кабаков Серік Ақбұлақ ауылынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан Ағатан қыстағына өз қаражаты есебінен 16 млн теңгеге көгілдір отын тартқан болатын. Өз қарауындағы жұмыскерлерге барлық жағдайды жасауды қолға алған Серік «Халықты ауылда тұрақтандыру үшін ең алдымен қолымыздан келгенше жағдай жасауымыз қажет.  Сондықтан көгілдір отын өзкізген болатынмын. Осы тартылған көгілдір отын трассасынан қыстақтағы қалған үйлер де көгілдір отырға қол жеткізіп отыр. Сондықтан біз де аудан орталығынан кем тұрмаймыз», — дейді.

Келесі шаруа қожалық басшысы Хаятуллаев Мақсат та 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып, олардың жұмысын жеңілдетуге түрлі замауи техникаларды сатып алумен қатар, жұмысшыларға арнап жаңадан салынған үй, оған қосымша асхана мен монша салған. Бұл  қызметкердің ештеңеге алаңдамай, еңбек етуіне мүмкіндік берері сөзсіз. Мақсат маң даладағы қосқа үй тұрғызса, «Асқар» шаруа қожалығының басшысы Асхат Зулкашев жұмысшыларына арнап ауыл ішіне көгілдір отыны, ауыз суы мен жарығы қосылған заманауи үлгідегі тұрғын үй салуды қолға алыпты.

Бизнеске батыл қадам

Ал, бау-бақша отырғызуды ермек еткен Имашевтар осыдан бірер жыл бұрын «Бастау» бизнес жобасы арқылы 200 мың теңге грант алып, аула ішіне жылыжай салуды қолға алыпты. Жолдасы Нұриля екеуі ауылдың тіршілігіне әбден қанығып, мал да бағып, бақша да егіп, жер ананың берген несібесін мейлінше пайдалануда. Ауылдық кітапханада кітапханашы қызметінде жұмыс жасайтын отанасы өз қызметімен қатар үй шаруашылығын да бірге алып жүр. Таң атысымен бес сиыр сауып, сүтін өндіріп, бау-бақшаны күтіп, баптап, оның берген өнімінен жүздеген банкі қысқа жауып, арасында іс тігіп, тоқыма тоқыған шаруаға икемді жан.

  • Жолдасым екеуіміздің қызығушылығымыз – бақша егу. Сондықтан отағасы жылыжай салып бастады. Қыс бойы да өз өнімдерімізді қолданып отырғанға не жетсін. Үй ішіне де әдемі гүлдерді отырғызғанды жақсы көремін. Жалпы қай салада болса да – ең бастысы еңбектену қажет. Нәтижесінде барлық өнімдер, яғни сүт өнімдері, ет пен көкөніс пен жеміс-жидектерөз аулаңда болады. Өзімізден ауысқанын сұрағандарға сататын да кездеріміз болады, — дейді Нұриля Оразқызы.

Ақ халаттылар мамандықтарына адал

 Адам баласының ең басты байлығы — денсаулығы.  Сондықтан медицина саласының қызметіне жүгінеміз. Осы орайда ақбұлақтықтардың денсаулығын жіті қадағалап, уақтылы скиринг өткізіп, тексерістен өткізетін ауылдық аурухананың акушері Назым Төлепова мен медбике Айкөркем Кабидуллиева «жеңіл» науқастарды өздері-ақ емдеуге  қауқарлы. Әлемде орын алған пандемияға байланысты талапқа сай емханаға келген әр адамды фильтр- оқшаулаудан өткізіп, сараптамаға ПТР материалдарын алып, тиісті шараларды жүзеге асырып отыр. Нәтижесінде жыл басынан бері тек 12 жергілікті тұрғын коронавирус ауруына шалдыққан екен.  Жас мамандардың жүргізген жұмыстарының нәтижесінде «Ковид-19» вирусына қарсы вакцинацияны ауыл халқының 87 пайызы алған, бұл да аз көрсеткіш емес.

Иә, бұл – тек Ақбұлақ ауылының бір қыры ғана. Әр қызметті кәсіп етіп, өз напақасын тауып отырған тұрғындар, ешкімге алақан жаймай, қуатты күй кешуде. Бірлік бар жерде береке барлығын, жауапкершілік бар жерде жарасым бар екенін міне, ақбұлақтықтар осылайша дәлелдеп отыр.

Аман ІЗМҰХАН