15.10.2021, 15:47
Қараулар: 37
Жаңа тротуар – халық игілігіне

Жаңа тротуар – халық игілігіне

Жергілікті бюджеттен 12 млн 992 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп, аудан орталығындағы А.Құнанбайұлы, М.Өтемісұлы мен Қазақстан көшелеріне жаяу жүргіншілер жолының құрылысы басталды. Жалпы ұзындығы 1131 метрге созылатын тротуардың жұмысын мердігер «Нұрай» жеке кәсіпкерлігі жүргізіп жатыр. Қыркүйек айында басталған жұмыстар үстіміздегі жылдың қараша айына дейін жүзеге асырылатын болады.

«Соңғы жылдарда аудан орталығындағы бірқатар жаяу жүргіншілер жолдары жаңадан салынды, ал кей жерде қайта жөнделді. Өткен 2020 жылы Қазақстан көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған 740 метр тас жол төселсе, биыл да бір шақырымнан астам тротуар салу жұмыстары басталды. Бірінші кезекте тұрғындар сұранысына сәйкес адам легі көп мектеп, балабақша, колледж секілді әлеуметтік маңызды нысандардың маңын қамтуды көздеп отырмыз. Аудан орталығында болашақта барлығы жалпы ұзындығы 4000-ға жуық жаяу жүргіншілер жолы халық игілігіне қызмет ететін болады»,-дейді Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ә.Қаражанов.

Жаяу жүрушілер тас жолда көліктермен жағаласа жүріп, өмірлеріне қауіп төндіру мәселесі біртіндеп азайып келе жатқаны қуантады. Тек тұрғындар сол игілікті күтіп ұстаса болғаны.

 

Аман ІЗМҰХАН