4.08.2021, 15:15
Қараулар: 101
Жол жөндеу жұмысы жауапты

Жол жөндеу жұмысы жауапты

Теміржолды экономиканың күретамыры деп бекерге айтпаса керек. Бұл саланың әрбір мемлекеттің даму жолында алатын орны ерекше. Теміржол күні бүгінге дейін қала мен қаланы, алыс пен жақынды  байланыстыратын басты транспорт түрі болып қалуда. Біздің ауданымызда да шекара шегінде орналасқан Орал дистанциясы  Шыңғырлау бөлімінің теміржолшылар ұжымы көпке кеңінен танымал. Бұл жерде жұмыс істейтін жұмысшылар мен қызметкерлердің кәсіби шеберлігі турасында қанша айтсақ да артық болмас, сірә. Соның ішінде жол жөндеушілерге теміржол магистралының қауіпсіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету жүктелген. Шойын жолда сонау 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Нұрлан Қужиевтің өз ісіне деген тындырымдылығы, жауапкершілігі әріптестерін разы етіп келеді. Еңбекқор жан ерте басталатын жұмысына ешқашан кешігіп көрген емес, қасындағы жолдастарымен бірге берілген әр күнгі тапсырманы тиянақты аяқтауға күш салып келеді. Төзімділік сынға салынатын бұл жерде  ең бастысы өз жұмысыңа беріле қызмет жасау талап етілетіні белгілі. Жұмыстан бас тарту, көрінеу сылтау ойлаудың мүлде қисыны келмейді. Пойыздардың жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы  жолаушылардың да өміріне жауапты екенін Нұрлан жақсы түсінеді. Уақыт өте келе ескірген шпалдарды ауыстырып, теміржол бойы төңірегін бөгде заттардан таза ұстау да назарынан тыс қалып көрген емес.

Ал, осы салада еңбек жолын 2018 жылы бастаған Ерболат Тюлепов те аз уақыттың ішінде кәнігі мамандардың сапына қосыла білді. Оны ерекшелеп тұрғаны-еңбекқорлығы, білмекке деген ынтасы, алғы буын ағалардан алған кеңестеріне жүрдім-бардым қарамауы. Ақ жарқын да, елгезек Ерболат осындай тындырымдылығымен, іске деген алғырлығымен ұжымда орынды құрметке бөленіп жүр.

-Нұрлан өз мамандығына берілген жан. Оның әсіресе, жауапкершілігі жоғары. Теміржолшы болу деген алдымен тынымсыз еңбек пен қажырлы қайратты талап етеді. Күн сайын қайталанып жататын жұмыс үрдісі кейде адамды шаршатып та, жалықтырып та жататын болар. Бірақ, Нұрланның жұмыс барысындағы ауыртпалықтарға төзімділігі, әріптестеріне деген сыйластығы, сабырлылығы әркез разы етеді. Үздік еңбегі үшін ол осы жылдар кезеңінде теміржол әкімшілігі тарапынан Құрмет грамоталары мен мақтау қағаздарына ие болып келеді және 5 разрядты теміржолшы атағының берілуі оның еңбегіне берілген әділ баға. Ал, Ерболаттың бойындағы жауапкершілік сезімнің жоғарылығы, жұмыс десе жанып түсетін қасиеті бізді сүйсіндіріп келеді. Болашақта ол өз мамандығының үздік шебері боларына сенеміз,-дейді жол бойында жұмыс жасайтын жол жөндеушілер тобының бригадирі Әміржан Машқанов.

Ел игілігі үшен еңбек етіп, ыстыө пен суыққа та төзіп келе жатқан маңызды мамандық тізгінін ұстаған сала қызметкерлерінің еңбегі әрдайым өзгелерге үлгі.

                                                                                                    Гүлім ШЫНТАС