18.10.2021, 15:52
Қараулар: 64
Көптің еңбегін бағалаған жөн

Көптің еңбегін бағалаған жөн

Әр апта соңында ауыл-аймақтарда жаппай сенбіліктерге шығу жалғасын табуда. Бекітілген жоспарға сәйкес көшелер мен ауыл маңдары, орман-тоғай, өзен-көл жағалаулары тұрмыс қалдықтарынан, сынған ағаш бұтақтарынан, күл-қоқыстан тазартылады. Әсіресе, ауылдың сыртмаңында желмен ұшып келген түрлі тұрмыс қалдықтарының-целлофан қаптардың, пластик құтылардың көптігі алаңдатады. Мұның  алдымен экологияны ластап қана қоймай, залалын тигізетіні шындық.

Ауыл тұрғындарының көпшілікті қынжылтатын бір әдеттері – тұрмыс қалдықтарын көше бойларына қойылған арнаулы контейнерлерге жеткізбей лақтыра салатын, өзен-көл жағалауларында өздерінен кейінгі қөоқыстарды жинамай, тастап кетулері әлі де тыйылмай отыр. Осындай жауапсыздық салдарымен сенбілікке шыққан әр адам күресуде. Мұның өзі ауыл тазалығы үшін еңбек еткендердің орынды ренішін туғызатыны шындық. Алынып жатқан тиісті шаралар да ауылдастардың әрекетіне тосқауыл бола алар емес. Айталық, аудандық полиция бөлімінің ақпаратына сүйенсек,  жыл басынан бері ҚР ӘҚБТК-нің 505 бабы бойынша 204 құқық бұзушылық фактісі тіркелсе, 434 бап бойынша 18 факт анықталып,  жауапсыз тұлғаларға 175120 тың теңгеге айыппұл салыныпты. Мұның өзі шағын аудан үшін аз көрсеткіш емес.

Аталмыш сенбіліктерді өз ауылдық округі маңайында өткізуде белсенділік танытып келе жатқан Ақбұлақ, Шыңғырлау ауылдарын айтуға болады. Шілденің шіліңгір ыстығында да ауыл тұрғындары мен қызметкерлер жол бойына, су жағалауларына сенбіліктер ұйымдастырып отырды.

Ал күзгі сенбіліктерге бір кісідей шығып келе жатқан Қарағаш, Ардақ, Шыңғырлау, Ақтау т.б ауылдық округтері тұрғындары мұндай шаралар тазалық ұстануды әдетке айналдырып  қана қоймай, сонымен қатар бірлікке, еңбекке үндейді деседі.

Осы орайда сенбіліктерге арқа сүйеп, ортақ іске араласудан бой тасалайтын аудан тұрғындарына көптің еңбегін бағалаған жөн деп айтқымыз келеді. Алдағы уақытта тал-терек жапырақтарынан, арамшөптерден арылған ауыл көшелерін күтіп ұстап, қоқыс төгетін «ауруларынан» арылса екен дейміз.

                                                                                                           Гүлім ШЫНТАС