21.10.2021, 16:03
Қараулар: 44
Маңғыстаулық инвестор Шыңғырлауда

Маңғыстаулық инвестор Шыңғырлауда

Шыңғырлау өңірі мал шаруашылығына қолайлы мекен болғандықтан, ауданға қызығушылық танытатын кәсіпкерлер аз емес. Ауыл тұрғындары өз алдына, өзге облыстардан, аудандардан инвесторлар арнайы келіп, мал басын көбейтемін деушілердің саны жылдан жылға артуда. Солардың бірі осыдан 7 жыл бұрын Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылына ат басын тіреген маңғыстаулық Мақсат Хаятуллаев. Мың жарым шақырымдық ара қашықтықты артқа тастап, Ақтау қаласынан әдейі шұрайлы өңірге келген шаруа азаматтың кәсібі бүгінде өрге өрлеген.

  • Өзім Маңғыстау облысы Қарақия ауданының тумасы болғандықтан жалпы бұл өңір туралы білмейтін едім. Сол кездегі жұмыстасым, Батыс Қазақстанда Шыңғырлау ауданының ол уақытта Тасмола деп аталатын ауылды мал шаруашылығына өте қолайлы деп айтқан болатын. Шынымен де шөбі шүйгін, жері жазық бұл өңір мал шаруашылығы үшін таптырмайтын жер екен деген шешімге келдім. Шөп пен суы жеткілікті жерде шаруасын дөңгелетем дегендер үшін барлық жағдай бар екен. Содан жер алып, барлық құжаттарды рәсімдеп, шаруа қожалығын аштым. Ата-кәсіпті қолға алып, нақты осы өңірге келгеніме өкінбеймін. Тек қайда жүрсең де ең бастысы көп еңбектену және алға деген ұмтылыс қажет»,-дейді Мақсат Бердібайұлы.

Иә, Ақтау қаласынан 2014 жылы келген инвестор «Бердібай Бекзат» деп аталатын шаруа қожалығын ашады. Бастапқыда аз ғана мал бағумен басталған шаруа қожалықта бүгінде күндіз-түні тынбай еткен еңбегінің арқасында мал басы 300 ірі қараға, 300-ден астам жылқы және қой басы мыңға жеткен. Шопан ата түлігінің «Еділбай» тұқымын баптаса, болашақта Зеңгі баба түлігінің «Әулиекөл»асыл тұқымды түрін алуды жоспарлап отыр. Ол қазақтың ақбас сиыры тұқымын «абердин-ангус» және «шароле» тұқымдарымен күрделі түлетпе будандастыру жолымен алынған сиыр біздің қатал ауа райына көнбіс әрі тез жетілгіш келеді екен. Ет өнімін экспортқа шығарып, Ақсай, Ақтау қалаларына сатылымға жөнелтіп те отыр.Әйтсе де бұл жеткен жетістіктерімен тоқтамай, Мақсат болашақта егін шаруашылымен айналысуды қолға алуды жоспарлап отыр.

«Бердібай Бекзат» шаруа қожалығы малдың күтіміне жауапты жұмысшылар, механизаторлар, аспазшы секілді қызметтегі 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалақылары да жұмыстың түріне байланысты 70 мыңнан 200 мың теңгеге дейін жетеді. Заманауи техникалардың түр-түрі сайланған шаруа қожалығында жұмысты сапалы әрі жеңілдетуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, жұмысшыларға арнап салынған жаңа үйлер, оған қосымша асхана мен замауи моншасының болуы, олардың ештеңеге алаңдамай, еңбек етуіне мүмкіндік берері сөзсіз.Нәтижесінде өңірімізге тән қыстың қаһарлы аязына жылы қораларын тұрғызып, 2500-нан астам орам шөпті дайындап қойған.

Осы сұхбатымызды алу барысында  «Бердібай Бекзат» шаруа қожалығының жұмысымен танысып жүргенде асхана қызметкерлерінің семіз жылқының қазысын айналдырып отырғандарының куәсі болдық. Бұл сатылымға ма, әлде қалаға беріп жіберетіндеріңіз бе деп сұрағанымызда, «жоқ, қызметкерлердің күнделікті азығына ғой» деп қысқа қайырған Мақсаттың шынымен де жұмысшыларға барлық жағдайды жасап отырғанын байқадық.

  • Бүгінде Мақсат Бердібайұлын Ақбұлақ ауылының тұрғыны деп айтуға болады. Қашан да шаруа қожалықтың басы-қасында, қызметкерлерімен бірлесіп жұмыстың алға басуына араласып отырады. Сонымен қатар, Мақсат округте өтіп жатқан шаралардан тыс қалмай үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп отырады. Күні-кеше өткен қарттар күніне, аз қамтылған отбасыларға деп қой малын сойып берсе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнап газет жаздырып береді. Қай салаға қатысты болса да қолынан келген көмегін аяған емес. Мәселен, Ақтау қаласы тасты өлке екені белгілі ғой, осы орайда аудан орталығында мүсін жасауға арналған үш тонналық тастарды да әкеп берген еді, -дейді Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Светлана Бәйтенова.

Иә, иен далада отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр жайылса шұрайлы өңіріміздің сәні одан бетер кірері анық.   Өңірімізді жерсінген, «инвестор» деген атына сай Мақсаттың  өлкеміздің дамуына одан да бетер қолдау көрсете береріне сенеміз.

 

Аман ІЗМҰХАН