27.09.2021, 10:10
Қараулар: 77
Шоқтығы биік  Шоқтыбай

Шоқтығы биік  Шоқтыбай

Аудан орталығынан 14 шақырым қашықтықта орналасқан Шоқтабай ауылының бүгінгі көрінісіне көңілің тояды. Әлеуметтік және экономикалық жағдайы жылдан жылға оң шешімін тапқан ауыл тұрғындарының ертеңге деген көзқарасы сенімді.Халқы да үкіметке алақан жаймай, төрт түлігін сайлап, бау-бақша егіп, жер-ананың берген несібесін мейлінше пайдалануда. 62 түтін түтеткеншағын Шоқтыбай ауылының тұрғындары 2000-ға жуық ірі қара, мыңнан астам қой және жүздеген жылқы бағып отыр.

Әйтсе де, әлеуметтік жағдайы жақсы болғанымен, жылдан жылға түйіні шешілмей жүрген бір мәселе бар еді. Ол – Шоқтыбай ауылындағы таза ауыз мәселесі. Тұрғындар да әкімдердің жыл сайынғы есептік жиындарында аталмыш мәселені жиі көтеріп келді. Осы көкейкесті мәселе биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ауылға таза ауыз су жүргізу жұмыстары басталған болатын. Халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Ұлттық қордан 199 949 743 теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстарын тендер қорытындысына сәйкес  мердігер «Дәнекер» ЖШС-і жүргізуде.  Ауыл ішіне жалпы ұзындығы 5080 метр болатын құбыр өткізіп, 2 су ұңғымасы мен 15 метрлік су мұнарасын орнатпақ.

  • Таза ауыз судың жоқтығы халыққа жайсыздық тудырғаны рас. Себебі, халық суды құдықтан пайдаланатын еді. Сондықтан су өткізу жұмыстарының басталғанына тұрғындар риза. Жоспарлы түрде тиісті сала өкілдерімен бірлесіп құрылыстың сапалы жүргізілуіне аса мән беріп отырамыз, — дейді Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ә.Қаражанов.

ХХІ ғасыр цифрлі технология заманы болғанымен шоқтыбайлықтар ұялы байланысқа осыдан тек 9 ай бұрын қол жеткізген еді. Халық сұранысын жүзеге асыру мақсатында кәсіпкер өз қаражаты есебінен ауылға KCEII операторының байланыс құралын орнатқан болатын. Нәтижесінде бүгін Шоқтыбай ауылында ұялы байланыспен қатар, интернет тесапалы қызмет көрсетіп отыр. Бұл бүгінгі әлемдегі пандемия жағдайына байланысты «онлаин» режимінде ата-ана мен оқушыға ең қажетті дүние. Сонымен қатар, KCEII компаниясы жерді жалға алуына орай одан жергілікті бюджетке қосымша қаражат түсіп, ол да ауыл мұқтажына жұмсалуда.

Оқушы демекші, жасыратыны жоқ, ауылдық жерде мектепте оқушы саны жетіспей, мектеп жабылу қаупі жиі кездесетін үрдіс. Бұл жағдай Шоқтыбай ауылының Жаңатұрмыс негізгі мектебін де айналып өтпегені белгілі. «Оқу жылы басталарда мектепте 31 оқушы болды. Содан жұмыстанудың арқасында ауылға 3 отбасы көшіп келді, сонымен қатар үлкен мұғалімдер немерелерін қолына алуына орай оқушы санын 41-ге жеткіздік. Бұл негізгі мектептің талабына жетіп тұр, — дейді мектеп директоры Дидар Оқапов.

Осындай көшіп келген отбасылардың бірі –Қадырғожиндер отбасы. Олар Орал қаласына қарасты Круглоозер ауыл-кентінен Шоқтыбай ауылына қоныс аударып, ауыл өміріне етене араласып кеткен жандар. Төрт баласының мектеп жасындағы екеуіауыл мектебінде оқиды.

Отағасы Алмас түзде шөп шауып, қысқа мал азығын дайындаса, отанасы Алмагүл мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі лауазымына орналасыпты. Болашақ өмірін осы ауылмен байланыстырған Алмас Жетпісқалиұлы үйіне заманауи үлгіде жөндеу жүргізіп, мал басын артып, келер жылы АӨК ашу жоспарын жүзеге асырмақ. «Ауыл халқы жақсы, бірден үйренісіп кеттік. Жері де малға қолайлы, сондықтан мал шаруашылығын дамыту мақсатында қаладан осы ауылға қоныс аудардық»,-дейді отағасы Алмас.

Жалпы Шоқтыбай ауылы сатылымға шығатын сары майымен танымал десек артық айтқан емес болар. Әр үйде дерлік кемінде 5 сиыр сауып, оның өнімін аудан орталығына, қала берді Ақсай, Орал қалаларына сатуға шығарғандарға сұраныс жоғары. Көпшілігі сиырды заманауи сүт суу аппаратымен сауып, ауыртпалығы мол жұмысты сәл де болсын жеңілдеткен. «Құдайға шүкір, осы малдың арқасында өз напақамызды тауып отырмыз. Жылдан жылға келе жатқан өзімнің тұрақты «клиенттерім» бар. Сүт өнімдерінің барлығын — қаймақ, май, сүт, құрт, ірімшік, айранды алады»,-дейді ауыл тұрғыны Нұржамал Жоламанова.

Жуырда Шоқтыбай ауылының бүгінгі және байырғы тұрғындары, сонымен қатар мыңдаған шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан мектеп түлектерінің  демеушілігімен ауыл кіре берісіне «ШОҚТЫБАЙ» маңдайшасы мен мектеп жанына «Менің Шоқтыбайым» жазуы бар белгініорнатқан болатын. «Өзіміздің түлеп ұшқан білім ордамызға 50 жыл, әрі еліміздің Тәуелсіздіне 30 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектебімізге де, туған ауылымызға да осындай әдемі маңдайша орнатуды қолға алдық. Ауданымыздың «жеті кереметіне» айналған Шоқайтерек ағашы біздің ауылымызда орналасқандықтан маңдайшаға соның суретін келтірдік. Бұл бастамамызды бірден қолдау табудың арқасында аз уақыттың ішінде қажетті қаражат жиналды, сондықтан біздің игі ісімізді қолдаған барлық жерлестер мен түлектерге шынайы алғысымызды білдіреміз»,-дейді осы бастаманы ұйымдастырушы   ауыл тұрғыны,  Жаңатұрмыс мектебінің ұстазы Ару Шунаева.

Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ә.Қаражанов: «Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты барлық шағын елді мекенді де назардан тыс қалдырмай, әр тұрғынның пікірін тыңдауға тырысудамыз. Шоқтыбай ауылында таза ауыз су өткізу жұмыстары жүріп жатыр, ауыл ішіне 30 нүкте жарық шам орнатылды. Көшелерді абаттандыру, бөгет жолына құбыр салу тектес күнделікті жұмыстар та тоқтаған емес»,- дейді.

Иә, 60-тан асар-аспас түтіні бар Шоқтабай ауылының тіршілігі осындай. Әр қызметті кәсіп етіп, өз нәпақасын тауып отырған тұрғындар, ешкімге алақан жаймай, қуатты күй кешуде. Ылайым, еңбекқорлығымыз бен бірлігіміздің арқасында, еліміз осылай өркендей берсін.

 

Аман ІЗМҰХАН