7.10.2021, 15:49
Қараулар: 79
Қариялар бір жасап қалды

Қариялар бір жасап қалды

Қартын қадірлеген елміз. Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, мазалайтын мәселелері назардан тыс қалып көрген емес. Аудан көлемінде аталып жатқан мерекелік шаралардан да тыс қалмайды. Жуырда қарттар күніне арналып тағы да үлкен басқосу өтті.  «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында 1 қазан-Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым-асыл қазынам» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерекелік көңіл-күймен жиналған аға буын өкілдері бір-бірінің хал-жағдйларын сұрасып, арқа-жарқа болып жатты. Шуақты басқосуды ашқан аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жиналған қарияларғамерекелік тілегін арнап,бүгінгі күнге дейін қоғам өміріне белсене араласып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, кейінгі ұрпақты тәрбиелеу, жақсылыққа баулу жолында үлес қосып келе жатқан оларға зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларына бақ-береке тіледі.  Өздеріне арналған игі тілектер мен ықылас-пейілге риза болған үлкендерде кезегімен сөз алды.  Ғайса   Қанафин, Сағынғали Имашев және Тыныштық Идреков өздеріне көрсетіліп отырған жылы ықылас үшін рахмет айта келіп, өз ойларында жүрген қайсібір пікірлерін де ортаға салды.

Жайдарлы жүздесу барысында қарияларға алғыс хаттар мен естелікке сый-сияпаттар табыс етілді.

Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жиналғандарға концерттік бағдарламасын ұсынып әсем әуенімен,күмбірлеген күйіменәсерлі кеш сыйлады.

Өздеріне арналған шынайы тілектерге көңілдері толған еңбек ардагерлері «амандықта, саулықта болайық» деген ізгі тілектермен тарқасып жатты.

 

                                                                                                  Г.ИБРАГИМҚЫЗЫ