22.10.2021, 10:14
Қараулар: 43
      Өз өнерлерімен тамсандырды

      Өз өнерлерімен тамсандырды

Қоғамда барлық адамға тең жағдай жасалуы тиіс. Бұл зайырлы мемлекеттің басты бағыттарының бірі болса керек. Әсіресе, он екі мүшесі сау жандармен қатар денсаулығында кінәраты барларға да қоршаған орта мейлінше қолын созып, мұқтаждықтарын шешіп отыруы тиіс. Сонымен қатар, мұндай жандардың рухани дамуына да жол ашық болуы тиіс. Осы мақсатты көздеген және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында  аудандық мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі  жандар арасында  шығармашылық фестиваль оздырылды. Аудан көлеміндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық өнері арқылы әлеуметтік сауықтыру, олардың қатарынан дарын иелерін қоғам өміріне араластыру мақсатында ұйымдастырылған шара ән айту, қолөнер туындысын көрсету, көркемсөз оқу және музыкалық аспапта ойнау секілді төрт кезеңді қамтыды.

Шараны кіріспе сөзбен ашқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Саян Баймұханов ерік-жігерлері мықты, білімдері мен біліктіліктері де ешкімнен кем түспейтін жандарға әрдайым құрметпен қарау баршамыздың міндетіміз дей келе, қатысушыларға сәттілік тіледі. Фестиваль барысында ауылдық округтерден келген қатысушылар өз өнерлерін көрермендерге паш етіп, жан-жақты тұлға екендіктерін көрсете білді. Бойларында өнердің ұшқыны бар, қолдарынан іс келетін қатысушылардың құлшыныстары, жауапкершіліктері жұртшылықты тәнті етті. Нәтижесінде, «Эстрадалық вокал» және «Көркемсөз» аталымы бойынша шыңғырлаулық Жұлдық Қабиева жүлделі І орынды иеленсе, «Үздік жасампаз» аталымы бойынша Ақбұлақ ауылдық округінен келген Клара Жарылқасова бас жүлдегеие болып, Орал қаласында өтетін облыстық фестивальге жолдама алды.

Фестиваль соңы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылған спорттық жарыстарға ұласты.

Көңілдері көтеріліп, өзара пікір алмасып, ой бөліскен қатысушыларға арналып осындай шараларды жиі өткізіп тұру — үйлерінен көп ұзап шыға бермейтін жандар үшін пайдалы іс болмағы түсінікті.

Қалампыр  ЖҰБАНИЯЗОВА,

аудандық мәдени-демалыс орталығының әдіскері