14.12.2020, 16:50
Қараулар: 411
Авто суарғышы бар аула

Авто суарғышы бар аула

Алмаз ауылының тұрғыны Жанат Нұрғазиев мал күтіміне ден қойып, ірі қара жануарларын суару үшін соңғы үлгідегі арнайы автоматтандырылған суарғыш құрылғы орнатқан жан. Жылдар бойы іштей жоспарлаған идеясын биыл ғана қолға алып, бар жиған-терген қаражатын ойын жүзеге асыруға жұмсайды. Идеяның басты мақсаты: су сауытқа мал тұмсығын тақай салысымен бірден автоматты түрде су ағып, өздігінен суарылуында. Ресей Федерациясының Челябинск қаласынан арнайы тапсырыспен алдырған қондырғылардың сапасының жоғары болуына да мән берген Жанат өз жобасының жүзеге асуына үлкен жауапкершілікпен кіріседі.

  • Жолдасым Гүлбану екеуіміз отау құрғаннан кейін 5 жылға жуық Орал қаласында тұрдық. Қалада жүргенде ауылға келіп, замауи технологияларды қолдана отырып, мал бақсам деген арманым болған. Осыдан үш бұрын өзімнің туған ауылыма көшіп келіп, Ақсай қаласында вахталық әдіспен жұмыс жасай жүріп, мал ұстауға кірістім. Бұл жобаны жүзеге асыру оңайға түспеді, ең бастысы қаражатты көп талап етті. Автоматты су суарғыш біздің өңірге жат болғандықтан, барлығын әлеуметтік желі арқылы іздеп, оның сапалы болуына мән бердім, — дейді Жанат Маратұлы.

Ауылдастары бастапқыда күмәнмен, сенімсіздікпен қарап, болашағы жоқ жоба деп қабылдаған. «Қыстың қақаған аязында крандағы су қатып қалады, су іздеген жануар тұмсығын өздігінен ұмсынып, су іше алмайды» деген секілді уәж айтатын-ды. Дегенмен, ірі қара мал су ішуді бірінші күнде жатсынғанымен, екінші тәулікте бірден үйренісіп кеткен. Оның үстіне қаһарына мінген аязды ауа райында да су мүлде тоқтамай, мал жайлауға кері әсерін тигізбеген. Керісінше, салқын ауа райында мал суаруды ұмытып, жұмыстың едәуір жеңілдегенін айтады. «Көп ізденістің арқасында бұл кемшіліктердің алдын алуға тырыстым. Ол үшін есік, терезенің, тіпті төбенің жылы болуы ескерілді. Ауа шығаратын арнайы құбыр да орнатылды. Сондықтан болар, жаңа бастамамда кідіріс болмады.  Мал сыртта суарылғаннан көрі, орнында әрі жер астынан шыққан «жылы» сумен суарылған төрт түліктің күтімі жақсы болады» дей келе Жанат болашақта мал басын көбейтіп, шаруа қожалық ашсам деген жоспарымен де бөлісті.

Шебер Жанаттың идеясының арқасында 17 сиыр бұзауымен сиятын мал қорада мал байланатын және қи шығаратын ыңғайлы орындар,  бәрі-бәрі ескерілген. Мәселен, қыстың боранды күндері шөп алуға ыңғайлы етіп жасалған қосымша төбесі жабық шөп аула жасалған. Күн ашық жарықта мал азығы сырттан алынса, қолайсыз мезгілге мал қора арқылы шөп ауға өтіп, шөп салу жолы ескерілген.

Жанаттың жолдасы Гүлбану да ауылдық әкімшілікте қызметте жасай жүріп, үй шаруасын дөңгелетіп отыр. Жолдасына қолдау білдіріп, жазда құс бағып, бау-бақша еккен жан. Жас отбасы бүгінде қос ұл тәрбиелеп, ауылдық елді мекенде тұрудың артықшылықтарын жете түсінуде.

 

Аман ІЗМҰХАН,

Шыңғырлау ауданы