29.04.2021, 10:08
Қараулар: 78
Ардагерлер есімі ұмытылмасын

Ардагерлер есімі ұмытылмасын

 Еліміз бұған дейін де небір зұлмат жылдарды бастан кешірді. Соның ішінде талай боздақты шейіт қылған, қанды қырғын-неміс шапқыншыларымен болған Ұлы Отан  соғысы ұрпақтар жүрегінде мәңгі қалды. Себебі, сұм соғыс талайдың ошағын ортасына түсіріп, ер азаматтары қан майданнан оралмағандар қаншама? Қанды қырғынды көзі көріп, от пен су кешкендердің бәрі де өмірден өтті. Десек те олар жүріп өткен жол, олардың қанымен, жанымен келген Ұлы Жеңістің қадірін біліп, майдангерлерді ұмытпау біздің парызымыз. Олардың ерлігін жас ұрпаққа үлгі етіп, Отансүйгіштік сезімді бойларына ұялатуымыз қажет.

 Қан майданға қатысқандардың бірі Темірғазы Шұңғылов. Қайсар-қайтпас мінезі, ержүрек болмысы бар майдангер соғыстан аман оралып, қартайған шағында осы жерден мәңгілік сапарға аттаныпты.

Майдангер 1910 жылы Жымпиты ауданы, Бұлдұрты ауылында туған. Кәдімгі ауылдың қара домалақ балаларындай балалық шағын ауылда өткізіпті. Тұрмыстарын жеңілдету үшін, кейінірек ата-анасы Россияға, Уфимск облысына көшкен. Сол жақта ер жетіп, ерте жасынан мал шаруашылық жұмыстарына араласқан. Бозбала шағына соғыс бұлты тұспа-тұс келіп,үйімен қош айтысып майданға  кете барады.

Бірден 1-Украина майданына түсіп, соғысқа кірген. Барлаушылық қызметке бейімделіп, көп ұзамай сержант болады. Командирлер оның жер, суға жақын, ұқыпты әрі өжеттігіне қарап, барлауға «тіл» әкелуге жиі жіберетін болған. Қиын тапсырманы үнемі абыроймен орындап отырған майдангерге әрбір барлау кезінде ажалмен бетпе-бет келіп, өмірі үшін, елі үшін жаумен арпалысуға тура келген. Танкі де айдап, оған қиын шептерді бұзып өтуге тапсырмалар жүктелген. Күш-қайраты бойындағы жас жігіт талай рет жаумен қолма-қол айқастарға түсіп, аман шығып отырған. Сөйтіп, мыңдаған әскермен бірге Украинаны азат етуге үлес қосады.

Майдангер соғыстағы қым-қуыт ұрыстардың бірінде жараланып, госпитальге түседі. Аз- мұз жазылысымен өз бөліміне оралып, соғыс біткенше болады. «Жеңіс» деген қастерлі де қуанышты хабарды елден жырақта, соғыс алаңында естиді.

Соғыстан кейін Ресейге оралып, отбасын құрған. Көп ұзамай бала-шағасын алып, Қазақстанға Шыңғырлау ауданының Жаңакүш селосына көшіп келеді. Жылдар бойы 2- разъезде теміржолшы болып еңбек етті. Кейіннен Ащысай селосына көшіп 1973 жылға дейін сонда тұрған. Соңынан Полтава селосына қоныс аударып, ұл-қыз өсіріп, еңбек етіп, ұрпағының қызығына тоймай өмір сүрген. «Отан соғысы» ордені және «Ерлігі үшін», «Совет Одағының Маршалы Г.К.Жуков» және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған. Темірғазы сынды оқ пен оттан оралып, бейбіт өмірде еліне адал қызмет еткен майдангер бейнесі оның ұрпағының жадында қастерлі есім болып мәңгілік сақталары сөзсіз.

Ардагерлеріміздің барлығы да үлкен құрметке лайық, олар бізге Ұлы Жеңісті сыйлады, осыны жадымыздан шығармайық!

                                                                                                                  А.МУСА,

Шыңғырлау ауданы