21.12.2020, 12:17
Қараулар: 531
Асыл тұқымды мал көбейтпек

Асыл тұқымды мал көбейтпек

 Шыңғырлаулықтар мал басын көбейтіп, оның өнімін өндіруде алда келеді. Мал шаруашылығымен айналысуды мақсат тұтқандардың жыл сайын саны артып, олар  ата кәсіпті басты бағыты қылуда.  Ардақ ауылдық округіне қарасты «Жайдар» шаруа қожалығы 2014 жылдан бері төрт түлік өсірумен айналысуда. Жетекшісі Нұржан Лесов  тұрғылықты жерінің нағыз малға жайлы, шаруаға ыңғайлы екендігін айтады.

Ауыл десе ішкен асын жерге қоятын жігіт ағасы қорасындағы аз-мұз ірі қара малы мен 50-ге жуық қой ешкісін, 40 шақты жылқысын көбейтіп отырған малсақ жан. Жеке шаруашылығын үлкейтіп, алдағы күнде талай  іс-жоспарларын іске асырмақ. Ойдан ой түйіп, жақында мал басына мал қосты.

Нақтырақ айтсақ, Нұржан Рахымжанұлы да мемлекеттік қолдаудың жақсылығын көрмек ниетті. Тиісті құжаттарды жиып,  пандемия уақытына да қарамастан барлық шарттарға қол қойып, міне енді, Ресей Федерациясынан 100 бас герефорд асыл тұқымды ірі қара малын  сатып алып келді. Шекара асып келген малдың барлығынан санитарлық, ветеринарлық, зертханалық  сынамалары алынып, екпелері салынып, уақытша карантинге қойылды. Карантин уақыты аяқталысымен 100 асыл тұқымды мал шаруаның малына қосылып, әр қарай өсім бермек.

 

А.МУСА,

Шыңғырлау ауданы