12.01.2022, 9:55
Қараулар: 13
Аудан әкімі блокпост жұмысымен танысты

Аудан әкімі блокпост жұмысымен танысты

Еліміздегі төтенше жағдай режиміне байланысты Алмаз ауылдық округінің маңынан өтетін Самара-Шымкент трассасының 510 шақырымында №5 блокпост орнатылған болатын. Осы орайда, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова облысаралық шекаралық аймаққа барып, күзетте тұрған қызметкерлердің тыныс-тіршілігімен танысты. Әлия Биғазықызы қыстың суық күнінде күндіз-түні өз қызметтерін абыроймен атқарып жатқан полиция қызметкерлерімен сөйлесіп, бүгінгі ахуалды сұрады. Материалдық-техникалық базасын қадағалады.

Блокпосттағы қызметкерлер патрульдік автокөлікпен, қару-жарақпен және басқа да қажетті құрал-жабдықтарымен қамтылған. Бекеттердің алдында тиісті жол белгілері қойылған.Ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі С.Астафьев «Ауданымызда пост орнатылғалы бері бүгінге дейін 856 автокөлік тексерілді, оның 260-ы  жеңіл, ал қалғаны 596 жүк көліктері. Сонымен қатар, шекаралық аймақтан өтуге ниет білдірген жүздеген адамның құжаттары мұқият тексерілді, әзірге құқық бұзушылық фактілері тіркелмеді»,-дей келе аудан тұрғындарын коменданттық сағат режимін бұзбауға шақырды.

Ел басына қиын күн туып, төтенше жағдай кезінде шекаралық аймақта тұрған азаматтарға аудан жастары да қолдау білдіріп, ыстық тағам беруді ұйымдастырды. Бұл шара әлі де жалғасынтабатын болады.