5.03.2021, 12:20
Қараулар: 124
Аудан әкімі нәзік жандылармен кездесті

Аудан әкімі нәзік жандылармен кездесті

8 наурыз- Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Әлия Биғазықызы Мұханбетжанова ауданымыздың нәзік жандыларымен кездесу ұйымдастырды. «Ана деп көркем жыр төккен, армысың, ару, нұр-көктем» атты кездесуге ауданымыздың көп балалы, іскер азаматшаларымен қатар ауданымыздың дамуына өз үлесін қосып жүрген әйел адамдар қатысты.
Кешті аудан әкімі Әлия Биғазықызы құттықтау сөзімен бастап, мерекелік марапаттарды табыстаумен жалғастырды. Шара барысында алты бала тәрбиелеп, өсіріп отырған көп балалы ана — Абуова Фарида Нұржанқызына “Күміс алқа” алқасы табыс етілді. Келесі кезекте аудан экономикасының өсіп-өнуі, мәдениетіміздің дамуы, ұрпақ тәрбиесі жолында табысты еңбек етіп жүрген абзал жандар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Ауданымызға талай жыл қызмет етіп, өзінің елеулі үлесін қосқан Батима Ахметованы Әлия Биғазықызы мерейлі 85 жасымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді. Сонымен қатар Талшын Тарғынқызы, Қалима Еслямова, Гүлсім Қуанаева, Эльмира Сапашева, Дариға Исагалиева, Ольга Жумашева, Ұлжан Өтегулова, Зульфия Гайнутдинова сынды аудан дамуы жолында аянбай тер төккен, жүректері мейірімге толы азаматшалар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Ауданымыздың қоғамдық өміріне бей-жай қарамай маңызды науқан кезінде уақыттарымен санаспай қызмет көрсеткен бірқатар әйел -азаматшаларға Қазақстан Азаматтық Альянсы атынан алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында Гүлсім Қуанаева, Ақмарал Кулушева, Алмагүл Тукенова, Оразғаным Асанова, Нұргүл Сайлауова, Үзілдік Орынғалиевалар бар.
Кеш соңында әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясаттың жүзеге асырылуына қосқан үлестері үшін Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Биғазықызына, аудандық «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» жұмыс тобының жетекшісі Әсел Ерсенқызына, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжамал Ғұмарқызына, «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айсұлу Амангелдіқызына және аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Сиражқызына гүл шоқтары табысталады.
Кеш аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздарының шағын концертімен қорытындыланды. Барша нәзік жандыларымызды мерекелерімен шын жүректен құттықтай отыра, баршаңыз да ең керемет марапатқа лайықсыздар дегіміз келеді. Өмірді ажарландыратын, нұр беретін жандар, әр күнімізді құлпыртып, махаббат пен шаттық сыйлайтын жандар, өмірдің гүлі, шаңырақтың алтын діңгегі сіздерсіздер! Мейрам құтты болсын!
Айбарша Лекерова,
Шыңғырлау ауданы