19.08.2021, 16:56
Қараулар: 109
Ауылдың дамуы жерді тиімді игеруге тікелей байланысты

Ауылдың дамуы жерді тиімді игеруге тікелей байланысты

Шырайлы  Шыңғырлаудың шөбі-шүйгін, суы-нәрлі, құмы ыстық деп ән-жырға қосқанымыздай, жеріміз ерекше, ауасы тұнық. Сонымен бірге мал өсіріп, егін салуға барлық жағынан да ыңғайлы аудан. Тек, құнарлы жерді баптап, белгілі бір мақсатта тиімді пайдаланса  барын берері анық.

Ауданымыздың жер көлемі 722,9 мың гектарды құрайды, соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жерлер 688,0 мың гектар. Нақтырақ айтсақ,186,9 мың гектар егістік, 40,3 мың гектар шабындық, 460,7 мың гектар жайылым және 73 гектар жер телімі бау-бақшаға арналып бөлінген. Жер және жерді игеру жөнінде Шыңғырлау аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Төлегеновпен жүргізген сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз:

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы 300,8 мың гектар жер жеке және заңды тұлғалардың иелігінде және ол ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық дамуы үшін пайдаланылуда. Жалпы бұл мақсатқа 91,5 мың гектар егістік, 4,6 мың гектар шабындық, 202,7 мың гектар жайылым берілген. Үкімет қаулысы бойынша игерілмеген жер телімдерін қайтару жұмыстары жүргізілгенін білеміз, ал біздің ауданда қандай жұмыстар атқарылды?

-Ауданның босалқы жер қорында барлығы 170,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бар. 78,4 мың гектар егістік, 33,5 мың гектар шабындық, 58,3 мың гектар жайылым, 73 гектары бау-бақшалық. 2019 жылы аудан бойынша 50,3 мың гектар бос жатқан жер учаскесі  тексеру кезінде анықталып, нәтижесінде 21,2 мың гектар жер мемлекетке кері қайтарылды. Қалған 29,1 мың гектар жер учаскесі игерілмек деген ойдамыз. Барлық шаруашылық басшыларымен кездесу барысында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жері бар, кейбір себептермен оны игермегендер тез арада нәтижелі жұмысты қолға алмақ. Ал, мүлдем игере алмаған азаматтардың жерлері қайтарылып, заңды түрде иесіз жер ретінде қайта рәсімделді. Сондай-ақ, бос учаскелер конкурс арқылы айналымға енгізілді. 2020 жылы ауданымызда пайдаланылмаған жерлердің  жалпы көлемі 53,5 гектар болатын. Жылдар бойы түрен түспеген, мал жайылмаған жер учаскелері анықталып, акт жасалды. Сөйтіп, жалпы көлемі 4,1 гектар жер учаскесі мемлекет иелігіне қайтарылды. Ал қалған учаскелер игерілу үстінде. Биылғы жылы да жалпы көлемі 7,8 мың гектар пайдаланылмағаны анықталды. Кезінде бұл жерлерді иелігіне алған 11 шаруашылық анықталып, олардың 4,8 мың гектар жерлері мемлекетке қайтарылды.

-Жылдар бойы егін шаруашылығы мен мал өсіруді бірдей ұстанып келген шыңғырлаулықтар, соңғы он жылда ата кәсіпке түбегейлі бет бұрып, мал шараушылығына басымдық бергені  байқалды. Ал, егін жайы не болмақ?

— Ал егістік жерге келер болсақ 2021 жылы аудан бойынша дәнді дақылдармен майлы дақылдар егілген жер көлемі – 11 313 гектар. Өткен жылдары 22 509 гектарға себілген көпжылдық шөптерді есепке алғанда ауданның егістік алқабы 33 822 гектарды құрайды. Өздеріңіз көріп отырғандай, ауданда егістік жер учаскелері көп. Алайда бүгінгі таңда сол егістік жерлер игерілмегендіктен мемлекетке қайтарылып отыр. Қазіргі уақытта осы игерілмеген егістік жер учаскелеріне мүмкіндіктері бар, егін саламын деген азаматтарды яғни, инвестиция құямын деушілерді шақырудамыз. Атап айтсақ, Ащысай ауылдық округі аумағына «Амангелді Агро» ЖШС 3365 гектар егістік жер учаскесін 2020 жылы конкурс арқылы алып, 2021 жылы көктемде 1000 гектарына майлы дақылдар екті. Қалған жер учаскелерін күзгі және 2022 жылдың көктем айына егін салуға өңдеуде. Ақшат ауылдық округіндегі  «Қарабұлақ» шаруа қожалығы да осындай жұмысты қолға алуда. Жоғарыдағы шаруашылықтар жер учаскелерін алғанына көп болмағанымен ауылшаруашылық техникаларын жаңартып, заманауи тәсілдер қолданып, жақсы өнімге қол жеткізуде. Егістік жерді игеру негізінен көп қаражатты қажет етеді және жаңа тәсілдерді қолдану үшін шетелдік техника қажет. Осыған байланысты аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын кішігірім шаруашылықтарға екпе шөптерді егуді ұсынудамыз.

Аудан негізінен ауыл шаруашылығы мақсатына бағытталған, соның ішінде егін және мал шаруашылығы бойынша жұмыстануда. Мал шаруашылығын соңғы үш жылмен салыстыратын болсақ,  мал басында шынымен өсім байқалуда. Мысалыға айтсақ, ірі қара малы 2019 жылы-30072, 2021 жылдың 1 шілдесіне-41820 басты құрап отыр. 2019 жылмен салыстырғанда 11 748-ге өскен. Бұл қуантарлық және өте құптарлық жәйт. Демек экономикада өсім бар деген сөз. Оған қоса, қой мен ешкі 2019 жылы – 33148 , 2021 жылы – 46739. 2019 жылмен салыстырсақ жылқы малы 2844-ке көбейген.Демек, жайылымдық жерлерге тағы да сұраныс болмақ.

— Бұл бағытта сіздердің тараптарыңыздан қандай ықпал болды. ?

-Осындай нәтижеге жету аудан аумағында мал шаруашылығына қолайлы жағдай жасалғандығына байланысты деп білемін. Атап айтсақ, елді мекен аумағындағы жайылым жер учаскелерінің көлемін өсіріп, елді мекен аумағында жақын орналасқан жер учаскелерін халықтың мал жаюына қалдыруды көздедік. Жазғы жайылымды ұйымдастыруға мән бердік. Жеке азаматтарды өндірістік кооперативтерге біріктіріп, мал басын асылдандыруға жағдай туғыздық. Сондай-ақ, елді мекен аумағындағы және бұрынғы су қоймаларын қалпына келтіріп, мал суаруға жағдай жасау үшін бос жатқан жер учаскелерін іске асырамын деген азаматтарға конкурс арқылы беруді ұйымдастырдық

-Азаматтарға жер телімдерін беру енді конкурс түрінде өтеді. Бұл үрдістің біздің ауданымызда іске асқанына міне, екі жыл болыпты. Нәтижесі қандай? Тиімділігі ше?

-2020 жылы ауданымызда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөнінде 6 рет конкурс өткізілді. Жерді пайдаланамын, еңбек етемін деген мақсатпен 23 шаруа қожалық және 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашылды. Олар осы жерлерден өз нәпақасын тауып, елге де пайдасын тигізуде. Аталған конкурс арқылы 62,2 мың гектар жер берілді. Оның 34,6 мың гектары егістік, 27,1 мың гектары жайылым болатын. Біздің қадағалауымыз бойынша барлығы да тиісінше жұмыстанып, жерді өз қажеттіліктеріне әрі тиімді пайдалануда.

Ал, 2021 жылдың 7 айы ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру үшін 3 конкурс өткізілді. Нәтижесінде, 6 шаруа қожалығы және 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылып, жалпы көлемі 40,2 мың гектар жер учаскелері пайдалануға берілді . Оның 6,5 мың гектары егістік, 23,7 мың гектары жайылым.

Айта кету жөн, жыл соңына дейін тағы 70 жер учаскесін, 38,0 мың гектар шамасында жер учаскесін беру жоспарымызда бар. Бәрі де халық игілігіне бағытталып жатқан шаралар.

-Жер телімдерінің 90 пайызы ауылдық округ аумақтарында орналасқан, кей жағдайда ауыл адамдары үшін үй іргесіндегі жерді қаладан немесе басқа облыстан келіп ұтып алуларына наразылық болмай  ма? Бұл туралы қандай пікірдесіз?

— Жер учаскелері, негізінен, ауылдықтарға берілді. Себебі, олар шаруа қожалықтарын ашып, осы жерде өмір сүруде. Ал, ауылға қаладан келіп, еңбек етем, кәсібімді осы жерде дамытам деушілерге де конкурс ережелері бірдей. Тіпті олардың ауылға келіп, ауыл адамдарын жұмыспен қамтуына да септігі тиер еді. Осы екі жылда ауданға облыс аумағынан 5 инвестор тартылды, өзге де облыстардан 2 инвестор тартылды. Аталған инвесторлар арқылы ауданға 1,5 млрд теңге инвестиция салу жоспарлануда. Ауылдықтар үшін де оның көмегі зор болмақ

Сонымен қатар ауданда инвесторлардан басқа ауыл тұғындары да жаңадан жер учаскелерін алып жұмыстарын жүргізуде, атап айтсақ Ақбұлақ ауылынан Б.Әубәкіров, А.Нұқатов, А.Мұрзағалиева, Ақшат ауылынан Д.Садықов, Шыңғырлау ауылынан Е.Умудияров сияқты азаматтар жер учаскелерін 2020-2021 жылдары алса да бүгінгі таңда жаңадан мал ұстайтын қораларын салып, мал басын көбейтіп шаруашылыққа қажетті техникалар сатып алуда. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын ашты. Мемлекеттен бөлінген бағдарламаларға қатысып, бизнестерін дамытпақ.

-Конкурстардың ұйымдастырылуы, ашықтығы туралы?

-Ауданымызда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне сұраныс күннен-күнге артуда. 2019 жылы 1 жер учаскесіне 2-3 өтінім түсетін болса 2020-2021 жылдары 1 жер учаскесіне 7-10 өтінім қабылдануда. Бұл-тұрғындардың жерге деген қызуғушылықтары өсіп, өз істерін жүргізуге сенімдері де артқандықтарын байқатады.

Ал, конкурс туралы айтсақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беруге арналған конкурстың бәрі де ашық өтуде. Әрбір адамға ол қолжетімді. Конкурсқа шығарылатын барлық жер учаскелері Батыс Қазақстан облысының геопорталында және аудан әкімдігінің интернет ресурсында орналастырылған. Конкурс ашық түрде өтуде. Интернет ресурс арқылы тікелей эфирде жүргізіледі. Конкурсқа өтінім берген азаматтар әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы өз өтінімдерін қалай бағалағандарын көре алады.

-Конкурсқа қатысқан өтінімдердің талапқа сай еместігінен, жер игеруге әлеуетті тұлға оны ала алмай қалатын фактілер де жиі кездесіп жүр. Осы тұрғыда не айтасыз?

Аудандық жер қатынастары бөлімі конкурсты ұйымдастыру және өткізуді ҚР Жер кодексінің 43-1 бабына және «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту» туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 бұйрығын басшылыққа алып өткізеді. Осы аталған құжатта өтінімдерді қалай толтыру, құжаттар қалай рәсімделетіндігі, инвестиция көлемі қалай есептелетіні барлық мәлімет толық және  түсінікті көрсетілген. Жер учаскесін алуға өтінім берер алдында әрбір азамат осы құжаттарға қарап көңіл бөлуін сұраймыз.

— Ауданда шөп шабу, егін егу жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникалары ауадай қажет екенін білеміз, осы техникалар ауданда жеткілікті ме?

Ауыл шаруашылығы жер учаскелерін айналымға енгізу барысында аудан аумағындағы ауылшаруашылығы техникалары да жыл санап жаңартылуда. Соңғы үш жылмен салыстыратын болсақ ауданға  2019 жылы 59 жаңа техника алынды, инвестиция көлемі 238,4 млн теңге. Ал 2020 жылы 96 дана, инвестиция көлемі 513,6 млн. теңге. 2021 жылы 53 жаңа техника  сатып алынып, инвестицияның көлемі 309,2 млн теңгеге болды.

-Ауыл шаруашылық жерлерінен басқа қандай жер учаскелері азаматтарға беріледі?

Ауыл шаруашылығы жерлерінен басқа ауданда ҚР Жер кодексінің 48 бабына сәйкес комерциялық жер учаскелерін беру бойынша аукциондар өткізіледі. Бұл үрдіс бізде де бар. 2020 жылы осындай 2 аукцион өткізіліп 24 жер учаскесі 1 387 911 теңгеге сатылды. 2021 жылы 1 ғана аукцион ұйымдастырылып, 7 жер учаскесі 2 424 863  теңгеге сатылды. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.

 

— Әңгімеңізге рахмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жерден алар несібеміз мол болсын!

Айсұлу МУСА