11.06.2021, 15:36
Қараулар: 48
Ауылын ұмытпаған қотанталдықтар

Ауылын ұмытпаған қотанталдықтар

Әр ауылдың маңында ата-баба жерленген зираттар көп.  Адам баласының  қайда жүрсе де, қандай болса да өткенді еске салып, өскен жеріңді ұмытпа дегендей  алыстан көрініп тұрады.  Бет сипап, зират етіп, топырақ салып өтесің.

Қотантал ауылының зираты  қырлы жерде орналасқан. Үлкенді – кіші жолай өткенде немесе арнайы келіп,  аруақтар бейітіне топырақ салып, құран бағыштайды.

Әйтсе де, зираттың  қараусыз, күтімсіз қалғаны, арасында мал жайылып жүргені талайдың жанына бататын.  Ақылдаса келе ауылдастар өз күштерімен зиратты қоршап, жақында үлкен бір іс атқарды. Айта кеткен жөн, ауылдан шыққан кәсіпкер Азылхан  Жолдығалиұлы 300 мың теңгесін ауыл үшін берсе, басқа да жерлестері де шама-шарқынша қолдау көрсетіп,  біршама қаражат жиналды.  Қоршау темірлер сатылып алынды. Дәнекерлеу жұмыстарын да өздері атқарды. Көп ұзамай зираттың қоршау жұмысы аяқтала келе  ауыл маңында садақа берілді. Тұрғындар қойларын және ас-суларын ала келіп осы күні ас берілді.  Жан-жақта жүрген жерлестер бас қосып, қауышып, мәре-сәре болды. Осы жұмысты ұйымдастыруға  мұрындық болған Мейірман Мендалиевке қотанталдықтар алғысын айтса, жанашыр жан ауылдастырының қолдап,  ойлаған ісін тез арада көтеріп әкеткендері үшін ризашылығын білдіреді.

Өлі риза болмай, тірі баймас дегендей, ата — баба рухын қадірлеп-қастерлеу кейінгі ұрпаққа да үлгі болсын.

А.МУСА,

Шыңғырлау ауданы