4.06.2021, 14:59
Қараулар: 57
Ақсуат түлектері жарап тұр

Ақсуат түлектері жарап тұр

Мектеп бітіру – әр адамның есінде сақталатын ерекше сәттердің бірі. Мектеп бітіріп, сыныптастармен, ұстаздармен қоштасу – өте қиын, жүректе қимастық болады, әрине, дегенмен сыныптастармен 10 жылдықта, 20 жылдықта, 30 жылдықта жиналып, мәре-сәре болып шер тарқатқанға не жетсін?!

Осы орайда Ақсуат мектебінің 10 жылдық, 20 жылдық түлектері мен 30 жылдық түлектері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында ауылға арнайы естелік сыйлықтарын орнатып, табыстап кетті.

Ауылдың 10 жылдық мектеп түлектерінің демеушілігімен ауылға «I love AQSUAT» көлемді әріпті тақтайша ілінді.

«Біз 2011 жылғы түлектерміз. Биыл мектеп бітіргенімізге 10 жыл болып қалыпты. Мектептегі шағымызды қайтару мүмкін емес қой, бірақ мектепке қайта келіп, партаға отырған кезде бір сәт оқушы кезімізге оралғандай болдық. Балалық шағымыз өткен жерге бір пайдамыз тисін деген мақсатпен осындай тақтайша ілдік. Әрбіріміз әр жерде, әр салада болсақ та жиналып, бір-бірімізді, мектебімізді көріп, көңіліміз бір көтеріліп қалды» — дейді Нұрқанат Кабибуллиев.

Игі істерден 20 жылдық түлектер де шет қалмады. 20 жылдық түлектердің демеушілігімен мектепке таза су құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. «Су – өмір өзегі» демейді ме? Балалардың таза су ішуіне сеп болған түлектерге ауыл тұрғындарының ризашылығы мол.

Қазіргі таңда өзі де ұстаздық етіп, балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген 20 жылдық түлек Қадиша Сейілханқызы мектепке кірген сәттен-ақ балалық шаққа саяхаттағандай күй кешкенін жеткізді. «Түлектер жиналып, мектепке керек, маңызды зат сыйлауды ұйғардық. Осылайша су құбырын өткізуді жөн көрдік. Суды қаздырып, шығаратын арнайы көлік те жалдап, барынша сапалы қылып өткізіп беруге тырыстық. Балалардың жақсы жерде оқып, жақсы білім алуына аз да болса үлесімізді қостық деп ойлаймыз» дейді Қадиша Сейілханқызы.

Ауылға деген Ақсуат түлектерінің бұл соңғы сыйы емес. 30 жылдық түлектер де мектеп игілігі үшін сый тартуды жөн көріпті. 30 жылдық түлектер оқушыларға ұлттық музыкалық аспаптар, гитара сыйға тартты.

«Түлектердің жасап жатқан сыйына ауыл тұрғындары атынан, мектеп ұжмы атынан үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Осындай игі істер болашақта жалғасын табады деп сенеміз» деп Қарағаш ауылдық округінің әкімі Е.Бекжанов өз пікірін білдірді.

Мектеп – білім бұлағы деп жатады. Алайда мектеп оқушыларға тек қана білім беріп қана қоймайды, ол жер бала бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілікті, мейірімділікті тәрбиелеуші орта саналады. Осындай кең жүректі, жанашыр жандар білім нәрімен сусындаған білім ордасы әлбетте әлі  талай білімді, өнерлі, тәрбиелі түлектер ұшырары анық. Осындай игі істен кенде қалмай, атсалысқан барша жанға алғысымызды білдіреміз! Арттарыңыздан ерген оқушылар сіздер секілді ел жанашыры, мақтан тұтар ел азаматтары болады деген сенімдеміз!

 

А.ЛЕПЕС,

Шыңғырлау ауданы