10.12.2020, 17:59
Қараулар: 304
Ақшаттықтар төл кәсіпке бет бұрып, өз істерін бастауда

Ақшаттықтар төл кәсіпке бет бұрып, өз істерін бастауда

Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердің бірі – Ақшат ауылдық округі.  Кеңес заманында «Лубен» деп аталған өлкеде қазақ, орыс, украин, неміс, белорус, татар ұлт өкілдерінен құралған 1400-ге жуық халық тұрады.  Бүгінде көгілдір отыны, таза ауыз суы оң шешімін тапқан ауылда барлық дерлік әлеуметтік нысандар заман талабына сай жаңартылып, халықтың тұрмысы жылдан жылға жақсарып келеді. Тек биылғы жылдың өзінде мектебі жөндеуден өтіп, ауыл ортасына тақтайтай тегіс жол, тротуар төселді. Ендігі кезекте, ауылдық балабақша да жөндеуден өтуде. Жергілікті жерде Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген  Ақшат ауылдық округінің әкімі М.Сатыбалдиев осы жұмыстардың басы қасында.

Иә, 350-ден астам түтіні бар ауылда Үкіметке алақан жайып отырған отбасылар кем-кем. Көпшілігі мал ұстап, кәсіпкерлік ашып, түрлі қызметте өз напақасын тауып жүр. «Жазда шанаңды, қыста арбаңды сайла» демекші, жаз бойы мал азығын дайындап, қысқа қамдаған шаруа жандардың арқасында биыл Ақшат ауылында шөп жоспардан артық 110 пайызға орындалыпты. Еңбекқорлығымен, ынтымақтастығымен белгілі жарасқан ауылда 22 шаруа қожалық, 15 жеке кәсіпкерлік тіркелген. Округ бойынша 5265  ірі қара, 800 жылқы, 4673 астам ұсақ мал және 30-ға жуық түйе бар. Жалпы ақшаттықтар үшін төрт түліктің қайсысы болсын таңсық емес.

Ақшат ауылдық округінде «Өнім» деп аталатын шаруа қожалығынан төрт түлік малдың барлығын да кездестіруге болады. Ауданға белгілі дәрігер, депутат болған, бүгінде зейнеткер, ауданның құрметті азаматы Жауынбай Байқатов қос ұлымен бірге отбасылық қожалықты дөңгелетіп отыр. Зеңгі баба түлегі – сиыр, Ойсылқара баба – түйе, Қамбар ата түлегі – жылқы, Шопан ата түлегі  – қой өнімдерін өңірімізге сатумен қатар, кейде экспортқа да шығарады. Ал, аудан көлемінде тек «Өнім» шаруа қожалығында өндірілетін шұбатқа аудан тұрғындарынан емес, Орал, Ақтөбе қалаларынан да  тапсырыс көп дейді.

 

Анар Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы