14.05.2021, 17:24
Қараулар: 69
Бақ бағалағанға қонады

Бақ бағалағанға қонады

Алмаздықтар Жаналиевтардың жанұясын жақсы таниды. Олардың еңбекқорлығын балаларына үлгі етіп, ал қиналғанда көмек сұрап та барады. Үйдің отағасы Жаналиев Ерланның кіндік қаны тамған жері осы Алмаз ауылы. Ауылдан ешқайда көшпеймін деген ұстанымы оның бала кезінде-ақ санасына жатталып қалғандай. «Басқа жерде бәрі басқаша ғой» деп жәймен жымиятын жігіт ағасы ауылын аса қадір тұтады.

   Бұл отбасы әсіресе, ауылда көпшілікке арналған іс-шаралардан қалыс қалмай, сол бастамалардың басты жанашыры болып, қолдан келер көмегін беруді әдетке айналдырған. Барды қанағат тұтатын, жоқтан бар жасауды үйренген отбасына береке біткен,  тұрмыстары тым-тәуір. Тынымсыз тірліктің, таңнан кешке дейінгі еңбектің, қолдағыны ысырапсыз жұмсаудың арқасында дүкен ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Ерлан кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, қазіргі таңда ірі қара мал өсіріп, бордақылау мақсатындағы шағын шаруа қожалығын да дөңгелетіп отырған жәйі бар. Балажан әке оған қызының атын беріп  «Әйгерім» деп қойғаны да жанұяның бір- біріне деген құрметін, сүйіспеншілігін көрсетеді.

Ерланның жұбайы Гүлшара Шамжағарқызы қарапайымдылығымен айналасына сыйлы. Азық-түлік дүкенін ашқалы бері, жар құлағы жастыққа тимей жүр. Тыным таппай, жұмысын тиянақты жүргізіп келеді. Қалаға сабылатын адамдардың жағдайын ойлап, ауылға керектінің бәрін  дүкенге толтырып қоюға тырысады. Ауылда жұмыс жоқ деп отырғандар қатарына кірмей, тапқан табысын молайтып, екі студент қыздарының алаңсыз оқуларына  бар жағдайды жасауда.

— Отбасы құралған соң, үйдің іші ең алдымен сыйластыққа, сүйіспеншілікке толы болғаны дұрыс қой. Ал бақ пен береке сонда ғана осындай жанұяға тұрақтап қалады деп ойлаймын,-дейді  аяулы жар, жан-жарының қолдаушысы, көмекшісі Гүлшара.

Әсіресе, карантин кезінде азық-түліктен тапшылық көрмеген ауыл адамдары Жаналиевтер отбасына дән риза. Пысықтығына қоса, үлгілі, әрі қайырымды  жанұя деп мақтан тұтады. Осындай отбасыларымыз көп болғай!

                                                                                                           А.АЙСАРА,

Шыңғырлау ауданы