11.05.2021, 11:27
Қараулар: 79
Екпе алған 83 жасар әжей

Екпе алған 83 жасар әжей

Ауданымызда үстіміздегі жылдың 10 наурызынан бастап коронавирусқа қарсы екпе алу жұмыстары басталған болатын. Бастапқыда халық сенімсіздік танытып, түрлі алып-қашпа әңгімеден қорқып, вакцина алуға деген құлшынысы төмен болатын. Дегенмен, үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде екпеге сенім білдірген жандардың саны күннен күнге артуда. Әсіресе, екпе алуға деген құлшыныс егде адамдардан байқалады. Солардың бірі 83 жасар Мастега Нина Ивановна. 1937 жылы дүние есігін ашқан Нина Ивановна «Спутник-V» вакцинасының екі кезеңі бойынша екпе алыпты.

  • Мен бүгінгі әлемдегі ахуалды саралай келе өз қалуыммен вакцина алуға ниет білдірдім. Осыдан 21 күн бұрын бірінші дозасын алған болатынмын. Алғаш екпе алғанымда ешқандай өзгеріс байқалмағаны сонша, тіпті маған осы укол салды ма деген ойға қалдым. Дәрігер ескерткендей дене қызуы көтерілуі, әлсіздік болуы мүмкін деген ескертулердің бірі де болмады. Жасым 84-ке аяқ басқанда мен де өз тарапымнан қорғану шараларын жасадым, сондықтан жерлестерімді қорықпай екпе алуға шақырамын. Бұл коронавирус дертін тек осы жаппай вакцинация арқылы ғана жеңеміз, — дейді көпті көрген әжей.

«Бүгінде Шыңғырлау ауданы бойынша – 755 адам ресейлік «Спутник-V» вакцинасын алдырды. Екпе алған жандардың арасында денсаулығында, яғни дене қызуына қатысты аса шағым болмады. Вакцинаға қатысты барлық талаптар мұқият орындалуда. Бір ампулада 3 миллиметр доза 5 адамға жетеді. Арада белгіленген күн өткен соң адам екпенің екінші компонентін алып жатыр. Өйткені, екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады. Бірақ жерлестеріміз вакцина туралы, қалай күтіну, сақтану жолдарын өздері де толық біледі», – аудандық аурухананың дәрігер-эпидемиологы Ә.Карабалина.

Иә, әлемді жаулаған коронавирусты жеңудің бір жолы – ол вакцинация. Вакцина ауырған адамды емдемейді, тек дерттің алдын алады. Сондықтан, сақтық шараларын ұстанып, өзімізді де, өзгені де қорғай білейік! Ал, Сіз екпе алдырдыңыз ба?

 

Аман ІЗМҰХАН,

Шыңғырлау ауданы