25.03.2021, 18:27
Қараулар: 154
Ертегілер әлеміне бойлатты

Ертегілер әлеміне бойлатты

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Полтава негізгі мектебінің кітапханашысы Мариям Шурманованың ұйымдастыруымен «Ертегілер әлемі» сайысы өткізілді. Алдымен мектеп оқушылары Ая Исқақова мен Сымбат Лесова «Ертегілер елінде» өлеңімен шараны бастады. Сайысқа үш ата-ана — Дана Уксумбаев қызы Аминамен, Қарлыға Бердіғалиева қызы Қарақатпен, Нұргүл Қадырғалиева қызы Алтынгүлмен қатысты. Ата-аналар сайыс шартына сай  кезігімен ертегілік көрініс көрсетті, бұл жерде олардың актерлік шеберлігі, көрнекілікті қолдануы, сахналық қойылымы сынға түсті. «Алтын сандықтан» ертегі кейіпкерлерінің жоғалтқан заттарын тауып, «Сыйқырлы дорба» ойынында «алтын жұмыртқаға» жасырылған ертегілер туралы қойылған сұрақтарға жауап берді. Мұнан соң ата-аналардың ертегіні қаншалықты жақсы білетіндіктері сыналып, викториналық сұрақтар қойылды Ата-аналардың ұлттық салт-дәстүрді сақтап киінулері де, қазақы болмыста балаларға ертегілердің мән-маңызына бойлата білуі ерекше болды. Мария Аташқызы бұл шараға ерекше әзірлікпен келгені анық байқалды, көрнекіліктерді өз қолымен жасап, сахнаны да шебер көркемдеуі сайыстың шырайын келтіргені анық еді.

Сайыс соңында талаптарға сай өзіндік білімдерін, өнерлерін, ертегі әлемі туралы мағлұматтарға мейлінше қанық екендіктерін көрсете білген Дана Уксумбаева мен қызы Амина жеңімпаз деп танылып, ұйымдастырушы атынан сый-сияпатқа ие болды.

Осы шара барысында бұған дейін «Ертегілер елінде» деп аталған онлайн сайыстан жүлделі І орын алған Никита Удовиковтың айтқан ертегісін балалар тамсана тамашалады.

Есте қаларлық дәрежеде өтіп, ерекше көңіл-күй сыйлап, сиқырлы ертегілер әлеміне шақырған сайыс көпшіліктің көңілінен шықты. Соңында Ерасыл Мұхамбетқалиев пен Николай Барабаш «Әжем айтқан ертегі» өлеңін шырқап, баршаны келіп жеткен Наурыз мерекесімен құттықтады.

                                                                                                    Гүлім ШЫНТАС,

Шыңғырлау ауданы