3.03.2021, 12:00
Қараулар: 149
Еңбегіне қарай құрметі

Еңбегіне қарай құрметі

Бүгін аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова зейнеткерлік жасқа толған аудандық туризм және экология орталығының директоры, өңірімізге белгілі ақын, ауданымыздың гимініне айналған «Шыңғырлауым – сәнді өлкем» әнінің авторы Адақ Шотпановты қабылдады.Әлия Биғазықызы өзінің еселі еңбегімен елінің өсіп-өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған Адақ Танабайұлына зор денсаулық, баянды ғұмыр тіледі. Сондай-ақ, алғыс хат табыс етіп, ата-баба дәстүрімен иығына оқалы шапан жапты.
Адақ Танабайұлы еңбек жолын білім саласынан бастап, аудан әкімдігінде лауазымды қызметтер, мәслихат хатшысы, «Серпін» газетінің редакторы лауазымдарында абыройлы еңбек етті. Оны аудандық «Отан» партиясының негізін қалаушы ретінде де жұртшылық жақсы біледі. Өзінің еңбекқорлығының арқасында төрт мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Еселі еңбегі ескеріліп түрлі алғыс хат және медальдармен марапатталды.
Сондай-ақ, туған күн иесіне Шыңғырлау ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Имашев та жылы лебізін арнап, қуанышты және шуақты күндер тіледі.
Өз кезегінде Адақ Танабайұлы құрмет көрсеткен аудан әкіміне шынайы алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Б.Баймағамбетова,
Шыңғырлау ауданы