23.07.2021, 12:12
Қараулар: 116
«Жасыл елде» жұмыс қызу

«Жасыл елде» жұмыс қызу

Ауданымызда қатарынан 7 жыл бойы студенттердің уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуі үшін ұйымдастырылып отырған «Жасыл ел» еңбек жасағы биыл да әдеттегідей өз жұмысын бастады. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және Шыңғырлау ауылдық округі аппаратының ұйымдастыруымен атқарылып отырған маусымдық шара екі бөлім бойы өткізіледі. Бірінші бөлімге 30 жас сарбаз іріктеліп алынған. Екінші бөлімге де 30 сарбаз алу жоспарда бар, бұл ауданымыздың «Жасыл ел» еңбек жасағы аясындағы ең көп сарбаздар алынған жыл болмақ. Сарбаздарға түске дейінгі уақытта арнайы киімдер табысталып, жастар сол күні түстен кейін-ақ жұмысқа кірісіп кетті. Атап өтсек, қосымшаға арнайы костюм, бас киім және аяқ киім кіреді. «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары ауыл ішін көркейтуде үлкен істер атқарып жатыр. Нақты айтар болсақ, шөп жұлу, гүл, ағаш суару сынды жұмыстар арқылы елді мекенімізді желектендіру және көгалдандыру шаралары жүргізілуде. Осы мақсатта жастар күшін елге пайда тигізу, ауданымыздың экологиясына өз үлестерін қосу мақсатына жұмылдыру алда да жалғасын таба бермек. «Сарбаздар тапсырмаларын тыңғылықты әрі ұқыпты атқарады. Барлығы ересек, көкірегі ояу жандар болғандықтан әр күнгі тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Қазіргі таңда аудан ішінде еңбек етуде. Болашақта Шыңғырлау ауданының 7 кереметіне барып, айналасын тазарту жұмыстарын жүргізу жоспарда бар» — дейді ұйымдастырушылар.

Осы орайда ауданымызға жақын арада «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының штаб жетекшісі Аслан Тапишев жұмыс сапарымен келіп кеткенін де айта кеткен жөн. Аудан әкімі Әлия Биғазықызының қабылдауында болып, алдағы жоспарлар  және студенттік құрылыс жайлы сөз қозғады. Кейін «Жасыл ел» еңбек жасақтары сарбаздарымен кездесіп,  олардың еңбекқорлығына тәнті болып, сәттілік тіледі. «Жасыл елдің» тірлігі осындай қызу әрі сұранысқа ие болар болса, болашақта сарбаздардың жалақысын тағы өсіру жоспарда барын айтып өтті.

 

Айгүл Мақсотова:

Жазғы демалыста бос жатқанша, уақытты осылай тиімді өткізген дұрыс деп есептеймін. Оның үстіне бұл шағын болса да ауданымыздың көркеюіне қосқан үлесіміз деп білемін. Өзімнің ауылымның гүлденуіне көмек қолын созып жатқанымды мақтан тұтамын.

 

Әйгерім Шалқарбай:

«Жасыл ел» құрамында жүргеніме еш өкінбеймін. Бос уақытымды пайдамен өткізсем, ол өзіме де ауданыма да игілік емес пе? Өз басыма «Жасыл елде» жұмыс істеген ұнайды. 5 күн жұмыс істейміз, оның үстіне қасымда достарым, құрдастарым бар. Сол себепті күнделікті жұмыс тез әрі қызықты өтеді. Өзіміз пайдалы ісімізбен басқаларға үлгі болсақ, өзгелердің де қызуғушылығын арттырамыз деп ойлаймын.

Айбарша ЛЕКЕРОВА