30.09.2021, 10:08
Қараулар: 66
Жолдағы қараусыз малға кім жауапты?

Жолдағы қараусыз малға кім жауапты?

Күз мезгілі келісімен ауыл іші түзден келген малдардың қарасымен толатыны рас. Дегенмен жыл бойына өз жауапкершілігіндегі төрт түлікті түзге де жібермей, бақташыға да қоспай, не өздері бақпай қараусыз жіберіп, соңында тиісті сала өкілдерінің ескертулеріне ілігіп жататындары жоқ емес. Расымен де, жыл басынан бері  көшеде қараусыз жүрген жануар иелеріне қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық» заңының 408 бабына сәйкес аудан көлемінде 242 адам жауапқа тартылыпты. Оның екі жағдайында жол кезген қараусыз мал Самара-Шымкент бағытындағы, тағы біреуі Ақсай-Шыңғырлау бағытындағы жолдарда көлік апатына әкелген. Бұл жағдайларда адам өлімі тіркелмегенімен, тұрғындар өміріне қауіп төндірумен қатар, темір тұлпардың жарамсыз жағдайға әкелгенін айтпаса да түсінікті болар.  Ал, шойын жолдың бойында да иесіз жүрген малдың кесірінен жыл сайын оқиғалар тіркеліп, пойыздардың тиісті жылдамдықтарымен жүруіне кедергі болған. Мәселен өткен жылы 8, биыл 1 жағдай тіркеліп, осындай жол бойына шығып кеткен қараусыз мал иелері жауапкершілікке шақырылған. Пойыздың белгіленген уақытынан сәл-пәл ауытқуының өзі Қазақстан бойынша түгел жүйеге әсер ететіні белгілі.

Жалпы аудан орталығында 6894 ірі қара, 11886 қой-ешкі, 500-ге жуық жылқы бар екен. Ауыл үлкен болғандықтан елді мекен ішіндегі аналық ірі қара малға 3 бағытта күту ұйымдастырылса, ауылдан тыс 16 жерде ұсақ малдар жайылымда. Енді күз мезгілі болғандықтан, даладан алып келген бұл малдар  ауыл ішіне қараусыз жіберілсе, бір жағынан жолда жүруге қауіп төндірмек, екінші жағынан жаз бойы баптап күтілген тал-шіліктерден, әр жерге тасталған  тезек пен құмалақтан не сән, не тазалық қалмақ?! Ауылдық округ әкімдігі немесе ішкі істер бөлімі қызметкерлері тарапынан қараусыз жүрген мал иелеріне ескерту беріліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы жауапқа тартылса да, көше кезген малдың азаяр түрі көрінбейді. Өткен жылы иесіз жануарларды қамауға арналған арнайы салынған айыппұл тұрағына тек өткен тәуліктің өзінде 72 мал қамалыпты.

«Аудандық полиция бөлімінің және ветеринарлық инспекция мамандарымен бірлесіп, қараусыз малдың иелерімен жұмыстанудамыз. Дегенмен бәрі жануар иесінің жауапкершілігіндегі дүние ғой, төрт түлік асырасақ та, мысық, ит асырасақ та, біз оған жауаптымыз. Жерлестерімізге қанша ескерткенімізбен, олардың тарапынан салғырттық байқалады. Осы таңға дейін әр жиын сайын тұрғындарға үй жануарларын қараусыз жібермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтиже көңіл көншітпейді. Ал, ескертуге құлақ аспаған тұрғынның ірілі-ұсақты малы бірден айыппұл қамағына қамалуда. Жануарлардың иелері бірінші рет «ұсталса» хаттама толтырып, «ескерту» беріп жатырмыз. Дегенмен, екінші мәрте ұсталатын болса, үшайлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, жуырда жол бойына сиыр макетін орнатқан болатынбыз, бірақ арағакөп уақыт өтпестен әлгі «сиырдың» басын қиып алып кетіпті. Бұл жерде кімге ренжу керек екенін білмеймін»,-дейді Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ә.Қаражанов.

Жасыл желекке ауыз салу салдарынан малы айыппұл қамағынан табылған ауыл тұрғыны полиция қызметкерлеріне негізі малды қараусыз қалдырмайтынын, тек көз жазып қалғанын айтып жатады. Әйтсе де бұған басты себеп-жерлестеріміздің бағып отырған малдарына дұрыс қарамай, емін-еркін жібере салулары. Әркім қандай сылтау айтса да, әлі де салғырттықтың салдары алақандағыдай көрініп отыр емес пе?

Учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Айбек Мұхамбетов «Көшеде қараусыз жүрген жануарлар иелеріне қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық» заңының 408 бабына сәйкес округ бойынша хаттамалар толтырылып, «ескерту», «айыппұл салу» түріндегі әкімшілік жаза қолданылып жатыр.  Кей тұлғаларды ветеринариялық инспекция саласы арқылы жауапқа тартудамыз. Олардың тарапынан қараусыз жүрген малдар бірдейлендіру рәсімінен (сырға салу, чиптеу, таңбалау) өткізілмегені үшін жыл басынан бері 22 тұлғаға  «Әкімшілік құқық бұзушылық» заңының 406 бабы, 15 тармағына сәйкес жеке тұлғаларға 10 АЕК, шаруа қожалық басшыларына 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Жалпы өткен жылы  «Батыс Қазақстан облысының аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларын бекіту туралы» Ережесі күшіне енген болатын. Бұл ережені басшылыққа ала отырып, қараусыз малдарды айыппұл тұрағына қамаймыз. Мәселен, өткен жылдары көше кезген малдың иесін тауып, малын алып кету үшін хабарлама берсек, ендігі кезекте бірден айыппұл қоршауына тапсыратын боламыз. Біздің міндетіміз -жануар иелерін қорқыту, айыппұл салу емес, керісінше ұрлық пен қараусыз мал кесірінен болатын жол апатының алдын алу»,- дейді.

Қарап отырсақ, қараусыз жануардың зардабы көп екен. Эстетикалық сән мен санитарлық талаптардың бұзылғаны өз алдына, күндердің күнінде еркін жайылған мал ұрылардың оңай олжасына айналса, бірден жоқты таба алмаған полиция қызметкерлеріне ренжіп жатады. Егер де мал иесінің жауапкершілігі жоғары болса, құзіретті органдар өздерінің тікелей міндеттерімен айналысып, қоғамға одан да зор пайдасын тигізер ме еді?  Тұрғындардыңиелігіндегі иесіз төрт түлік жол апатына негіз болса, ол жол апатына кім жауапты болмақ?! Көлік жүргізуші ме, қараусыз малдың иесі ме, әлде әлгі жануар ма?!

 

Аман ІЗМҰХАН