27.05.2021, 17:51
Қараулар: 34
Жігіт сұлтаны – 2021

Жігіт сұлтаны – 2021

 Ауданымыздың «Жігіт сұлтаны» Мағжан Жеңісов облыс көлемінде өткен байқауда І орын иеленіп, мықтылығын тағы бір рет дәлелдеді. Өнерін ортаға салып, үздік атанған Мағжан – Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі «Шыңғырлау» спорт клубының әдіскері.

   «Жігіттің де жігіті бар, азаматы бір бөлек»  деп дана халқым бекер айтпаған ғой. Осы орайда облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, ішкі саясат, спорт және дене шынықтыру басқармалары, қала әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, «Nur Otan» партиясы және облыстық «Aqjaiyq» телеарнасының қолдауымен Орал қаласында «Жігіт сұлтаны — 2021» онлайн байқауы өткізілген болатын. Сегіз қырлы, бір сырлы, «нағыз жігіттің сырттаны» деген атқа лайық ер азаматтар аталмыш байқауда сынға түсіп, қай арнада болмасын мықты екендіктерін дәлелдеді. 5-6 мамыр аралығында оздырылған шараға Орал қаласынан, Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарынан 10 үміткер қатысты. Сайыс 5 кезеңнен тұрды. Қатысушылар «Қазақтың баласымын тегі бүтін», «Аттың даңқы жігіт қолында, жігіт даңқы өз қолында», «Жігіттер бар асыл сөзді…», «Жігіттер бар нарқасқа…», «Жігітке аз болады жеті өнер» аталымдары бойынша сынға түсті.

   Бойдағы бар өнерін, қайсарлығын көрсетуге тырысып, сайысқа жақсы дайындықпен барған Мағжан «аздаған кемшіліктер болды, әрине, бірақ келесіде сол кемшілікті болдырмауға күш саламыз» деп ойын ашық білдірді. Ауданымызда өткен «Жігіт сұлтаны» байқауында бас жүлдені иеленген Мағжан «Сайыс болған соң, іште қобалжу, сасқалақтау болады ғой. Сондай сәтте біліп тұрғаныңды да ұмытып қалады екенсің. Сахнаға көп шықпағаннан ба сұрақ-жауап сайысында аздап қиналып қалдым, бірақ өз-өзімді қолға алып бар сұрақтарға нақты жауап бердім» — деп өзіне қиын түскен кезең жайлы ой тарқатты.

   «Ат жалын тартып мінгендіктен ат үстіндегі ойындар өзіме қатты ұнады. Жігіттің жүректілігін, білегінің күштілігін, ептілігін талап ететін спорт түрлерінен күш сынасқан осы кезең ерекше есімде қалды. Бас жүлдені қанжығалаған бұрынғы әріптесім Серіков Қолғанат бауырыммен аударыспақ сайысында тең түскен кезіміз, ат үстінде күрескеніміз ұмытылмастай болды. Бауырымның мерейі үстем болып, ұпаймен ұтты, дегенмен белдесу өте тамаша өтті. Сол себепті бір орында тұрып қалмай, ендігі өз-өзімді дамытуға күш саламын» дейді жүлдегеріміз.

   Осы орайда жеңімпазымызға «Нағыз жігіттің сұлтаны қандай болуы керек?» деген сұрақ қойған болатынбыз. Өз кезегінде Мағжан

 «Нағыз жігіт сұлтаны –

Бойында нағыз күші қайнап тұрған,

Арыстандай ақырып сайрап тұрған.

Жігіттері қазағымның бетке ұстар

Жарыс болсын,намыс болсын –

Көздері жайнап тұрған!» — деп өлеңдетті.

Мағжан «Батылдық, өжеттік, қайсарлық – батыр бабаларымыздан қанымыз арқылы сіңген асыл қасиет деп білемін. Жігіттің сұлтаны атану үшін келбеттің сымбаттылығы, тәннің күштілігі, білімге құштарлық аздық етеді, нағыз сұлтан болу жүректің мықтылығында ойлаймын» деп өз ойын қорытындылады. Жеңімпазымызды тағы бір рет құттықтап, болашақта бағындырар биігіңіз көп болсын деп тілейміз!

Айбарша Лекерова,

Шыңғырлау ауданы