17.03.2021, 16:45
Қараулар: 147
Жүректі қозғайтын – жастықтың оты

Жүректі қозғайтын – жастықтың оты

Жас та болса басқаларға үлгі болып, айналасына еңбекқорлығымен сүйкімді болып жүрген жас отбасылары бар ауданымызда. Солардың бірі – Кереевтер отбасы.

Бахтияр мен Әйгерім отбасы құрғандарына көп болмаса да, көпшіліктің батасын алып, мақтауға ие болып жүрген жұп. Үйдегі үлкен кісілер «еңбекқор адам елге сүйкімді болады, еңбектен қашпаңдар» деп үнемі айтып жүретін. Осы жас отбасыға қарап, расымен де еңбекқорлығына, адамгершіліктеріне қайран қаласың.

Тұрмыстық өмірмен қатар қосымша табыс табуды қоса алып жүрген екі жас үйде бос отырмай, түрлі іспен айналысады.  Жастар тапсырысқа тағам пісіріп, киім сатумен айналысса, Бахтияр барлығымыз білетін инстаграм желісіндегі «Шыңғырлау инфо» аккаунтының жүргізушісі әрі авторы. Халық қолдауына ие болып, қолынан келгенше аудан халқына өз көмегін тигізіп жүрген қайырымды азаматтардың бірі. Оған дәлел – жақында құрылған «Көмек» қайырымдылық қоры. «Осындай қайырымдылық қорын ашып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу бұрыннан ойымда жүрген. Достарыма осындай идея тастадым. Барлығы қолдап, осылайша қайрымдылық қорын ашуды жөн көрдік. Осы уақытқа дейін сіз бен біз болып көптеген жандарға көмек қолын создық. Көмектесем деген жандар менің есепшотыма ақша жібереді. Соның барлығын жинап, мұқтаж жандарға көмектесеміз. Оқырмандар жіберген ең кішкентай сома да адамдарға үлкен көмек», — дейді Бахтияр. Әлі күнге дейін ақша жинау қоры ақсайлық Эмир бауырымызға Бахтиярдың ұйымдастыруымен ауданымыздың тұрғындарынан 270000 теңге көлемінде ақша жиналды.

Бахтияр да, Әйгерім де өте еңбекқор жандар. Бос уақытын пайдамен өткізуді жөн көретін жастар оқушы болған кездерінен-ақ адамдарға көмектесуді алдына мақсат етіп қойған. Адам денсаулығын қалыпта ұстап, құтқаруды таңдаған Әйгерім медицина саласын таңдап, медициналық колледжді тәмамдаған. Ал Бахтиярдың негізгі мамандығы – программист. Негізі Бахтияр бала кезінен өте креативті әрі жан-жақты бала болған. Бахтиярдың құрдасы Айдана есімді оқырманымыз «Бахтиярдың осындай группа жүргізуге деген икемін мектеп кезінен байқадық. «Мен сені іздеймін: Шыңғырлау» сынды группалар ашып, үнемі жүргізіп жүретін. Басты мақсаты: халыққа көмек көрсету, қол ұшын созу болған мектеп оқушысы қазір білдей ауданның маңызды көмекші құралына айналды», — деп өз ойымен бөлісті. Иә, расымен де Бахтияр ашқан бұл группа аудан халқына талай көмегін тигізді. Аталған группа қарапайым халық пен аудан әкімдігінің қарым-қатынас құралына айналғандай. Шыңғырлаулықтардың барлығы үлкен қызығушылықпен үнемі бақылап отыратын группа оның үстіне тегін жүргізіледі. Группа жүргізу сырт көзге көрінетіндей оңай шаруа емес. Оған біршама уақыт кетеді әрі үнемі ғаламтор желісіне қосулы болу керек. Көп уақытын халыққа арнайтын жүрегі мейірімге толы Бахтияр сынды ауданымыздың жас азаматы мақтауға әбден тұрарлық деп есептейміз.

Қазіргі таңда карантинге, декреттік демалысқа байланысты жұмыстары тоқтап тұрған жастар болашақта жеке істерімен қатар мемлекеттік жұмыстарын да жалғастырғысы келетіндерін жасырмады. «Негізі мамандығым өзіме ұнайды. Қазіргі таңда декреттемін. Бірақ болашақта жұмысымды жалғастыруға ниеттімін»,-дейді Әйгерім. Карантинге байланысты Бахтиярдың жұмысы тоқтап тұрғанмен, үйде бос отырмай, табыс тауып отыр. «Қазіргі заман бір жұмысқа, бір жалақыға қарап отыратын заман емес. Біз жастармыз, сол себепті үнемі ізденісте болуымыз қажет. Осы орайда екеуміздің ойымыз бір жерден шығатыны қуантады» — дейді жас отбасы.

Халық арасында «Үйлену оңай – үй болу қиын» — деп жатады ғой. Екі жастың отбасын құрып, жанұялық өмірге қадам басуы оңай шаруа емес. Сол себепті қасыңда қолдап, қиын шақта демеп жіберетін адамдардың болуы маңызды. Осындайда екі жасты қолдап, сенім білдіретін жастардың ата-анасы бар. «Біз ата-анамызбен бірге тұрамыз. Олар бізге үнемі демеу болып, әр нәрседе қолдау білдіреді. Қолдап қана қоймай, жаңа идеялар ұсынып отырады. Ата-анамызбен тұратынымызға қуанамын. Ол кісілерден үйренерім әлі көп. Мен мақтаулы келін, бақытты жар, аяулы ана атануға бар күш-жігерімді салатын боламын» — дейді жас келін.

Қазіргі жастардың көбінің бүйрегі ауылдан гөрі қалаға бұрып тұратыны өтірік емес. Осы орайда екі жасқа «Ауылда тұрған ұнайды ма? Қалаға көшу жоспарда жоқ па?» деген сұрақ қойған болатынмын. «Екеуміз де қалаға көп шыдай алмаймыз. Ауылымызға еш қай жер жетпейді» — деп екі жас та бір ауыздан көшу жоспарда жоқ екенін білдірді. Ауылымызды көркейту жолында қызмет етіп, аудан халқына өз көмектерін тигізгісі келетін екі жас өздерінің еңбекқорлықтарының арқасында әлі де талай биіктерді бағындырары сөзсіз. «Отбасы құрардан бұрын да көптеген жоспарларымыз болған. Соларды жаймен іске асырып жатырмыз. Болашақта басқа жоспарларымызды қолданысқа тартып,  осымен бір орында тоқтап қалмаймыз деп ойлаймыз» — дейді олар. Бахтияр мен Әйгерім – жас та болса басқаларға үлгі боларлықтай керемет жұптардың бірі. Жас отбасыға тек қана жақсылықтар тілейміз. Кішкентайларыңыз көбейіп, көп балалы, үлгі тұтар мерейлі отбасыға айналуларыңызға тілектеспіз.

 

Айбарша ЛЕКЕРОВА,

Шыңғырлау ауданы