12.03.2021, 18:14
Қараулар: 126
Жәрдемақы жәрдем бола ма?

Жәрдемақы жәрдем бола ма?

Соңғы кезде елімізде «кедейлік шегі» деген ұғым пайда болып, тіпті жиі айтылып жүр.Оның нақты мөлшері де белгіленіпті, 24 011 теңге. Алдағы уақытта кедейлік шегі бұрынғыға қарағанда тағы 12 немесе 14 пайызға өсуі мүмкін деген болжам айтылуда. Қандайма алпуыт елдердің өзінде де «аласы да құласы да бар» дегендей, ауқаттысы да, сонымен қатар, тұрмысы төмен тұрғындардың да қалыптасуы шартты құбылыс. Сол себепті ел басқарғандардың ең басты міндеті-халықтың әл-ауқатын атттыру. Әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу және дер кезінде көмек беру. Біздің елімізде тұрмысы нашар, әлеуметтік аз қорғалғандар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі немесе жалғызылікті, күн көріс деңгейі төмен жандардың жағдайларын жақсарту үшін арнайы заң жұмыс істейді. Заң бойынша, жоғарыда айтылған тұлғаларға сан түрлі бағдарламалар арқылы пайызы төмен несие беріледі. Жеке кәсіппен айналысуға немесе өзінөөзі жұмыспен қамту үшін азды-көпті гранттар бөлінеді. Оған қоса әр түрлі жәрдемақылар тағайындалады. Сөйтіп, халықтың тұрмыс-тірлігін жеңілдету қарастырылып келеді. Жәрдемақы-ол кез келген мемлекеттің халқын әлеуметтік қорғауы мен қамсыздандырудың бір түрі болып табылады. Және заманына қарай оның мөлшері өзгеріп отыруы заңдылық. Заң аясында бекітілген ережеге сәйкес, жәрдемақы қажет болған адам оған қол жеткізуі ләзім. Бұл ҚР  Конституциясының 28 бабы 1 тармағында нақты көрсетілген. Елімізде осы жәрдемақы деп аталатын көмектің үш түрі бар. Бұлар:мүгедектерге берілетін, асыраушысынан айырылуына байланысты тағайындалған және жасына байланысты тағайындалатын жәрдемақы. Тағы бір ескере кететін жәйт-адам бір мезгілде осы аталған әлеуметтік жәрдемақының барлық түріне де алуға тиесілі болса да, оның таңдауы бойынша бір ғана көмек түрі бекітіледі.

Еске сала кетейік, 2020 жыл елімізде біз күтпеген қиындықтарымен есте қалды. Бейқам жатқан елге індет болып кірген коронавирус есеңгіретіп, бір сәтте дүрбелең туғызардай күй кештірді.Сол шақта біреулері аурумен алысса, бірі бизнесін қорғап әлек болды, енді бірі күнделікті ішер асқа жарымай, балаларын баға алмайтындай күн кешкендері жанға батса да шындық. Осы кезде көпшіліктің көңіліне демеу болған Үкімет тарапынан жасалған бір қадам-уақытша берілген жәрдемақы.Бұл жәрдемақының жыры көп болса да, әрі ауыз толтыратындай мөлшерде болмағанымен, қаражаттың жүрек жылытқандай әсерін айтпай кетпеуге болмас. Десек те, дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп жүрген үлкен мемлекеттің қауқарының мардымсыз болғаны айтылып та, жазылып та жүр. Сол кезде әлеуметтік жәрдемақы көбейеді деген ақпарат салы суға кеткендердің иықтарын бір көтергендей болды.

Міне, көптен күткен жәрдемақы өсіміне талайдың қолы жетіп, енді ғана көңілін бірлесе де болар еді. Амал нешік, жәрдемақы  жетті дегенше азық-түлік те, алатын дәрі-дәрмегің,  тіпті жол ақысы да қымбаттап сала бермеді ме?

Сөйтсек, қарапайым халыққа жеткілікті тілмен айтқанда:2021 жылы ең төменгі жалақы 42500 теңге деп саналады-мыс. Ал базалық  әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге, кедейшілік бағамы 24 011 теңге болып есептелінген. Зейнетақы 7 пайызға өсті. Көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшерін айтсақ, төрт балаға 46 760 теңге, бес балаға 58 457 теңге, алты балаға 70 154 теңге, жеті балаға 81 852 теңге, сегіз және одан да көп балалыға 81 852 теңге және жетінші баладан кейінгі әр балаға 4 АЕК қосылады делінген. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне былтыр 17 779 теңге төленсе, биыл 18 669 теңге деп есептелінуде.

Ауданымызда 430-ға жуық мүгедектер тіркелген, оларға мемлекетіміз жәрдемақысын 5 -ақ пайызға өсіріпті. Нақтырақ айтсақ, І топтағы ересек мүгедектер  былтыр 62 723 теңге алса, биыл 65 860 теңге болыпты, ересек жастағы ІІ топтағы мүгелдектерге былтыр 49 983 теңге алған болса, биыл 52 483 теңге алып отыр. Ал ІІІ топ мүгедектеріне биылдан бастап 35 675 теңге жәрдемақы төленеді.

Мақаламызды жазу барысында ауданымыздағы бірнеше адамның пікірін қосуды жөн көрдік. Мысалы 64 жастағы Сайра Рзиева, зейнеткер. Екінші топ мүгедегі, 70 жастағы қайнағасын бағып отырған жайы бар. Қайнағасы 45 жылдан бері науқас. Оған бас-көз болып отырған жанның бүгінгі таңда мүгедектігіне берілетін жәрдемақының 5 пайызға өскенінен  келіп-кетер ештеңе жоғын айтады. Небары екі-ақ мың қосылған теңгеге мүгедек жандар қосымша күтім де жасата алмайды, немесе толтырып, тағам да сатып ала алмайтындығын  айтады. Тіпті пандемия кезінде қарауындағы мүгедек жанның тегін алатын дәрісі біздің дәріханада болмай, дәрігерлердің нұсқауымен басқа дәрімен ауыстырған. Одан науқастың жағдайы нашарлап, ендігі кезекте дәріні облыс орталығына аяқтай барып, әкелуіне мәжбүр. Күтіміндегі адамды ұзақ уақытта тастай алмайтындықтан таңдағы ерте шығатын шаран-көлікке мініп, тез арада тағы таксимен үйге қайтамын дейді Сайра апамыз. Сонда ай сайын жол жүруге- шаранға 4000 теңге, қала ортасында жүретін таскиге, тамағына, автобусына кемінде 3000 теңге, сонда барлық шығына 7-8 мыңдай қаражат жұмсайды. Оған қоса, күніне 2-3 рет талмасы ұстайтын адамның памперсін қосыңыз… Облыс орталығындағы «Талап» дәріханасынан әкелетін басқа дәрілерін айтпағанның өзінде, «Бензонал»-4000 теңге, «Сениобиттотан»-1500 теңге, тұрады. Мүгедектерді сенделтпей, қажет дәрілерді неге біздің дәріханаға әкеліп қоймасқа деген ойын айтады.

Тағы бір аудан тұрғыны Күлән Бикееваны тыңдасақ жасы ұлғайған анасына қарасуда. Көз жанары солған қарт анасын күтіп бағуда. Өзі зейнеткерлікке шықсада Күләннің әлі де жұмыстан қол үзуге шарасы жоқ. Зейнетақысының аздығынан әлі де еңбектен қол үзбей жүр. Себебі бар тапқаны үй- ішін асырауға, үйдің несиесін төлеуге жұмсалады. Анасы  кезінде 6 баланы өсіріп, жетілдірген. Әйтсе де, құжаттарын реттей алмағандықтан тек қана 4 баламен зейнеткерлікке шығыпты. Алатын зейнетақысы дәрі-дәрмегінен, керек-жарағынан артылмайды. Қызының қолына қарап қалған ананың зейнетақы өседі деп қуанғанымен, мардымсыз екендігіне көңілі пәсейген. Десек те бастарының амандығына шүкірлік айтқаннан басқа амал жоқ. Жұрт қатарлы өмір сүруде.

Атын айтуды жөн көрмеген 5 баланың анасы, әрі асыраушысынан айырылған  тұрғынның айлық кірісін есептесек, бес бала үшін алатын 58 мың теңгесінің 11 мыңын көгілдір отынды тұтынғаны үшін, ай сайын 5 500 теңге электр жарығына, 500 теңге суға, 20 000 теңгесін сабақ оқу үшін балаларға алған екі смартфонның несиесін жабуға, ай сайын телефон бірліктерін толтыруға 7 мың көлемінде қаражат шығындайтынын шыртылдатып тұрып есептеп берді. Ал еден жуып табатын 40 000 теңгесі тек қана азық-түлік алуға жұмсалып, оның өзі де жеткіліксіз болғандықтан, қарызға алып ай соңында әзер жабады.  Ал, жол жүру, киім-кешек, баласы бар үйдің аяқ киімін айтпағанның өзінде тұрмыстық керек-жарақтары ше?

Ал зейнеткерлерге қосылған 7 пайыз туралы сұрағанымызда, «А» есімді ақ жаулықты әжеміз, алатын 81 мыңды екі немересінің оқуына, киіміне беретіндігін, сонымен бірге  қорадағы малдың жем-шөбіне зейнетақы қаражатымен көмек етіп отырғандығын тілге тиек етеді. Әйтпесе өз отбасы бар ұлының 90 мың айлығы 3 баланы асырауға жетпейтіндігін алға тартты.

Міне, бұл жәрдемақы қосылды деген бойда, әлеуметтік жағынан аз қорғалған жандар мен тұрғындардың жай-күйін осылай бағамдаған түріміз. Әрине, көпшілігі тек қана жәрдемақыға қарап отырған жоқ, қосымша табыс тауып, құс асырап, мал ұстап күн көрісін жақсартумен айналысуда. Дегенімен де ең қиыны, шаруасын оқсатып, мал, құс ұстауға жағдайы көтермейтін, өздігінен жүре алмайтын, ас-суын сатып алмақ түгілі, әзірлей алмайтындар үшін жәрдемақының жәрдемі мүлдем байқалмайды. Жәрдемақы қосылды деп жалаулатып жазғанымыздан не пайда, онысызда жаны жаралы жандардың көздеріндегі мұңды көрсек. Ал мүгедектігін рәсімдей алмай, немесе мерзімін ұзарта алмай жүргендер қаншама?

Жәрдемақысы қосылған көп балалы отбасылар үшін де келіп-кетер ештеңе жоқтай. Бұл ретте,әр баланың дені сау боп өсуі үшін құнарлы тағам, ой-қабілеттің дамуы үшін жеміс-жидек, шырындар  күнделікті  пайдалану қажет екендігін ескерсек. Сөйтіп, көп балалы аналардың  жәрдемақысын есептей келе олардың  дүкен сөрелерінен қажетін толтырып алатындықтарына күмәніміз бар. Оның үстіне, дүкендердегі баға күн санап өсіп, тіпті әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрінің өзі де  тұрақты бағамын жоғалтуда. Демек, жәрдемақының  жәрдем болмасы анық.

Ресейлік көпбалалы аналарға  «Материнский каптитал» атымен қомақты жәрдемақы көп жылдар бойы   төленіп келеді. Бұл қаражат баспана салуға, баланың оқуына, жағдайын туғызуға үлкен көмек. Тіпті  АҚШ Президенті Д. Байденнің өзі де  пандемия шарпыған соң елінде отбасылардың 82 пайызы көмекке мұқтаж екендігін анықтап, енді әрбір американдыққа 1400 доллар көлемінде бір реттік жәрдемақы төлеуді ұйғарды. Өкінішке орай, біздің Сенат депутаттары көтерген әр бала үшін 4 жарым млн.туралы ұсыныс орындалмайтыны түсінікті болды. Ал, Ата Заңымызда «еліміздің ең құнды байлығы-адам» деп алтын сөздермен жазылғанын білгенімізбен, өмірдегі шындық осындай…

                                                                                                              Айсұлу АРЫСТАНОВА,

Шыңғырлау ауданы