4.08.2021, 17:29
Қараулар: 109
Жәрмеңкеде шөп сатылды

Жәрмеңкеде шөп сатылды

Ауыл тұрғындары үшін бүгінгі уақыт — қысқы мал азығын дайындайтын нағыз  қауырт кезең. Қолында техникасы бар адамдар, жаз бойы шабындықтарда  шөп шауып,  оны ауласына жиса, ал біреулері қол жетімді бағаға  мал азығын сатып алу қамымен жүр. Осы мәселеге аса мән берген әкімдіктер халыққа жағдай туғызу қажеттігін түсінген.

Жақында Шыңғырлау ауылдық округінің  ұйымдастыруымен аудан орталығында жәрмеңке өтті. Бұған дейін ауыл шаруашылық тауарларының жәрмеңкесі  жиі ұйымдастырылып келсе, бұл жолы сатылымға тек қана шөп шығарылды. Шыңғырлау ауылының Қуантаев көшесінде оздырылған мақсатты шарада  «Ақсоғым», «Усманғалиев», «Абдуғалиев» шаруа қожалықтары, «Шыңғырлау» ауыл шаруашылық кооперативі және жеке кәсіпкер Есенжан Каланчуков  шөпті арзандатылған бағамен халыққа ұсынды. Нәтижесінде барлығы 160 рулон шөптің әр данасы 4000 теңгеден сатылды.

Жәрмеңкеге келіп шөбін сатып оны қаражат қылғандар да, арзан бағамен шөп сатып алған тұрғындар да аталған  шараның өздері үшін қолайлы әрі пайда көзі болғанын айтады.

                                                                                                                                     А.МУСА

Шыңғырлау ауданы